Accessibility links

Қазақстанда адам саудасы өршіп барады

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Дүние жүзі бойынша, заңсыз адам саудасымен айналысатындардың табатын табысы миллиардтаған доллармен саналады екен. Соңғы жылдары Орта Азия елдерінде де заңсыз адам саудасының қатты белең алып кеткендігі жиі айтыла бастады. Сарапшылардың айтуынша, заңсыз адам саудасы Қазақстанда да мемлекеттегі ең өзекті пробелмалардың біріне айналып барады. Ал, бұл келеңсіз құбылысқа тосқауыл қоюдың қандай жолдары бар? Сенбі күні Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымының өкілдерінің ұйымдастыруымен өткізілген жаттығу-семинарда, Қазақстан аймақтарынан келген үкіметтік емес ұйымның өкілдері адам саудасына қалай тосқауыл қоюға болатындығына қатысты тәжірибе алмасты.

Қазақстан Республикасы елшілігі келтірген мәліметтерге жүгінсек, әлемде жыл сайын 4 миллионға жуық адам саудасы жасалады. Америка Құрама Штатының Мемлекеттік департаментінің адам саудасы жөніндегі 2005 жылындағы баяндамасындағы мәліметтеріне сәйкес Қазақстан адам саудасының құрбандығына ұшыраған азаматтардың құқығын толық қорғай алмайтын екінші дәрежелі елдердің қатарына жатқызылғандығы белгілі.

Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымы Орталығының қызметкері Бьерн Халверсонның айтуынша, Қазақстанда адам саудасының қандай түрінің белең алып бара жатқандығын анықтау оңай емес.

“Өйткені қылмыстың бұл түрі барлық жағдайда тіркеуге алына бермейді. Біздің білетініміз қылмыстың мұндай түрлері бар және олар түрлі топқа бөлінеді. Адамдарды сексуалдық мақсатта пайдалану бұл қылмыстың ең дамыған түрі болып табылады. Сондай-ақ бұл қылмыстың еңбекті пайдалану, балаларды сату, адамдардың органдарын саудалау мақсатында да пайдаланылатын түрлері де бар”, - деді, Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымы Орталығының қызметкері Бьерн Халверсон.

Қазақстандағы дағдарыс орталығы одағының басқарма бастығы Зүлфия Байсақованың айтуынша, қазіргі қабылданған заңдардың әлсіздігі мемлекеттегі адам саудасының қатты белең алуына ықпалын тигізіп отырған ең басты себептердің бірі болып табылады.

“Өкінішке қарай қазіргі қабылданған заңдар адам саудасына қатысы бар азаматтардың бәрін жауапкершілікке тартуға мүмкіншілік бере алмайды. Бүгінгі уақытқа шейін адам саудасына қатысты 12 қылмыстық іс қозғалғанымен, олардың тек біреуі ғана соңына жеткізілді. Сондай-ақ мен соңғы жылдары кәмелетке толмаған балаларды саудалау қаупінің жыл сайын күшейіп бара жатқандығын атап өткім келеді. Мұндай оқиға Оңтүстік Қазақстан облысында жиі байқалады. Ол жақта кішкентай балаларды құлдыққа сатқан сегіз оқиға орын алды. Бірақ, олардың жасаған қылмысын дәлелдеу өте қиынға соғып отыр”, - деді Қазақстандағы дағдарыс орталығы одағының басқармасының бастығы Зүлфия Байсақова.

Қазақстанға тәжірбие алмасу үшін, Молдоводағы халықаралық “Ла Страда Молдова” орталығынан арнайы келген Верелли Руссоның айтуынша, қылмыстың бұл саласында көбінесе әйелдер адам саудасының құрбандығына айналады екен.

“Секс-бизнес мақсатында адам саудасының 78 проценті, еңбегін пайдалану үшін 20 проценті жасалады. Әйелдерді сексуалдық мақсатта пайдалану мәңгі құбылыс болғандықтан, адам саудасында бұл ең күшті дамыған бизнес түріне айналып барады. Одан түсетін пайда да миллиардтаған доллармен есептеледі. Өйткені мұндай адам саудасының түрімен айналысатындар, әйелді бір күнде бірнеше рет сатады. Және бұл олар үшін өте үлкен қауіп те туғызбайды”, - деді Халықаралық “Ла Страда Молдова” орталығының маманы Верелли Руссо.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 33 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бұл дағдарыс орталықтарында адам саудасының торына түсіп қалған адамдармен құпия түрде жұмыс жүргізіледі. Алайда, Қарағанды қаласындағы дағдарыс орталығының басшысы Наталья Усачеваның айтуынша, Қазақстанда адам саудасын тоқтатудың өзіндік қиындықтары кездеседі.

“Адам саудасына байланысты жағдаймен бес-алты рет айналысқан кезіміз болды. Олардың көбісі құпия түрде өтетіндіктен, оны тексеру мен анықтау оңай емес. Сонымен қатар адам саудасын анықтаудың ең үлкен қиыншылықтарының бірі, қылмыстың бұл түрі көбінесе лауазымы жоғары шенеуніктер мен биліктің басындағылармен тікелей байланысты болады”, - деді Қарағанды қаласындағы дағдарыс орталығының басшысы Наталья Усачева.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, 2003 жылы Қазақстанда адам саудасына байланысты алты қылмыстық іс қозғалса, 2004 жылы оның саны 14-ке жеткен. Алайда, сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда жылына мыңдаған адам саудасы жасалады екен.
XS
SM
MD
LG