Accessibility links

ҚР Президенттігіне кандидаттардың арасындағы телепікірсайыс халықтың көңілінен шықты ма?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қарашаның 17-сі күні кешкі сағат алтыдан жетіге шейін “Хабар” мемлекеттік телеарнасында Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ҚР президенттігіне кандидаттардың телепікірсайысы болды. Телепікірсайысқа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан басқа ҚР президенттігіне төрт кандидат: Жармахан Тұяқбай, Әлихан Бәйменов, Мэлс Елеусізов және Ерасыл Әбілқасымов қатысты.

Ал, осы телепікірсайыс өткізілген кезде Алматының кейбір үлкен аудандарында жарық сөніп қалып, қаладағы мыңдаған адамдар оны көре алмапты. Мысалы, “Мемлекеттік тілге құрмет” атты қоғамдық ұйымның басшысы Асылы Әли Османқызынан осы телепікірсайыс туралы пікірін сұрағанымызда, жарық сөніп қалғандықтан көре алмағандығын айтып өз өкінішін білдірді.

“Әділетті Қазақстан” қозғалысы белсенділерінің бірі саясаткер Болат Әбілов жұма күні “Азаттық” радиосына, 17 қараша күні телепікірсайыс басталған кезде Алматы қаласының бірнеше үлкен аудандарында жарықтың сөніп қалғандығынан хабардар етті. Болат Әбілов бұл оқиғаға биліктің тікелей қатысы болуы ықтимал деп есептейді. Саясаткер Дос Көшімнің пікірінше, бұл өткізілген телепікірсайыстың уақыты тым тығыз болғандықтан, оған қатысқан үміткерлер өздерінің айтқысы келген ойларын толық жеткізе алған жоқ. Ал, бұл өткізілген телепікірсайыс сенатор Зәуреш Батталованың көңілінен шығыпты. Өйткені осы телепікірсайыстың арқасында қалың жұрт Жармахан Тұяқбайдың ғана шын мәнісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың қарсыласы екендігін аңғарған.

“Жұма таймс” газетінің тілшісі Бақыткүл Мәкімбайдың пікірінше, бұл телепікірсайыс демократиялық елдердің заңына сәйкес өткізілген жоқ. Оның себебін Бақыткүл Мәкімбай ҚР Президенттігіне үміткерлердің бірі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да осы телепікірсайысқа қатысуы керек екендігімен түсіндірді. Бақыткүл Мәкімбайдың айтуынша, бұл телепікірсайысқа Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ та болып жатқан, елдің арасында “Қазақгейт” деген атымен белгілі сот процесіне қатысты қойылатын сұрақтарға жауап бергісі келмегендіктен қатыспай қалды.

Ал, журналист Айдос Аманбай телепікірсайыстың уақыты қарапайым жұрт көре алмауы үшін, әдейі адамдар жұмыстан үйлеріне қайтатын мерзімге қойылған деп есептейді.

Жұма күні жарық көрген кейбір ресми ақпарат құралдары, барлық кандидаттар өздеріне берілген тікелей эфир уақытына еркін сыйды, ал телепікірсайыстың өзі байсалды және тілектестік жағдайда өтті деген сыңайдағы мәлімет таратты.
XS
SM
MD
LG