Accessibility links

Қазақстандағы билік пен оппозиция арасындағы текетірес

  • Досан БАЙМОЛДА

Қарашаның 17-сі күні Астанада баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстан ішкі істер министрі Бауыржан Мұқамеджанов елдегі кейбір саяси қайраткерлер қоғамда қалыптасқан қалыпты тіршілікті, жағдайды бұзу үшін арандату шараларын жоспарлап отырғандығы, тіпті, оппозицияның кейбір жетекшілерінің заң мекемелері қызметкерлерін параға сатып алуға талпынып, оларды өз жақтарына тартуға, бірлесіп жұмыс істеуге талпыныс жасап отырғандығы туралы ақпараттар барлығын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Қазақстанда радикалды күштердің халықты жаппай қамтыған тәртіпсіз жағдайға бастау үшін арандатушы топтарды құрып, оларды қаруландыруға қамданып жатқандығы туралы ақпарат барлығын айтты.

ҚР ішкі істер министрі Б.Мұқамеджанов Қазақстанда қоғамдық саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған кез-келген әрекетке ішкі істер органдары қатаң тосқауыл қоятындығын қатаң ескертті. Бұдан бір күн бұрын осыған ұқсас, мазмұндас мәлімдеме Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы Нұртай Дүтбаевтың да ауызынан шыққан болатын. Алайда, қарашаның 18-і күні Алматыда Қазақстан президентігінен үміткер Ж.Тұяқбайды қолдау жөніндегі орталық штаб биліктің күш құрылымдары басшыларының осы мәлімдемелеріне байланысты өз мәлімдемелерін таратты.

Онда Ж.Тұяқбайдың сайлауалды блогына кіретін орталық штаб, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы және саяси партиялар мен қозғалыстар Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған, конституцияға қарсы сипаттағы акциялар мен іс шараларды өткізген де емес, жоспарлаған да емес, жоспарламайды да. Ал егерде оппозицияның атын жамылып әртүрлі масштабтағы кез келген арандатулар болуын жоққа шығара алмаймыз. Ал оған Қазақстан оппозициясы біз жауап бермейміз, ондай іс әрекетті жасаушылар өздері жауап берулері керек делініпті.

Ж.Тұяқбайдың сенімді өкілі әрі оның сайлау штабының бастығы Төлен Тоқтасынов егерде ішкі істер министрінің қолында нақты мәліметтер бар болса онда оны ашық айтсын міне мынандай оппозиция жетекшілері елде төңкеріс жасауды жоспарлап соған дайындалып жатыр , әйтпесе ондай мәлімдемелер жасаған лауазым иелері өз жұмыстарынан кетулері керек деген пікір айтты.

Ал осы Ж.Тұяқбайдың қоғамдық штабының бастығы Болат Әбілов, оппозиция қолында да биліктің ұйымдастыруымен Шымкент арқылы Өзбекстаннан қару жарақ сатып алып оны оппозиция жасаған екен Ж.Тұяқбай өзінің туып өскен елінде осы қаруларды халыққа таратып, көтеріліс ұйымдастырмақ болыпты деген арандату жоспары бар екендігін айтты.

«Егерде ішкі істер министрі елдегі тәртіпті сақтауға аса мүдделі болса, онда оппозиция жетекшілеріне қарсы Шымкент, Өскемен, Атырау қалаларында орын алған тәртіпсіздіктерді жасаушылар мен оны ұйымдастырушыларды неге іздемейді оларға қарсы неге қылмыстық іс қозғамай отыр?» - деген сауал қояды Б.Әбілов.

Ж.Тұяқбайды қолдау жөніндегі орталық штабы өз таратқан мәлімдемесінде қалыптасқан қәзіргі жағдайды ескеріп және күш құрылмдары басшыларның мәлімдемелеріне қатысты президенттіктен үміткер Ж.Тұяқбайдың қатысуымен Қазақстан Республикасы қауіпсіздік кеңесінің төтенше жиналысын өткізу қажет деп есептейтіндіктерін білдірген.
XS
SM
MD
LG