Accessibility links

Желтоқсанның 1-і – СПИД дертімен күрестің дүниежүзілік күні


ВИЧ/СПИД дертімен күресуді қолға алған мамандар келер жылы қандай бағдарламамен жұмыс істейтінін білмейді. Мамандардың сөзіне жүгінсек, бүгінгі таңда олар бұл дерттің алдын алу үшін арнайы насихат жұмыстарын жүргізіп жатқанымен, мұның нәтижесі аз болып тұр. Насихат жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілмегендіктен, ауыл жастары арасында аса қауіпті дертке шалдығатындардың саны артып отыр.

Жыл сайын желтоқсанның 1 болған күні Қазақстан оқушылары оларға осы күні мектепте қандай мәселе айтылатынын біледі. Бұл мәселе туралы ұстаздар жиі айтып тұратындықтан Айдос Ұланов бұл дерттің алдын алу жолдарын жақсы біледі.

- СПИД - бұл жастар арасында көп тараған ауру. Көп жағдайда бұл дерт нашақорлар арасында тез тарайды.

Қала балалары ВИЧ/СПИД аурулары туралы хабардар болғанымен, ауылда тұратын мектеп оқушылары мен жасөспірімдер толыққанды осы салада бар ақпаратқа қол жеткізе алмайды, дейді 9 сынып оқушысы Маржан Ильясова.

- Біз, қалада ғана бұл дерт жөнінде білеміз, оның өзінде бізге бұл жөнінде нашақорлыққа қарсы күнге орай айтады, ал көп жағдайда ВИЧ/СПИД дерті туралы ашық айта бермейді.

Мамандардың айтуынша, ақпараттың аздығынан қазіргі кезде ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққандардың арасында ауыл жастары көбейіп отыр. Бұрын мұндай оқиғаларды сирек кездестіретінбіз, дейді СПИД-пен күрес және оның алдын алу жөніндегі республикалық орталықтың директоры Исидора Ерасылова.

- Жағдай қиын, себебі ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққан азаматтарды әрбір аудан, әрбір ауылдан табуға болады. Себебі, қазіргі кезде 10-15 жастағы балалар арасында есірткі пайдаланушылар бар, солар бар ережені білмегендіктен бір-біріне жұқтырады.

Ауылды жерлерде тұратын жастар арасында аса қауіпті дерттің тарамауына қазақстандық мамандар айтарлықтай атсалысып жатқанымен, мұның нәтижесі бізді қуанытып отырған жоқ, дейді Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары жөніндегі ұлттық орталық директоры Қазбек Төлебаев.

-Ауылда, қалада барлығына бірдей бұл мәселеге арналған тақырып тек факультативті сабақтарда көтеріледі. Кейбе бұл сабақтар болмай қалады, кейде бұл пәннен беретін ұстаздардың өздері де жоғарыда аталған дерт туралы хабардар болмай шығады. Мәселен, ұстаздардың 40 пайызы ғана бұл жайында хабардар болса, 60 пайызы білмейді. Сол себептен осы мақсатта жасап жатқан жұмысымыз нәтижелі болмай отыр. Бірақ оған қарамастан, біз бұл бағытта жасайтын жұмысымызды одан әрі жалғастырамыз.

Қазақстанда ресми түрде ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққандардың саны 6 мыңға жуық адамды құрайды. Ал ВИЧ-пен өмір сүріп жатқандардың саны 20 мыңдай адам болады екен, бірақ бұл тек ресми мәлімет дейді мамандар. Соңғы 10 жылда бұл дертке шалдығушылардың саны екі есе өскен. ВИЧ/СПИД дертінің алдын алу үшін арнайы жүргізілетін насихат жұмыстарын нәтижесіне осындай жұмыспен шұғылданатын маман, ВИЧ\СПИД жөніндегі Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріндегі кеңесші Ирина Савченко да риза емес.

- Себебі, осы бағытта жасалып жатқан жұмыс көлемі өте аз. Қай мемлекетті алсаңызда, бұл мақсатта жасалып жатқан жұмыс мөлшері көп деуге болмайды, өте аз деп айтамын”, - дейді Ирина Савченко.

Бүгінгі таңда қазақстандық мамандар ВИЧ/СПИД дертімен күрес жөніндегі арнайы бағдарлама аяқталып, оның орнына жаңа бағдарлама әзірленбегенін айтады. Бұл бізді қатты толғандырып отыр дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG