Accessibility links

Жазасын өтеуші 11 азамат дене жарақатымен ауруханаға түсті

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Ақмола облысына қарасты Атбасар ауданындағы ЕЦ 166/4 еңбекпен түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген бір азамат осындағы 11 адамға түрліше дене жарақаттарын салған. Бұл жайтқа орай облыстық қылмыстық-атқару жүйесі басқармасының басшылығы арандатушылық әрекет деп баға беріп, оның алдын алынғанын айтып отыр.

Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі басқармасының бастығы Талғат Байзоллаұлы заңсыз әрекеттің ұйымдастырушысы бұрын бірнеше рет сотталған азаматтың басты мақсаты мекеме тәртібін босаңсытып, түрмеде емін-еркін жүруді көздеген дейді. Сондай-ақ, оның айтуынша, қасындағы жазасын өтеуші жас азаматтардың заңсыз әрекеттерге баруына түрткі болған ол жаппай әкімшілікке бағынбауға шақырған.

«Мұндай қарсылықты 11 жазасын өтеуші азаматтың қарындарын пышақтап тілу арқылы жасамақ болған әлгі адамның әрекеті құрықталып, оған шара қолданылды», - дейді Талғат Байзоллаұлы.

Және ол аталған әрекет барысында жарақаттанғандарға дереу дәрігерлік көмек көрсетіліп, қазір олардың денсаулығы қалыпты екендігін айтады. Сондай-ақ Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі басқармасының бастығы Талғат Байзоллаұлы:

«Аталған мекемеде мұндай өрескел әрекетке баруға еш негіз болмаған. Келеңсіз оқиға құқық қорғау және заң орындары, мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері қатысқан арнайы комиссияда қаралды», - дейді.

Ал бұл мәселеге орай «Азаттық» радиосына пікірін білдірген сенатор, ҚР президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Жабайхан Әбділдин, мұндай жайттардың Қазақстан түрмелерінде жиі болатынын, кейбір жазасын өтеушілердің тәртіпке бағынбауы қалыпты жағдайға айналып бара жатқанын жеткізді.

Дегенмен ҚР парламенті сенатының келесі бір депутаты Зәуреш Батталова мұндай жағдайларға бүгінгі уақыттағы Қазақстан түрмелеріндегі қалыптасып отырған бірқатар ахуалдардың да түрткі болып жататындығын жоққа шығармайды. Оның айтуынша, түрмелердегі медециналық және әлеуметтік мәселелердің шешім табатын уақыты жеткен. Сонымен қатар сенатор З.Батталова, әсіресе түрмелерде болып жататын мұндай оқиғаларды тәуелсіз сарапшыларды қатыстыра отырып жіті тексеру қажеттігін айтады.
XS
SM
MD
LG