Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.01.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Қазақстанда бейсенбі күні жарық көрген тәуелсіз басылымдарда Алматы қаласының ішкі істер департаментінің белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділовтың қазасы төңірегіндегі тергеудің ресми қорытындысын алдын-ала жариялап үлгіргендігіне байланысты сараптама мақалалар жарық көріпті. Адвокат Серікқали Мусин бірнеше фактілерді жария етіпті. Оның айтуынша, тергеу жұмыстары дер кезінде жүргізілмеген, Заманбек Нұрқаділовтың денесі табылған сәтте қылмыскердің ізіне түсу үшін кинологтар шақырылмаған. Қылмыс болған жер мұқият тексерілмеген. Қанның жасырын іздерін анықтау Заманбек Нұрқаділовтың қазасынан екі жұма өткеннен соң ғана жүргізілген.

“Жас Алаш” басылымында жарық көрген Шадияр Өстемірұлының мақаласында Алматы қаласының ішкі істер департаментінің белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділовтың қазасы төңірегіндегі тергеудің ресми қорытындысын алдын-ала жариялап үлгіргендігіне байланысты сараптама жасалыныпты. Бұл қорытындыға сенсек, биліктен сескенбей батыл мінез танытқан белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділов “ыдыс-аяқтың сылдырына” бола өзіне-өзі қол жұмсаған. Газет тілшісінің талдауына сүйенсек, осы адам сенгісіз қорытындыға халықты иландыру үшін биліктің бақылауындағы телеарналар, электронды ақпарат құралдары Мақпал Жүнісоваға аямай қара күйе жағумен айналысуда. Автор өз мақаласында Ішкі Істер Министрі Бауыржан Мұхамеджанов пен “Хабар” арнасы арқылы Мақпал Жүнісованы “ішімдікке әуес, жанжалшыл әйел ретінде көрсетіп, “Мақпалдың осындай әрекеттері күйеуін өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеуі мүмкін” дегенге саятын әңгімелерді өршіткендігін де тілге тиек етіпті. Бауыржан Мұхаметжановтың полиция қызметкерлері осы қылмыс жайында хабар жеткен соң жеті минуттың ішінде жеткендігін айтқаны мәлім. Бірақ адвокат Серікқали Мусин бейнекамераларда жазылған деректерге сүйеніп, полиция қызметкерлерінің жеті минутта емес, шамамен жарты сағаттың ішінде жеткендігін хабарлапты.

“Свобода слова” басылымында жарық көрген “министр Мұхамеджанов Мақпалды қудалап жатыр” атты мақалада адвокат Серікқали Мусиннің бірнеше фактілерді жария еткендігі баяндалыпты. Оның айтуынша, тергеу жұмыстары дер кезінде жүргізілмеген, Заманбек Нұрқаділовтың денесі табылған сәтте қылмыскердің ізіне түсу үшін кинологтар шақырылмаған. Қылмыс болған жер мұқият тексерілмеген. Қанның жасырын іздерін анықтау Заманбек Нұрқаділовтың қазасынан екі жұма өткеннен соң ғана жүргізілген. Ал, аталмыш басылымдағы Гүлжан Ерғалиеваның мақаласында билік тарапынан шындыққа сәйкес келмейтін түрлі болжамдардың жасалуы Заманбек Нұрқаділовтың жұмбақ өлімінің артында саясаттың жатқандығын аңғартады деген болжам айтылыпты. Сонымен қатар автор өз мақаласында Заманбек Нұрқаділовтың өліміне байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстап отырған позициясының түрлі күдік туғызатындығын да айрықша тоқталыпты. Мақала авторының айтуынша, Заманбек Нұрқаділовтың жұмбақ өліміне қатысты Нұрсұлтан Назарбаев ол өзін-өзі өлтірді деген сыңайдағы адам нанғысыз болжамдардың жасалуына жол бермей, шынайы қылмыскерлердің табылуына ықпал етуі тиіс.

Адвокат Серікқали Мусин “Жұма таймс” газетіне берген сұхбатында Заманбек Нұрқадаловтың жұмбақ өліміне қатысты тергеу орындарының оның жұбайы Мақпал Жүнісованы айыптауға ешқандай да негіздерінің жоқ екендігінен хабардар етіпті. Газет тілшісіне берген сұхбатында Серікқали Мусин тергеу орындары қызметкерлерінің жұмысына разы еместігін сөз қылып, олардың әрекеттерінен жоғары жақтан берілген бір тапсырысты орындап жатқан секілді іс-қимылдардың байқалатындығы туралы өз ойын білдіріпті. Сондай-ақ Серікқали Мусин қазіргі уақытта Мақпал Жүнісованың қатты жан күйзелісіне ұшырап ауырып қалғандығын да айтып өтіпті.

“Сөз” басылымына берген сұхбатында Мақпал Жүнісова Ішкі Істер Министрі Бауыржан Мұхаметжановтың күйеуінің өліміне байланысты түрлі өсектер мен қаңқу сөздерді ресми түрде жариялап жатқандығына наразылық білдіріпті. Сондай-ақ Мақпал Жүнісова тергеу орындары оны күйеуін өлтірді деген айып таға бастаса, халықтан көмек сұрауға мәжбүр болатындығын хабарлапты.
XS
SM
MD
LG