Accessibility links

Сайлауды бақылау жөніндегі бірқатар қоғамдық ұйымдар сайлауалды жағдайға өз бағасын беріп отыр


Желтоқсанның 4-і күні болатын президент сайлауына небәрі 5 күн қалғанда - қарашаның 29-ы күні, сайлауды бақылау жөніндегі қоғамдық комитет өзінің аралық екінші есеп баяндамасын жария етті.

Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комитеттің үйлестірушісі Төлеген Тортаевтың айтуынша, қоғамдық комитет ұсынып отырған 15 парақ беттен тұратын бұл есеп баяндамаға сайлауалды жағдайға байланысты көптеген ұсыныс-пікірлер еніп отыр.

«Бұл ұсыныс пікірлер негізінен сайлауды қалай әділ, таза өткізуге қатысты түрлі қоғамдық ұйымдар және жеке сайлаушылар, сондай-ақ президентіктен үміткерлердің сайлау штабтары тарапынан айтылды», - дейді Т.Тортаев.

Ал осы сайлауды бақылау жөніндегі қоғамдық комитеттің мүшесі Мұрат Әуезовтің айтуынша алғашқы аралық есеп баяндамадан кейінгі уақытта қоғам атына 20-дан астам ұсыныс-пікірлер түскен. Олардың барлығын қоғамдық комитет Орталық сайлау комиссиясына жіберіп отырған. Қайсыбірін ОСК қабылдағаны туралы жауап келтірсе, енді бірімен онша келіспейтіндігін білдірген. Ал қарашаның 29-ы күні сайлауды бақылау жөніндегі қоғамдық комитет мүшелері президентіктен үміткер Ж.Тұяқбайдың сенімді өкілдерін қабылдап, олар тарапынан айтылған түрлі ұсыныстарды ОСК-на жеткізетінін айтты. Олар Орталық сайлау комиссиясы екі түрлі мәселені тез арада шешіп отыр дейді. Оның бірі - дауыс беру кезінде бюлеттенді конвертсіз қолдану туралы шешім болса, екіншісі - Ж.Тұяқбайға қатысты оның сайлау штабынан осы кандидатқа бұған дейін билікті жақтайтын «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттері мен «Қазақстан» телеарнасы ешбір көңіл бөлмей келеді деген арызға орай, ОСК-ның аралсауымен дүйсенбіден бастап Тұяқбай мырза туралы жазып көрсете бастаған дегенді алға тартты.

Сайлауды бақылау жөніндегі қоғамдық комитет мүшелері сайлаудың әділ әрі таза өтуі үшін билік те, оппозиция да, қоғамның әрбір мүшесі де ат салысулары керек дегенді айтады. Олардың айтуларынша осы мақсатқа байланысты Орталық сайлау комиссиясы да түрлі ұсыныстар мен пікірлерге құлақ аса бастаған. Сайлауды бақылау жөніндегі қоғамдық комитет өзінің екінші аралық есеп баяндамасын қарашаның 30-ы күні Орталық сайлау комиссиясына жібергелі отыр.

Сондай-ақ, қарашаның 29-күні Алматыда сайлауды бақылайтын тағы бір ұйым – «Elections and Democracy» халықаралық ұйымы өзінің сайлау алды жағдайға берген екінші есепті баяндамасын БАҚ өкілдері назарына ұсынды. Бұған дейін ТМД-ның бірқатар елдерінде халықаралық ұйым ретінде сайлауды бақылаған бұл ұйымның осы жолы Қазақстанда жолы болмады. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстанда тіркелген бұл ұйымды халықаралық ұйым деп танымайтындығын білдірген соң, Орталық сайлау комиссиясы ұйымға қазақстандық жергілікті ұйымдармен бірдей статуста сайлауды бақылау жұмысына араласуына болатындығын ескерткен. Ұйымның төрағасы Павел Лобачевтің айтуынша, Қазақстандағы қазіргі сайлауалды жағдайды жақсы деп айтуға келмейді.

«Тіптен, өткен жылғы парламент сайлау алдындағы жағдайдан да төмендеп кетті. Өйткені сайлауға түсетін үміткерлер сайлаушыларды ұмытып кеткен тәрізді, қайда барсаң да бір-бірін төменшектетін жаман сөздер айтқан жағдайдан арыла алмай отыр. Егер олар өз бағдарламаларын халыққа жақсы түсіндіріп, олардың дауыстарын сайлауда қалай көбірек алуды ойластырса, онда жағдай басқаша болмақ», - дейді ол.
XS
SM
MD
LG