Accessibility links

“Благовесть” қорының Н.Назарбаевты қолдауға шақырған жарты миллион дана үнпарақшасы заң талабына сәйкес пе?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алдағы президент сайлауында дауыс беруге шақырған, жарты миллион дана үнпарақшаны Қазақстандағы орыс қауымдастығының ұлттық-мәдени “Благовесть” қоғамдық қоры шығарған. Алайда, қордың бұл үнпарақтарды шығаруы заңға қайшы әрекет ретінде бағалануы мүмкін дейді сарапшылар. Қор өкілдерінің айтуынша, бұл үнпарақшалар қордың қаржысына басылып шығып, Алматы қаласында таратылған екен. Қазақстан заңы бойынша үміткерге қолдау танытуға шақырған үгіт-насихат материалдардың бәріне де тек қана президенттікке кандидаттың сайлау қорының қаржысынан ғана төленуі тиіс.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты қолдауға шақырған жарты миллион дана үнпарақшаларда оның “Благовесть” қоғамдық қорының қаржысына шығарылғандығы көрсетіліпті. Осы үнпарақшаларды басып шығаруға мұрындық болған Қазақстандағы орыс қауымдастығының басшысы Юрий Бунаков сейсенбі күні “Азаттық” радиосына берген түсініктемесінде, “Блоговест” қорының бұл үнпарақшаларды басып шығаруға қатысының бар екендігін растады. Сондай-ақ Ю.Бунаков мырза өз сөзінде бұл үнпарақшаларды басып шығару үшін Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау жөніндегі штабтан қаржылай көмек көрсетілгендігін де хабарлады.

«Ия, расында да бұл үнпарақшалар Қазақстан президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау жөніндегі штабтың қаржысына басылып шықты. Біз бәрін де заң жүзінде жасадық. Бір өкініштісі, жұртты бұл үнпарақшалардың қалай жазылғандығы емес, оны кімнің қаржыландырғандығы ғана қызықтыратын секілді. Қазақстан президенттігіне кандидаттардың бірі Н.Назарбаевты қолдау жөніндегі штаб “Благовесть” қорына қаржы аударғаннан кейін, біз бұл үнпарақшаларды басып шығардық”, - деді Қазақстандағы орыс қауымдастығының басшысы Юрий Бунаков.

«Азаттық» радиосы осы мәселеге байланысты Қазақстан президенттігіне кандидат Н.Назарбаевты қолдау штабының Алматы қалалық бөлімшесіне хабарласқан еді. Оның қызметкері Сағымбай Қозыбаев штабтың Алматы қаласында таратылған “Благовесть” қоғамдық қоры басып шығарған үнпарақшаларға ешқандай да қатысы жоқ дегенді айтты.

Алматы қалалық сайлау комиссиясының мүшесі Ерғали Сағат болса сейсенбі күні “Азаттық” радиосына берген түсініктемесінде, бұл орын алған оқиғаға байланысты қалалық сайлау комиссиясы Алматы қалалық прокуратурасына ресми түрде сұрау салғандарынан хабардар етті. Бірақ, сол күні «Азаттық» тілшісіне берген жауабыда Алматы қалалық прокуратурасының басқарма бастығы Бауыржан Мақұлбаев өздеріне мұндай істің түспегендігін айтты.

Ал “Жетісу” казак қауымдастығының басшысы Геннадий Беляков дәл қазіргі уақытта орыс қауымдастығының бұл мәселеге араласуының қажеті жоқ еді деп есептейді.

«Өзінің мұндай әрекетімен Юрий Бунаков президентті ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр. Әрине, Қазақстанның барлық азаматтарының кімді қолдаймын десе де еркі бар. Бірақ, олар заңды сақтап, өз әрекеттерін кандидаттардың штабтары арқылы жүзеге асыруы тиіс еді”, - деді Генадий Беляков.

Өз сөзінде Беляков мырза, ел ішінде президентті қолдау мақсатында жасалып жатқан кейбір шаралар керісінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың беделіне үлкен нұқсан келтіру мүмкін деген пікір айтады.
XS
SM
MD
LG