Accessibility links

Қазақстанның көші-қон полициясы ел аумағынан шетелдік азаматтарды шығарып жатыр


Қараша айының 27-сі күні Алматы көші-қон полициясы алыс-жақын шетел азаматтары болып табылатын 211 адамды Қазақстан аумағынан шығарып жіберді. Отанына қайтарылғандар, негізінен, Алматыдағы көтерме базарда сауда-саттықпен айналысып келген қырғыз, өзбек, тәжік азаматтары болып отыр. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлері «шығарылған азаматтардың барлығы кезекті “Құқық тәртібі” шарасы кезінде көші-қон полициясы қызметкерлері анықтағандай, Қазақстанда заңсыз жүрген еңбек мигранттары» дейді.

Қараша айының 28-і күні қырғыздың “Аки-пресс” ақпарат агенттігі “Алматы билігі қырғызстандық 200-ге жуық еңбек мигранттарын күштеп Қазақстаннан шығарған. Қарашаның 27-сі күні таңертең базардағы жұмыс орындарына сауда-саттық жасауға келген барлық қырғыз азаматтарын Жетісу аудандық полиция қызметкерлері себепсіз қамауға алып, оларға күш қолданған. 18 сағат бойы қамауда болған қырғыз азаматтары сол күні кешкісін Қазақстан аумағынан шығарылған. Алматы билігінің әрекетіне наразылық танытқан қырғыз азаматтары Бішкектегі үкімет үйінің алдында наразылық шарасын өткізді” деген ақпарат таратты. Осы ақпаратқа орай, Алматы қалалық ішкі істер депртаментіне хабарласқан «Азаттық» тілшісіне аталған мекеменің баспасөз қызметкері Арман Жусанбай:

“Қараша айының 26-сы мен желтоқсан айының 2-сі аралығын қамтитын кезекті “Құқық тәртібі” шарасы кезінде Алматы қаласы бойынша алыс-жақын шет елдерден келген 546 заңсыз еңбек мигранттары анықталып, 211-і қарашаның 27-сі күні Қазақстан аумағынан шығарылды. Олардың арасында 43 тәжік азаматы, 50 өзбек, 1 түрік, 1 қытай және 8 қырғыз азаматтары бар. Бұлар арнайы құрылыс мекемелерінде құжатсыз, келісім-шартсыз жұмыс істеп жүрген заңсыз еңбек мигранттары. Олардың визаларының толтырылуы нормаға сай емес”, - деп жауап берді.

Алматы қаласындағы көтерме базарда 6 жылдан бері саудамен айналысып жүрген қырғыз азаматы Ишенгүл Қазақстан аумағынан шығарылған қырғыз азаматтарынның бәрі бірдей заңсыз еңбек мигранттары болмағанын айтады. Ол өзімен бірге заңды түрде жұмыс істеп жүрген 6 адам “Құқық тәртібі” шарасына ілініп кетті дейді:

- Менімен жұмыс істейтін 6 адамның да үш айлық тіркеулері бар болатын. Полиция олардың құжатына қараған жоқ. Алып кетті.

Ал оқиғаны көзімен көрген тәжікстандық азамат: “Қазақстан полицейлері жексенбі күні ертеңгілік базардағы жұмыстарына келген 70-ке жуық тәжік азаматтарын жан-жақтан қамауға алды. Ұсталған 70 адамның 40-ын полиция көлікке тиеп алып кетті. Босатылған кейбір азаматтар полиция қызметкерлеріне ақша ұсындық деп отыр” дейді.

Жоғарыдағы тәжік азаматының пікіріне Алматы қалалық ішкі істер департаментінің өкілі Арман Жусанбай:

“Алматы қалалық басқармасында сенім телефондары жұмыс істейді. Полиция тарапынан заң бұзушылықтар орын алса сенім телефоны арқылы кез-келген азамат шағым айта алады. Шараның алғашқы күндерінде шығарылған азаматтар әкімшілік соттың шешімі арқылы шығарылып отыр. Ұсталған азаматтардың мекемелермен еңбек келісім-шарты болса, ондайлар қалдырылады. Өз бетінше саудамен айналысып жүргендердің ісі заңсыз болып саналады. Бұл шараның сайлауға еш қатысы жоқ. Бұл әр уақытта жүргізілетін қылмысты элементтерді анықтау. Еліміздің территориясын заңсыз келушілерден тазарту”, - дейді.

Оның айтуынша, “Құқық тәртібі” шарасы республика аумағында әлі де жалғасып, Қазақстанда заңсыз еңбек етіп жатқаны анықталған алыс-жақын шетел азаматтары ел аумағынан шығарылады.
XS
SM
MD
LG