Accessibility links

Ирақ президеті Ж.Талабани 3 күндік сапармен Иранда жүр


Ирақ президенті Жалал Талабани 3 күндік сапармен Теһранда жүр. Ж.Талабани - Иранға 40 жылдан кейін сапарға барған алғашқы Ирақ президенті болып отыр. Теһранға сапары кезінде ол Иран президенті Махмуд Ахмадинеджадпен және Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеймен келіссөз өткізді. Ж.Талабани сонымен қатар Иранның сыртқы істер министрі Манучир Моттақимен жүздесуге тиіс. Ресми Вашингтонның Иранды “Ирақтың ішкі істеріне килікті” деп айыптуына қарамастан, Иран-Ирақ қарым-қатынастары өркендеп келеді.

Осы дүйсенбі күні Ирақ президенті Жалал Талабани Иранды “туысқан ел” деп атап, Теһранға өзінің екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету және Ирақтағы терроризмнің тамырына балта шабу үшін Ираннан көмек алу үшін келгенін мәлімдеді.

“Иран Ислам Республикасының президенті атап көрсеткендей, Ирақтың өркендеген әрі тәуелсіз ел болуына – жалғыз Ирақ үкіметі ғана емес, Иран халқы да аса мүдделі. Мен Иран халқы бізге террористік іс-әрекетерді түп-тамырымен жоюға міндетті түрде көмек береді деп ойлаймын. Өйткені, сіздер білесіздер, лаңкестер енді шийттерден бастап, күрдтерді және өз дегеніне жүрмеген Ирақтың өзге ұлтына қарсы жорығын бастады”, - деді Ирақ президенті Талабани.

Өз кезегінде Иран президенті Махмуд Ахмадинеджад “Теһран мен Бағдадтың екі бөлек тәнінде бір - ортақ жаны бар” деп атап көрсетіп, Иран Ирақты тәуелсіз әрі дамыған ел ретінде көргісі келеді деп мәлімдеді.

“Ирақ халқының ұлттық егемендігі мен территориялық біртұтастығын нығайтатын саяси процесті біз толық қолдаймыз және Ирақтың тәуелсіз де дамыған елге айналуын қалаймыз”, - деді президент М.Ахмадинеджад.

Теһранда бірлесіп ұйымдастырған баспасөз-маслихатында Ж.Талабани мен М.Ахмадинеджад екі елдің барлық саладағы қарым-қатынасын тереңдетуді мақсат ететіндерін атап көрсетті. Оның ішінде шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі келісімге тараптар Ж.Талабанидің Теһранға сапары барысында келеді деген хабар бар. Бұл келісімнің мақсаты Ирақта орын тепкен “Мұджаһеддин халық ұйымының” Иранға қарай өтуіне және террористік топтардың Иран арқылы Ираққа қарай өтуіне жол бермеу болып табылады.

Екі ел арасындағы қарым-қатынас Ирақта билік басына шийтер мен күрдтер басым көпшілігін құрайтын жаңа үкіметтің келуінен бері күрт жақсарды. Саддам Хусеиннің үстемдік еткен заманында биліктен аластатылған шийттер мен күрдтерге Теһран қамқор болып келді. Екі елдің жоғары лауазымды өкілдері көрші елге жиі сапарға баратын болды. Оның барысында сауда қатынасы, қауіпсіздік және соғыстан қираған Ирақты қалпына келтіру мәселелері бойынша бірнеше кесіміге қол қойылды. “Азаттыққа” берген сұхбатында Теһранда тұратын журналист Хасан Фази Жалал Талабанидің Иранға сапары - 1980-інші жылдары өзара қырғын соғысқан бұрынғы екі жау елдің арасындағы ынтымақтастықтың жақсарғанын аңғартты деп атап көрсетті. Оның айтуынша, Талабани аса маңызды 2 мақсатты көздеп келді.

“Ең алдымен, Иранмен арадағы достық қатынасты Талабани өз қандастары – күрдттердің мүддесі үшін пайдаланбақшы. Ол Иранның ықпал-беделін алдағы сайлау мен басқа да құбылыстардың барысында кәдесіне жаратпақ. Оның екінші мақсаты – Ирақтағы қазіргі ахуалға қарсы ішкі топтарды Иранның ықпалы арқылы жөнге шақырып, елдегі алауыздықты жоймақшы”, - дейді журналист Х.Фази.

Иран мен Ирақ ынтымақтастықтығы – ресми Вашингтоннның Теһранды “Ирақтың ішкі істеріне араласты”, “көпшілік шийт мен азын-аулақ сүнниттің арасына от тастады” деп айыптауымен қарама-қатар жылып келеді. Иранды ағылшын үкіметі де Оңтүстік Ирақтың ісіне “қол сұқты” деп кейіді. Ресми Теһран мұндай айыптарды түбегейлі жоққа шығарып келеді. Дүйсенбі күні президент Махмуд Ахмадинежад көрші екі елдің арасындағы байланыстың тамыры тереңде жатыр деп атап көрсетті: Ирақ халқының көбі Иранда, ал ирандықтардың айтарлықтай бөлігі Ирақта туып өскен. Иран президентінің мәлімдеуінше, Ирақтың ішкі істеріне “қол сұқты” деген айыпты – Ираққа жүздеген мың әскерді шоғырландырып, Ирақ ұлтына өзінің салт-дәстүрін күштеп енгізуді көздегендер тағып отыр. Журналист Хасан Фазидің пікірінше, АҚШ пен Иранның Ирақтағы мүдделерінде айырмашылық бар және осы айырмашылық Теһран мен Вашингтонның арасын салқындатып отыр.

“АҚШ Ирақта демократияның өзіндік идеалын орнатуды қалайды және Ирақты өз білгенінше қайта қаламақшы. Иран - көрші елдің басында тілектес өкіметті көргісі келеді. Ол үшін билік басына Теһранға жылы қабақпен қарайтын адамдар отыруға тиіс. Қазір Ирақта АҚШ үстемдік етеді. Міне сондықтан да, деп ойлаймын, егер Иран Ирақпен жақын қарым-қатынаста болғысы келсе, Теһран Вашингтонның қарсылығын туғызатын іс-әрекетке бармауға тиіс. Иран АҚШ-тың Ирақтағы мүддесіне қайшы келмейтін әрекетті істеуі керек. Басқаша жағдайда біз Иранның Ирақта АҚШ-пен теке-тіреске барғанын көретін боламыз”, - деген пікір білдіреді журналист Хасан Фази.

Сейсенбі күні Теһранда Ирақ президенті Иранның рухани жетекшісі Әли Хаменеймен кездесті. Оның барысында Хаменей шетелдік күштердің Ирақта қала беруін “апат” деп бағалап, Ирақ халқы мен үкіметі ол күштерді елден шығарудың кестесін жасауға тиіс деп мәлімдеді. Иранның ресми ақпарат агенттігі таратқан өзінің түсініктемесінде Жалал Талабани: “Иран мен Ирақ мәңгі көрші болып қала береді, ал өзгелер, ақыр аяғында, кетеді” деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG