Accessibility links

Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті сайлауға араласа ала ма?

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Жұма күні қазақстандық оппозициялық басылымдардың бірі – «Эпоха» газетінде жарияланған мақалада Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облыстық департаментінің бастығы бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес, комитет қызметкерлерінің елдегі президент сайлауы науқанына тікелей араласып, оппозиция өкілдерінің әрекетін бақылауда ұстау жөніндегі нұсқау берілгені жайлы ақпарат саясаткерлер мен саясаттанушылар назарын аударып отыр. Ал ҰҚК-нің өкілдері бұл құжаттың жалғандығын айтады.

ҚР ҰҚК-нің елдегі президент сайлау науқаны барысындағы ісіне орайғы құжаттың оппозициялық басылымда жарық көргені таңданыс тудырмаса да, аталған құжаттың өзі сарапшылар тарапынан кереғар пікірлер туғызып отыр. Президенттіктен үміткер, «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың сайлау штабының басшысы Төлен Тоқтасынов ҰҚК сынды басқа да органдардың сайлау науқанын тікелей бақылауда ұстап отырғанына күман туғызбайтын деректердің көбейе бастағанын айтады. Төлен Тоқтасынов бұған нақты бір дәлел ретінде 19-қараша күні Алматы қалалық сайлау штабтарына кім кіріп, кім шығып жатқанын бейнетаспаға түсіріп отырған құқық қорғау қызметкерінің ісін прокуратураға тапсырғандарын келтіреді.

Оппозициялық басылымда жарық көрген ақпаратқа орай ҚР ҰҚК-нің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаровқа хабарласқанымызда, ол әлгі құжаттың жалған екенін және оған байланысты ұстанымдарын ҰҚК сайтында жариялағандарын айтты.

«Және де жалған құжатты жариялаған басылымды сотқа беруді ойластырамыз», - деді ҚР ҰҚК өкілі К.Бекназаров мырза.

Ал саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам аталған құжатты оппозициялық басылым қандай да бір дерекке сүйеніп жариялаған деген пікірде.

«Жалпы бұл мәселе азаматтардың сайлауға деген сеніміне селкеу түсіреді», - дейді ол.

Сондай-ақ саясаттанушы Болатхан Тайжан өз басы ҰҚК қызметкерлерінің сайлау істеріне араласатындығына күманданбайтындығын айтады.

«Ал 19-қарашада Өскеменде «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаеваның айтқан, елдегі оппозициялық топтар сайлау қортындысына деген наразылығын халықты алаңға шығару арқылы білдіреді деген пікірімен келіспеймін, ондай істерге оппозицияның мүмкіндігі де жоқ. Сондықтан, осындай елді әрі-сәрі күйге қалдыратын негізсіз мәлідемелер сайлаудың әділ өтуіне кері әсерін тигізуі мүмкін», - дейді Болатхан Тайжан.
XS
SM
MD
LG