Accessibility links

Зілзаладан зардап шеккен пәкістандықтар көмекке зәру болып отыр


Жер сілкінісінен зардап шеккен Пәкістан аймағына жексенбі күні қатал қыстың алғашқы ызғары да келіп жетті. Дүйсенбі күні әуе және тау жолдары арқылы көмек жеткізу ісі тоқталып қалды. Кейбір биік таулы аймақтарда 20 сантиметрге дейін қалың қар түскен. Жүздеген мың үйсіз-күйсіз халықты тиісті азық-түлік және баспанамен қамтамасыз ету оңайға соқпауда. Мұның өзі кісі шығынының келесі легіне алып келуі мүмкін, дейді БҰҰ ресми тұлғалары.

Пәкістанның жер сілкінісінен жапа шеккен аймақтары енді міне қылышын сүйретіп келіп қалған қыс ызғарынан бүрсең қағатын түрі бар. Жексенбі күні қалың жауған қар баспанасыздар өмірін одан әрі қиындата түскендей. Қазанның 8-де болған зілзаладан 73 адамның қаза болғаны белгілі.

Қираған үйлер жұртынан жинаған ағаш, бұтақ сияқты әлсіз материалдардан жасап алған уақытша баспаналары оларға жылы пана болар емес. Суықтан тоңған азаматтың бірі Танвир Нақви:

“Бұл жердегі азаматтарға қардың қалың түскені қиынға соғып тұр. Күннің суықтығы сондай, балалар ауырып қалды”, - деді.

Пәкістан Метерология департаментінің мәліметтеріне қарағанда, кейбір биік таулы аймақтарда түскен қардың қалыңдығы 20 сантиметрге жеткен екен. Таудың етек жағына қарай 32 милиметрдей жаңбыр жауып, оның өзі көшкіннің болу ықтималдығын күшейте түскен.

Пәкістанның Кашмир аймағының астанасы Музафарабадта Халықаралық қызыл крес және қызыл жарты ай мен БҰҰ жанындағы Әлемдік Азық-түлік бағдарламасы ұйымдары орналасқан. Бұл ұйымдар ресми өкілдерінің айтуынша, ауа райы жақсарғанға дейін әуе және тау жолдары арқылы көмек көрсету ісі уақытша тоқтатыла тұрмақшы. Ол өкілдер сондай-ақ, қыстың қахарына шыдамаған, биік тау өңірлеріндегі тұрғындар тау етегіне қарай түсіп, жазық жерлерге құрылған лагер шатырларды келіп паналауы мүмкін, деп үміт артып отыр. Дей тұрғанмен мыңдаған адам өз үйлерінің қираған жұртында қала беруді артық санап отырғанға ұқсайды.

Исламабадқа арнайы сапары барысында БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан жер сілкінісінен зардап шеккендерді келер көктемге дейін аман алып шығудың керектігін айтқан еді. Көктемнен бастап құрылыс материалдары мен басқа да қайта қалпына келтіру көмектері келіп жетпекші екен. Оған дейін негізгі мақсат- аса қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді жеткізу екендігін бас хатшы ескерткен болатын.

Голливуд жұлдыздарының бірі Ангелина Жоли өз еркімен БҰҰ жанындағы Босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссар болған-ды. Өткен аптада Пәкістанда болған сапары кезінде ол халықаралық көмек көздеріннің бұл аймаққа қыс басталмай тұрып, қолдарынан келген көмектерін жіберуін сұраған еді.

“Көмектің одан әрі қажет екендігін баса айтуымыз керек. Берілген уәделерді жүзеге асыратын кез келді. Менің түсінуімше небір ғажап көмектер алдағы бірнеше жыл ішінде көрсетілетін түрі бар. Алайда биылғы қыс бірнеше апталарда басталмақшы. Көптеген адамның суықтан қатып қалу қаупі төніп тұр”, - деген еді Жоли ханым.

Дей тұрғанмен, қыс құрсауына алған кезде биік таулардан түсетін адамдар легін қарсы алуға БҰҰ ресми өкілдері жоспарлар жасауда. Халықаралық көмек ұйымдарының айтуынша, зілзаладан бергі аралықта болған жеті апталық жайлы ауа райы тұсында таудағы тұрғындарға барынша көмек көрсетуге олар тырысқан. Бірақ әлгі көмектердің ұзақ қысқа жетуі мүмкін еместігін де айтып отыр.
XS
SM
MD
LG