Accessibility links

АҚШ-Ауғанстан: тәліптердің мәйтін өртеу екі араны суытты


Қазан айының басында Ауғанстандағы АҚШ әскері қаза болған 2 тәліптің мәйіттерін өртеген өз жауынгерлерін тергеуге кірісті. Шариғат заңы бойынша, адамның мәйітін өртеуге тіпті болмайды. Ауғанстанның оңтүстігінде болған оқиғаның бейнетаспасында АҚШ жауынгерлерінің көрші қышлаққа жасырынған тәліптердің ашу-ызасын туғызып, ұрысқа шақыру мақсатында оларға дауыстап 2 тәліптің өртенген мәйітін көрсетіп тұрған сәті жазылыпты. Өткен сенбі күні Ауғанстандағы коалициялық күштердің қолбасшысы, АҚШ генералы Джейсон Камия әскери тергеушілердің қорытындысы бойынша, 2 тәліптің мәйітін өртеген кіші шенді 2 офицер қылмыскер ретінде сотталмай, оларға сөгіс жарияланатынын мәлімдеді. Ал осы дүйсенбі күні Ауғанстанның сыртқы істер министрі Навид Моиз Ауғанстанда мұсылманның мәйітін өртеуге тіпті болмайтынын атап көрсетіп, әлгі жазаны “тым жұмсақ” деп бағалады. “Азаттық” Радиосының тілшісі осы төтенше оқиғаны Вашингтонда Пентагон өкілімен және адам құқын қорғайтын “Хьюман райтс уотч” ұйымының басшыларымен талдаған болатын.

АҚШ-тың әскери-дала соты жөніндегі Ережесі мен Женева Конвенциясына сәйкес, қаза болған жауының мәйітін жерлеу емес, отқа өртеу - АҚШ жауынгерлері үшін үйреншікті құбылыс. Алайда Пентагонның ресми өкілі Тодд Вишннің атап көрсетуінше, 1-інші қазан күні Ауғанстанның оңтүстігінде 30 градустан асатын аптап ыстық болды да, әлгі екі мәйіт тез іріп-шіри бастады. Оның айтуынша, американ жауынгерлері әлгі мәйіттердің жатқан жерінде қалу туралы бұйрық алды. Осы кезде, деп түсіндіреді Т.Вишн, жауынгерлер гигиенаның талап-шартын бұзбау үшін мәйіттерді өртеуге бел буды да ағаттық жіберді.

“Іс жүзінде оларға (яғни АҚШ жауынгерлеріне. САҚ) атысқан жауының өліктерін не жерлеуге, не өртеуге болатынын оқытады. Бірақ, Женева Конвенциясына сәйкес, ондай кезде гигиенаны сақтау үшін мәйіттерді өртеуге болатын еді де, ал Ауғанстанның салт-дәстүрі бойынша олай істеуге болмайтын. Міне осы жайт – тергеудің барысында ескерілді”, - дейді Т.ВИШН.

Т.Вишннің айтуынша, АҚШ жауынгерлерінің жергілікті осындай салт-дәстүрді білуі керек еді. Егер, деп ойын жалғастырды Пентагон өкілі, АҚШ жауынгерлері әлгі мәйіттердің іріп-шірігенін көргісі келмесе, онда олар мәйіттерді не істеу керек деп жергілікті ауған өкілдерімен кеңесуге тиіс болатын. Алайда, адам құқын қорғайтын “Хюман райтс уотч” ұйымының зерттеу жөніндегі директоры Сэм Зия-Зарифидің пікірінше, Вишннің бұл уәжі болған оқиғаны ақтай алмайды. Оның мәлімдеуінше, жауынгерлердің гигиена талаптарын өз білгендерінше шеше алмайтындығы, Женева Конвенциясына қарағанда, АҚШ-тың әскери-дала соты Ережесінде әлдеқайда қатаң қарастырылған.

“Кәдімгі гигиеналық талап-шарт деп, әдетте, егер адам жұқпалы аурудан көз жұмған болса немесе адамның мәйіті – ашық су көзіне жақын жатқанында айтады. Ондай шешімді санитарлар (яғни АҚШ-тың әскери-дәрігерлік корпусының мүшесі. САҚ) қабылдауға міндетті”, - дейді С.ЗИЯ-ЗАРИФИ.

Сэм Зия-Зарифидің айтуынша, 2 тәліптің мәйіттері өртелген аумақта ондай су көзі немесе тағы басқа бір себеп болған жоқ. Іс жүзінде, деп мәлімдейді “Хьюман райтс уотч” ұйымының өкілі, АҚШ жауынгерлері әлгі 2 мәйітті көрші қышлаққа жасырынған тәліптерді ұрысқа тарту мақсатында пайдаланды. Дәл сол кезде жақын жерде орналасқан АҚШ-тың әскери дәрігерлерінің Корпусына жауынгерлердің радио-хабар жолдап, кеңесуіне жетіп-артылатын уақыты болды. Оның орнына жауынгерлер өз білгенін істеп, Америка Құрама Штаттарының мұсылмандар басым тұратын елдегі абырой-беделіне тағы да кір келтірді.

“Кісі өлтіруден бастап, қолға түскендерді өлтіру немесе соғыс тұтқындарын қорлап-жәбірлеген Ауғанстандағы АҚШ күштеріне жауапкершілік сезімі жетіспейді. Олар үшін бірқатар құқық шеңберінен шықпайтынын көрсете білгені өте маңызды еді. Олар соны көрсете алмады. Өкініштісі, мұндай оқиғалар көбейіп барады және АҚШ-тың бейнесі Ауғанстанның кез-келгенін заңын аяқасты ететін болып көрінуде”, - деді дейді С.ЗИЯ-ЗАРИФИ.

Пентагонның ресми өкілі Тодд Вишн кейбір АҚШ жауынгерлерінің тым еркінсіп кеткенін мойындайды. Ақыр соңында, деп атап көрсетеді ол, әлгі оқиғаға шатысы бар кіші шенді 2 жауынгер тәртіпке келді.

“Біз олардың (яғни “ауғандықтардың”. САҚ) әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін түсінгенде ғана үлкен жетістікке жете аламыз деп шештік және сол жаққа қарай баратын адамдарымыздың барлығын ол жерде жемісті жұмыс атқара алуы үшін Ауғанстан халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін жақсы түсінуге үйрете бастады”, - деді Пентагонның ресми өкілі Тодд Вишн.

Оның мәлімдеуінше, өзінің Ауғанстандағы миссиясын толық атқаруына жеткізетін жалғыз жол – ол ауған халқының кәміл сеніміне ие болу екенін АҚШ әскері жақсы түсінеді. Оған жеткізетін төте жол, деп атап көрсетеді Т.Вишн, әлгіндей төтенше оқиғалардың қайталануына жол бермеу.
XS
SM
MD
LG