Accessibility links

Алматыдағы 4 базарда шыққан өрттен зиян шеккен кәсіпкерлер наразылықтарын білдіруде


Жексенбі күні Алматы қаласындағы бір-біріне жапсарлас орналасқан төрт базардың қоймалары жанып кеткен болатын. Бұған дейін өртке оранған Алматы әуежайынан кейінгі қаладағы ең ірі екінші төтенше оқиғадан зиян шеккен кәсіпкерлер наразылықтарын білдіріп, шарасыз күйде қалып отырғандарын айтуда.

Қырғызстаннан келіп, төрт жылдан бері Алматы қаласындағы «Ақжар» базарында сауда жасап жүрген Кеншібек Маматов жексенбі күнгі тілсіз жаудың салдарынан барлық тауарлары өртеніп кетіп, бірінші рет тығырыққа тіреліп отырғанын айтады. Кенеттен өрт қау берген уақытта оны өз күшімізбен өшіреміз деген әріптес кәсіпкерлердің әрекеті ең басты қателік еді дейді ол. Соның салдарынан өрт бой бермей кетіп, бір-біріне жапсарлас төрт базардың аумағында көлемі 10 мың шаршы метрді алып жатқан жерге орналасқан қоймаларды тұтас жалмаған тілсіз жауды тек өртке қарсы күрес қызметі адамдарының көмегімен арада бірнеше сағат өткеннен кейін ғана ауыздықтауға мүмкін болған. Алайда жалын ішінде көптеген дүние-зат түк қалмай жанып кеткен.

Осы іс бойынша құрылған арнайы комиссия қазір өрттің шығу себебін анықтауға кіріскен. Бірақ, қырғыз кәсіпкері Кеншібек Маматов өрттің шығуына себепкер болған айыпкерді тапқанымен, енді төрт бірдей базардың қоймаларындағы жанып кеткен тауарлардың шығынын қайтару мүмкін емес екенін айтады.

Бұл жайтқа орай «Ақжар» базары әкімшілігі басшыларынан түсініктеме беруін сұраған «Азаттық» тілшісіне базар басшыларының бірі Закир Басуров:

«Мен қазір ешқандай түсініктеме бере алмаймын. Оған құқым да жоқ», - деп жауап берді.

Ал Алматы қалалық әкімшілігі Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлфайрус Қабденқызы бұл жағдайға базарлардың басшылары мен кәсіпкерлердің өзі кінәлі дегенді айтты. Ал осы базардағы өз қоймасын тазалап, сырлап, қайта жөндеп жатқан Иманжон Атсалымов әріптес кәсіпкерлердің бірігіп, базар әкімшілігін сотқа береміз деп жатқан әрекеті ғана өз көңіліне үміт ұялатып отырғанын алға тартты.

«Мұндағы бірде бір тауардың сақтандырылмағаны - ең басты қателігіміз болып отыр», - дейді ол.

Базардағы өртке қатысты Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент директоры Бауыржан Бейсенұлы сәрсенбі күні «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында өрт салдарынан келген шығын көлемі қазіргі таңда ондаған миллион долларға жетіп отырғанын хабарлады.

«Дегенмен, бұл шығынды өртенген тауар иесіне ешкім қайтармайды. Тек егер тауарлар сақтандырылған болса ғана, зиян шеккен адамға қайтарылуы мүмкін», - дейді Бауыржан Бейсенұлы.

Сондай-ақ Бауыржан Бейсенұлы өрттің шығуына кінәлі табылып, кінәсі анықталғаннан кейін, егер ол келтірілген шығынды өтей алмаса, онда қылмыстық іс қозғалады дейді.
XS
SM
MD
LG