Accessibility links

Мақпал Жүнісова өз үйінен жасырын тыңдау құралдарын тауып алғанын айтады

  • Гүлмира ХАМЗА

Қарашаның 24 күні Қазақстанның танымал әншісі, марқұм Заманбек Нұрқаділовтың зайыбы Мақпал Жүнісова сәрсенбі күні өз үйінен жасырын тыңдау құралдарын тауып алғанын жариялады. Әншінің айтуынша, бұл құралдар оның үйінде екі жерден – қонақ қабылдайтын бөлмедегі үстел астынан және ас бөлмедегі шкафтан табылған. Ол мұны сейсенбі күні осы үйге келіп кеткен полиция қызметкерлері орнатқан деп күдіктенеді. Бұл оқиғаға байланысты Мақпал Жүнісова мен оның адвокаты Серікқали Мусин заң орындарынан осы мәселенің зерттелгенін талап етіп отыр.

Осыдан екі аптадай уақыт бұрын беймәлім жағдайда өз үйінде мерт болған Заманбек Нұрқаділовтың жесірі Мақпал Жүнісова өз үйіндегі әңгімелердің жасырын тыңдалатынын кездейсоқ анықтағанын айтады.

«Үйге көңіл айтып келетін жұрт көп болғандықтан, үйді тазалап алмақ болдық. Осы аралықта мен қызым Мерейдің ойыншықтарын үстелдің астынан алмақ болып жатқанымда сонда орнатылған мына бір жасырын тыңдау құралын көзім шалды. Әлгі ойыншық боламағанда мен оны көрмес те едім, оны үстелдің астына қыстырып кетеді деген менің ойыма де келген емес», - дейді М.Жүнісова.

Жүнісова ханым мен оның адвокаты Серікқали Мусиннің айтуынша, осы жасырын тыңдау құралдары табылардан бір күн бұрын Нұрқаділовтар отбасына Заманбек марқұмның ісін тергеп жүрген бір топ полиция қызметкері келіп-кетіпті.

«Олар арнайы тексеру жүргіземіз деп келіп, үйді аралаған болатын. Сосын мен, ойымда ештеңе жоқ, қазақы ырым бойынша, кісі қайтыс болған үйден дәм ауыз тисін деп, марқұмның аруағына арнап пісірген шелпек жеуге үстелге шақырдым. Кейін ойласам, олар сол арада менің үстелімнің астына осы тыңдайтын құралды жапсырып кетіпті. Олар мен қайда барсам, соңымнан ілесіп жүрген. Сонда ас бөлмеге де кірген болатынбыз, мен оларға керек нәрсені көрсетіп, арасында келіп-кетіп жүрдім, сөйтсем, сол кезде ас бөлмеге де тастап кеткен көрінеді, олар бойы биік жігіттер болатын», - дейді Мақпал.

Жүнісова ханымның осы айтқандарына байланысты қарашаның 24-күні түстен кейін Алматы қалалық ішкі істер басқармасына хабарласқан «Азаттық» радиосына осы басқарманың баспасөз қызметінің маманы Арман Жусанбай төмендегідей жауап берді:

«Біз барлығын анықтап жатырмыз, кім қалдырып кетті, кім тастап кетті деген болжамдардың барлығы зерттеліп жатыр. Қандай да бір ақпарат болса, біз арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, барлығын айтатын боламыз».

Ал М.Жүнісованың адвокаты Серікқали Мусин бұл мәселені зерттеу үшін арнайы органдарға баратынын айтады.

«Біз міндетті түрде арнайы орган мамандарына барып, жағдайды айтамыз. Бұл іске байланысты Алматы прокуратурасына шағым түсіреміз», - дейді Серікқали Мусин.

Бейсенбі күні журналистер алдында жасаған мәлімдемесінде М.Жүнісова өз өміріне қауіп төніп тұрғанын айтты.

«Жолдасым Заманбек Нұрқаділовтың өліміне мені айыптауы - орынсыз жағдай деп айтар едім. Себебі, Зәкеңнің мені қалай жақсы көргені туралы күллі Қазақстан халқы білетін деп ойлаймын. Зәкең өз-өзіне қол жұмсады, жүйкесі тозған, отбасындағы өзара қарым-қатынасы нашар болған деген сөздердің барлығы - орынсыз айтылып отыр. Мен өмірімде тапанша ұстап көрген адам емеспін. Ал, отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, ондай ұсақ-түйетер бізде де болғанын жасырмаймын. Бірақ, Зәкеңнің өзіне қол салатындай жағдай ешқашан болған емес. Оның алдағы болашаққа деген жоспары мүлдем басқа еді, көңілі де жарқын болатын», - деді М.Жүнісова.

Бұдан бұрын Қазақстанның Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов Заманбек Нұрқаділовтың өліміне байланысты жүргізіліп жатқан тексеру жұмыстарына Мақпал Жүнісова мен оның туыстары керек ақпаратты айтпай отыр деген-тұғын. Бейсенбі күні Мақпал Жүнісова бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Жолдасымды жерлей салып, мені тексеру органдары алып кетті. Міне, содан бері он күн болды сол кісінің өлімін тез арада ашып бере ме деп, мен ертеден кешке дейін сол тексеру органдарында сұрағандарына жауап берумен жүрмін», - дейді З.Нұрқаділовтың жесірі.

Өз сөзінде Мақпал Жүнісова қандай қиындық көрсе де, жұмбақ қазаға ұшыраған күйеуі мен өзінің намысы үшін бұл істің ақ-қарасына көз жеткізуге бекем бел буып отырғанын айтты.
XS
SM
MD
LG