Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.30.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сәрсенбі күнгі газеттер мен интернет-басылымдарда президент сайлауынан кейін Қазақстанның саяси өміріне елеулі өзгеріс әкелетін рефоралардың жасалатындығы туралы болжамдар айтылыпты. Кейбір сарапшылардың болжамына сүйенсек, 2006 жылдан кейін мемлекетте президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшудің жолдары қарастырылуы ықтимал.

Сәрсенбі күнгі “Казахстанская правда” басылымында жарық көрген Татьяна Бредхинаның мақаласында президент сайлауы күні қоғамдық тәртіпті сақтау үшін бақылаудың қатайтылатындығы хабарланыпты. Газет тілшісіне Берген сұхбатында Астана қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Владимир Козак, дауысты санау күні Астанада қоғамдық тәртіптің сақталуы үшін құқық қорғау орындары қызметкерлеріне айрықша сенім артылып отырғандығын атап өтіпті. Сондай-ақ, мақалада сайлау күні Астанада күзеттің күшейтілетіндігі және қалада мыңнан астам полицейлердің кезекшілік атқаратындығы да айтылыпты. Ал, аталмыш басылымда жарық көрген Раушан Шүлембаеваның мақаласында Қазақстандағы оппозициялық күштердің сайлау қорытындысын қалай қабылдайтындығы көптеген сарапшылардың алаңдаушылығын туғызып отырғандығы туралы сараптама жасалыныпты. Кейбір сарапшылардың болжамына сүйенсек, сайлаудан кейін оппозицияның ішінде ыдыраушылық болуы ықтимал. Мақала авторының айтуынша, 2006 жылы елдің өміріне елеулі өзгеріс әкелетін саяси шешімдер қабылдануы мүмкін.

“Куб” интернет-парақшасында жарық көрген мақалада да Қазақстанда 2006 жылы саяси өзгерістердің көп болатындығы айтылып, алдағы уақытта мемлекетте президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшу жолдарының қарастырылуы мүмкін екендігі туралы сараптама жасалыныпты. Атап айтқанда мұндай қорытындыны саясаттанушы Сәбит Жүсіпов жасап отырған көрінеді. Сәбит Жүсіповтың айтуынша, алдағы өтетін президент сайлауы үлкен саяси өзгерістердің жасалуына мұрындық болады.

Интернеттегі “www.mizinov.net” парақашасында жарық көрген “Қазақстанның саяси-билік жүйесіндегі ықпалды топтар” атты мақалада алдағы үш жылдың ішінде Қазақстанның саяси-билік құрылымында елеулі өзгерістердің болуы мүмкін екендігіне байланысты сараптама айтылыпты. Мақала авторының талдауына сүйенсек, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдың ішінде қазіргі жүргізіліп отырған ойынға разы емес саяси-экономикалық топтар қалыптасып үлгірді. Осыған орай мақала авторы шын мәнісінде Президенттіктен үміті бар кандидаттардың осы жолғы емес, келесі президенттік сайлауға дайындалып жатқандығы туралы ойын білдіріпті. Сонымен қатар автор өз мақаласында билік ауысу кезінде ықпалды топтардың маңызды қызмет атқаратындығына айрықша тоқталып, Қазақстанда қалыптасып үлгірген ондай топтарды төртке бөліпті. Атап айтқанда, бірінші дәрежедегіге Президенттің өзі, екіншісіне президенттің күйеу балалары мен қыздары, «Казкоммрецбанк» пен Машкевичтің тобы, үшіншіге Мұхтар Әблязов, Марғұлан Сейсембаев, Райымбек Батталов сынды бизнесмендер, ал төртінші дәрежедегіге мықты негізі бар жеке экономикалық құрылымдар жатады екен.

“Экспресс К” басылымында Еуропадағы Ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымының өкілдері Симеон Апостолов пен Джон Клейтонның Шымкенттегі сайлау учаскелерінде болып қайтқандығы хабарланыпты.

“Литер” басылымында жарық көрген журналист Сергей Дувановтың мақаласында бұл сайлаудың оппозиция үшін үлкен сабақ болатындығы айтылыпты. Сергей Дувановтың айтуынша, Назарбаевтың қарсыластары сайлау науқаны басталмай жатып-ақ жеңіліске ұшырады. Оның себебін тәуелсіз журналист сайлаудың болатынын біле тұра оппозиция өкілдерінің үш ай бойы өз насихатын жүргізбей қол қусырып отырғандығымен байланыстырыпты.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген Жеңіс Адаловтың мақаласында Қазақстан Президенттігіне кандидаттардың бірі Жармахан Тұяқбайдың сайлауалды бағдарламасы сынға алыныпты.
XS
SM
MD
LG