Accessibility links

Орталық Сайлау комиссиясы сайлауға қатысты өзінің бұрынғы шешімін өзгертті

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстанда алдағы желтоқсанның 4-і күні өтетін президент сайлауына бір аптаға жетпейтін санаулы ғана күндер қалғанда, қарашаның 28-і күні Орталық Сайлау комисиясы осы қарашаның 18-і күні өзі қабылдаған - сайлау бюллетендеріне арналған конверттер және оны дайындау туралы қаулысын қайта қарап, оны өзгерту туралы шешім қабылдады.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменованың айтуынша о баста сайлаушылар дауысының құпиялығы мен сайлаушының сайлау құқығын ескеріп, Орталық сайлау комиссиясы осындай қаулы қабылдаса да ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынытымақтастық ұйымы (ОБСЕ) секілді халықаралық ұйымдар және президентіктен үміткерлердің сайлау штабтары тарапынан конверттің болуы бұл сайлаудың ашық әрі бұрмалаусыз өтуіне кедергі болады деп сынға алынып, бұны өзгерту туралы ұсыныстар жасалуына байланысты, Орталық сайлау комиссиясы бұрынығы қабылдаған шешімін қайта қарап оны өзгертуге жаңа шешім қабылдаған.

«Бұл шешім дүйсенбі, қарашаның 28-інен бастап күшіне енеді, барлық БАҚ-тарда жарияланады», - дейді Л.Сүлейменова.

Орталық сайлау комиссиясының бұл шешіміне байланысты пікір білдірген Ж.Тұяқбайдың сайлау штабының баспасөз қызметінің жетекшісі Айдос Сарымның айтуынша Орталық Сайлау комиссиясы осыдан бірер күн бұрын сайлауды ашық әрі әділ өткізу мақсатында ОСК-ге арнап президентіктен үміткерлер Ж.Тұяқбай, Ә.Бәйменов және М.Елеусізовтердің сайлау штабтарының бірлескен үндеуінде айтылған ұсыныс, пікірлерге құлақ асқаны байқалады.

«Бұл жақсылық жағдай, ал егер Орталық Сайлау комиссиясы үндеуде айтылған басқа пікірлерге де құлақ асса, онда бұл расында сайлаудың әділ әрі таза өтуіне өз пайдасын берер еді», - дейді А.Сарым.

Орталық сайлау комиссиясы желтоқсанның 4-і күні өтетін сайлау қортындысына байланысты сайлау біте сала 24 сағаттың ішінде сайлаудың алғашқы қортындысын халыққа жариялауды өз мойнына алып отыр. ОСК-ның мүшесі Ләззат Сүлейменованың айтуынша, бұған дайындық жұмыстар қазірден бастап жүріп жатыр.

«Алайда, сайлаудың соңғы қортындысы барлық сайлау учаскелерінен сайлау қалай өткендігі туралы хаттама қолға тигенде ғана белгілі болмақ. Оған шамалы уақыт қажет болады», - дейді ол.

Алайда Ж.Тұяқбайдың сайлау штабының баспасөз қызметінің жетекшісі Айдос Сарымның айтуынша, сайлау біте сала 24 сағаттың ішінде сайлау қортындысын жариялау бұл халықаралық тәжірибеде бар дүние көрінеді.

«Алғашқы қортынды барлық сайлаушылардың 96-98 процентін қамтыса, бұл соңғы қортындығы көп әсер ете алмайды», - дейді ол.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша қарашаның 28-і күні халықаралық бақылаушыларды тіркеудің соңғы күні болды. Қазір барлығы 1590 халықаралық бақылаушы тіркеліп отыр. Бұның ішінде ТМД-ның 9 мемлекетінен барлығы 417 бақылаушы, ал ОБСЕ ұйымының Адам құқығы мен демократиялық институттар бюросы атынан 473 бақылаушы, сондай-ақ 201 бақылаушы 27 мемлекеттен, ал 107 бақылаушы халықаралық 8 ұйымның атынан келген.

Дүйсенбі күні Астанада АҚШ-ың Қазақстандағы елшісі Джон Ордвеймен болған кездесуде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков Қазақстандағы сайлауалды жағдайға баға берген ОБСЕ ұйымының аралық екінші есепті баяндамасында айтылған пікірлер мен ұсыныстармен негізінде келісетіндігін айтқан.
XS
SM
MD
LG