Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.17.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Бейсенбі күнгі жарық көрген басылымдарда белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділовтың қазасына байланысты мақалалар жарық көріпті. Кейбір тәуелсіз басылымдар З.Нұрқаділовтың сүйегінің қай жерден шығарылатындығына байланысты, ресми билікке жақын телеарналар мен басылымдардың ешқандай ақпарат бермегендігіне қарамастан, белгілі оппозиционерді соңғы сапарға шығарып салуға нөпір халықтың жиналғандығын хабарлапты.

“Түркістан” газетінде саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың қайғылы қазасына орай жазылған Дидахмет Әшімханұлы мен Көлбай Адырбекұлының қазанамасында оның қолға алған ісіне батыл кірісетін, ұлттық мүддеге келгенде белден де басып жіберетін мінезінің бар екендігі айтылыпты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алма-Атаның әкімі болып келгенде, қала атын Алматы деп өзгерту үшін Заманбек Нұрқаділов бар күш-жігерін салыпты. Сондай-ақ мақалада қала аудандарының әкімдерін негізінен жергілікті ұлт өкілдерінен тағайындап, олардың қолдарынан іс келетіндігін өзгелерге танытқан да Заманбек Нұрқаділов екендігі тілге тиек етіліпті. Қазанаманы жазушылар Заманбек Нұрқаділовтың “Түркістан” газетінен де өз көмегін аямағандығына тоқталып, кезінде оның Балық шаруашылығы министрлігіне қарасты басқармасының екі қабатты үйін редакция есебіне көшіруге көмектесіп, екі-үш көлігін және тілшілерге бес пәтердің кілтін ұстатып, ана тіліне деген жанашырылық танытқандығын мысалға келтіріпті.

“Ана тілі” газетінде жарық көрген ақын Мырзан Кенжебайдың Заманбек Нұрқаділовке арналған қазанамасында оның ұлт жанашырларының бірі болғандығы айтылыпты. Сондай-ақ, “Ана тілі” басылымы Заманбек Нұрқаділовтың өнер мен мәдениетті, әдебиетті, әсіресе поэзияны қатты сүйгендігіне тоқталып, оның Шығыс ақындарының аударған өлеңдерін жариялапты.

“Время” газетінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде лауазымы жоғары қызметтерді атқарған Заманбек Нұрқаділовтың өлімін тексеру үшін құқық қорғау орындарына тапсырма бергендігі және оны өзінің жеке бақылауына алғандығы баяндалыпты. Сондай-ақ аталмыш басылымда Заманбек Нұрқаділовтың ұлы Қайраттың әкесінің өлімін саудаға салмауды сұраған өтініші беріліпті.

“Свобода слова” басылымында “Закең қаза тапты” деген тақырыппен мақалалар топтамасы ұйымдастырылыпты. Атап айтқанда, басылым бетінде Заманбек Нұрқаділовтың «бекерден-бекер мен қаза таппаймын, алайда Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кетуі үшін жанымды қиюға әзірмін» деген сөздері беріліп, белгілі оппозиционердің соңғы уақыттары сөйлеген сөздерінен үзінділер жарияланыпты. Сондай-ақ “Свобода слова” газетінде жарық көрген сараптамалық мақалада Заманбек Нұрқаділовтың жұмбақ өліміне байланысты көптеген күдік туғызатын тұстардың бар екендігі айтылыпты. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы Заманбек Нұрқаділов қаза тапқан кезде билікке жақын телеарналардың оны өзін-өзі өлтірді деп көрсетуге тырысқанын және мемлекет басшысының қызы Дариға Назарбаеваның «бұл өлім - радикалды оппозицияға ғана тиімді» деп мәлімдегендігін мысалға келтіріпті. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, белгілі журналист Асхат Шәріпжановтың өлімінен кейін де билік тарапынан осыған ұқсас қадамдар жасалған.

“Жас Алаш” басылымында жарық көрген Жұлдыз Әбділданың “Халық қазаның қайдан болғанын білгісі келеді” атты мақаласында ресми телеарналар мен бұқаралық ақпарат құралдары Заманбек Нұрқаділовтың мәйтінің қай жерден шығарылатындығы туралы ақпарат бермегендігіне қарамастан белгілі оппозиционерді соңғы сапарға шығарып салуға нөпір халықтың жиналғандығы баяндалыпты. Сонымен қатар мақалада Заманбек Нұрқаділовтың қазасы туралы кейбір басылымдардың жалған ақпарат таратқандығы туралы деректер келтіріліпті. Мақала авторының айтуынша, “Айқын” газеті Нұрқаділов қаза табатын күні кешкі сағат алтылардың шамасында әйелі Мақпал Жүнісованың сіңілісі Маралға телефон шалғандығы туралы көріністердің сол күнгі бейнежазбаларда бар екендігі туралы деректер келтірілген. Осы мәселеге байланысты “Жас Алаш” басылымы Мақпал Жүнісованың адвокаты Серікқали Мусинге хабарласқанда, ол кісі мұндай деректерді бірінші рет естіп отырғандығын айтыпты. Сондай-ақ «Айқын» газетінің «Заманбек Нұрқаділов республикадағы бірде-бір оппозициялық құрылымға мүше емес» деген сыңайдағы ақпарат таратуы шындыққа сай емес екендігін жазады «Жас Алаш» басылымы.
XS
SM
MD
LG