Accessibility links

Қазақстандық оппозиция өкілдері өздеріне қарсы әрекеті үшін заң орындарын айыптап отыр

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Өткен аптада Қазақстанның заң органдары басшыларының елдегі оппозиция жетекшілерінің халықты алаңға шығарып, толқулар ұйымдастырмақ деген мәлімдемелеріне байланысты оппозициялық «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының өкілдері мұндай шараларды оппозиция атынан биліктегілердің өзі жасауға әрекеттеніп отырғаны жөнінде деректер бар дейді.

ҚР президенттігінен үміткер, «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың сенімді өкілі, Алматы қалалық сайлау штабын басқаратын Асылбек Қожахметов:

«Қазір заң органдарының басшылары оппозицияны халықты түрліше толқуларға бастаушы күш ретінде көрсетуге тырысып жатыр, бірақ өз кезегімізде біз де олардың әлгіндей оппозиция атынан ұйымдастырмақ болып отырған әрекеттерін әшкерелеуге дайынбыз. Мәселен, олар желтоқсан айының басында Алматы қаласындағы ірі деген дүкендерге халықтың шабуылын ұйымдастырып, тонаушылық әрекеттерін жасатып, бұл заңсыздықты оппозиция өкілдеріне жаппақ деген деректер бар бізде. Яғни, елдегі оппозицияның халық арасында толқулар туғызатындығы жөнінде алдымен жалған ақпаратты сенімді түрде таратып, сосын ол толқуларды оппозицияның қолымен заң органдары жасамақ ниеті бар», - дейді.

Ал ҚР президенттігінен үміткер, «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың сенімді өкілі әрі сайлау компаниясының басшысы Болат Әбілев сайлау науқаны барысындағы өздеріне қатысты заң бұзушылық әрекеттер мен қысымдардың көпшілігі құқық қорғаушылар тарапынан болып жатқанын айтады.

Сондай-ақ Болат Әбілев қарашаның 19-күнгі Алматы қалалық сайлау штабтарын бейнетаспаға түсіріп отырған қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерінің ісі әшкере болғанын айтады. Ал бұл мәселеге орай «Азаттық» радиосына хабарласқан Алматы қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің аты-жөнін атамаған қызметкері аталған жайтқа байланысты мәлімет тіркелмегендігін айтты.

Алайда ҚР президенттігінен үміткер, «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың сенімді өкілі әрі Алматы қалалық сайлау штабын басқаратын Асылбек Қожахметов бұл іске заң қызметкерлерінің тікелей қатысы барлығы дәлелденіп, тиісті органдарға шағым түсіргендігін жеткізді. Және де Асылбек Қожахметов бұл елдегі барлық заң қызметкерлерінің сайлау науқанын қатаң бақылауға жұмылдырылғанының көрінісі дейді.
XS
SM
MD
LG