Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.23.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сәрсенбі күнгі басылымдарда Ішкі Істер Министрі Бауыржан Мұхамеджановтың белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділовтың құпия өліміне байланысты тергеу жұмыстарының қалай жүріп жатқандығымен таныстырғандығы хабарланыпты. Тәуелсіз басылымдарда жарық көрген мақалаларда Заманбек Нұрқаділов өзіне-өзі қол салды немесе оны отбасы мүшелерінің бірі өлтірді деген сыңайдағы деректердің шындыққа сәйкеспейтіндігі туралы болжам жасалыныпты. Заманбек Нұрқаділовтың зайыбы Мақпал Жүнісова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ашық хат жазып, күйеуінің өлімінің артында саяси астар бар екендігін мәлімдепті.

“Казахстанская правда” газетінің сәрсенбі күнгі санында Ішкі Істер Министрі Бауыржан Мұхамеджановтың белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділовтың құпия өліміне байланысты тергеу жұмыстарының қалай жүріп жатқандығымен таныстырғандығы хабарланыпты. Аталмыш мақалада тергеу тобының Нұрқаділовтың үйінде орналасқан бейнекамераларды құпия тексергендігі, алайда онда марқұмның үйіне кірген бөтен адамдардың жазылып қалмағандығы туралы деректер келтіріліпті. Полицейлердің анықтаған мәліметтеріне жүгінсек, өмірінің соңғы айларында Заманбек Нұрқаділов оңаша өмір сүруге бейім болған. Оның орнатқан тәртібі бойынша қожайынының рұқсатынсыз үйге ешкім кіре алмаған. Марқұмның туған-туысқандарының айтуынша, онымен кездесетін адамдар алдымен Заманбек Нұрқаділовтен рұқсат алып отырған. Бүгінгі уақытта есіктердегі құлыптардың бәрі де бөгде біреулердің басқа кілтпен ашып кіргендігін тексеру үшін сараптамаға беріліпті.

“Экспресс К” басылымында Ішкі Істер Министрі Бауыржан Мұхамеджановтың марқұмның жұбайы Мақпал Жүнісова мен оның туған-туысқандарының Заманбек Нұрқаділовтың өліміне байланысты түсініктеме бермей отырғандығын мәлімдегендігі хабарланыпты. Өз сөзінде Ішкі Істер Министрі Бауыржан Мұхамеджанов 11 нен 12 іне қараған түні Заманбек Нұрқаділовтың қатты мазасызданғандығын және соңғы уақыттары марқұмның ұйықтататын дәріге құмар болғандығына айрықша тоқталыпты. Бауыржан Мұхамеджановтың айтуынша, соңғы уақыттары марқұмның отбасында дау-дамай мен кикілжіңдер жиі орын алып тұрған.

“Республика” басылымының заңды жалғасы болып табылатын “Право. Экономика. Политика. Культура” басылымының бірінші санында жарық көрген мақаласында Мейржан Мәдекенов Заманбек Нұрқаділов өзі-өзіне қол салды немесе оны отбасы мүшелерінің біреуі өлтірді деген болжамдардың шындыққа үйлеспейтіндігіне байланысты өз тарапынан дәлелдер келтіріпті. Мақала авторының болжамына сүйенсек, Заманбек Нұрқаділовтың оппозиция қатарына шығуы және соңғы уақыттары саясатқа белсене араласуы оның өліміне алып келген басты себептердің бірі болуы ықтимал. Автор өз мақаласында бүгінгі уақытта Қазақстан қоғамындағы азаматтардың санасында Заманбек Нұрқаділовтың өліміне биліктің қатысы бар екендігі туралы пікірдің орныққандығына тоқтала келіп, ендігі уақытта оны өзгертудің мүмкін емес екендігін тілге тиек етіпті. Осы орын алған оқиғаға орай аталмыш басылым арқылы өз ойын білдірген экс-депутат Төлен Тоқтасынов белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділов өзіне-өзі қол салды немесе оның отбасы мүшелерінің бірі өлтірді деген сыңайдағы деректердің шындыққа сәйкеспейтіндігін айрықша атап өтіпті.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасының кезекті санында жарық көрген Маржан Сүлейменованың мақаласында дәл қазіргі президент сайлауының алдында Заманбек Нұрқаділовтың өлімінің билікке тиімді емес екендігі туралы болжам жасалыныпты.

“Газета kz” апталығына берген сұхбатында заңгер Виталий Воронов белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділовты президентті ыңғайсыз жағдайға қалдырғысы келген белгісіз бір үшінші күштің өлтіруі мүмкін екендігі туралы ойын білдіріпті. Виталий Ворновтың айтуынша дәл қазіргі уақытта Президенттің маңайындағы лауазымы жоғары шенеуніктердің арасында Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы жұмыс жасап отырған үшінші бір белгісіз күштің болуы ықтимал.

Сәрсенбі күнгі “Сөз” басылымында Заманбек Нұрқаділовтың жұбайы Мақпал Жүнісованың Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазған ашық хаты жарияланыпты. Қазақстан Президентінің атына жазған ашық хатында Мақпал Жүнісова күйеуінің өлімінің артында саяси астар бар екендігін мәлімдепті.
XS
SM
MD
LG