Accessibility links

Әлемдік жылымық мәселесіне арналған халықаралық жиын басталды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Осы аптада Канадада Әлемдік жылымық проблемасына байланысты конференция өз жұмысын бастады. Оның барысында ғалымдар әлемдік жылымық проблемасын баяулату үшін халықаралық шараларды қатаңдандыру қажеттігі жайында пікір таластыруда. 190 елден келген сарапшылар мен өкімет өкілдері Монтреалдағы 12 күнге созылатын конференцияға жиналысты. Сондай-ақ Киото Хаттамасының тағдыры да сөз болмақшы.

Құрама Штаттарының қар мен мұз деңгейі мәліметтерін жинақтайтын Ұлттық орталығының қыркүйек айындағы баяндамасында полярлық мұз айдыны көлемінің ғасырдан да аз уақыт ішінде тым кішірейіп кеткендігі айтылған болатын. Бұл жаңалық өткен жылғы тағы бір ғылыми тұжырымды растай түскендей болды. Өткен жылы 250-дей сарапшылар Арктика мұзының алдағы 100 жылдық жаз айларында ери келіп, жоқ болып кететіні жөнінде алдын-ала болжам айтқан еді.

АҚШ-та орналасқан Қоршаған ортаны қорғау қорының бас ғалымы Билл Чамедис өзге де әріптестері секілді поляр мұзының еруі әлемдік апаттарға әкелуі мүмкін, деп біледі. Ол сондай-ақ таяу арада белгілі болған тағы екі зерттеулерді алға тартып отыр. Мысалы, Массачусетстегі Технология институтының метерологі Керри Емануил Дауылдар және температура деңгейлерін пайдалана отырып, Солтүстік Атлантика мен Тынық мұхитында соңғы 30 жыл ішінде тропикалық дауылдардың екі есеге көбейіп кеткендігін дәлелдеуге тырысқан. Ал Джордж Технология институтының зерттеушісі Петер Вебстер мен оның әріптестері соңғы 35 жыл ішінде 4-ші және 5-ші сатыдағы харикейн-дауылдары санының тым көбейіп кеткендігін анықтаған. Чамедис бұл жөнінде:

“Көп бүліншілікке алып келген Катрина және Рита дауылдарын әлемдік жылымықтың жеткізген салдарлары ретінде қарастыруымызға болады. Катрина мен Рита және сол сияқты дауылдар бізге болашақта жалпылама түрде қандай құбылыстарға тап болуымыз мүмкін екендігінен хабар беруші құбылыстар сияқты көрінеді”,- деді.

Ал, Американың Метерологиялық қауымдастығы өкілі Боб Корелдің пікірінше мұхит деңгейінің бір метрге ғана көтерілуі әлем бойынша аралдар мен жағажайлардағы өмірдің жойылуына жеткілікті себеп болмақшы. Қуат көздерін түрлендіріп, қуат күштерін пайдалануды шектеуге деген кезек-күттірмес қажеттілік асыра айтылған мәселе емес.

Дей тұрғанмен, зерттеушілердің бәрі бірдей әлемдік жылымық пен мұхит дауылдары, яғни харикейн арасында байланыс бар, деген пікірмен келіспейді. Олардың пікірінше, аталған дауылдар циклды сипатқа ие және температураның төмен түсуі немесе жоғарылауына тікелей байланысты, дейді Боннер Кохен деген Қоғамдық саяси зерттеулер ұлттық орталығының өкілі.

Әлемдік жылымықтың алдын-алу мақсатында дүниеге келген Киото хаттамасына кезінде АҚШ-тың бұрынғы елбасы Билл Клинтон қол қойған болатын. Алайда, бұл құжат АҚШ Конгресінің мақұлдауына ешқашан ұсынылған емес. 2001-ші жылы болса, елбасы Джордж Буш АҚШ-ты бұл хаттама тізімінен шығарып алған еді. Қазіргі кезде Үндістан, Қытай, Аустралия және Британия елдері Киото хаттамасына балама құжатты қарастыруда.

Аталған хаттаманы жақтаушылар “Киото-2” сияқты құжат мүмкіндігін ұсынып, осы арқылы аталған құжат пәрменін 2012-ші жылдан ары қарай ұзартуды көздеуде. Оған, сондай-ақ кейбір дамушы елдерді қосуды олар көздеп отыр.
XS
SM
MD
LG