Accessibility links

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы желтоқсанның 4-і күнгі сайлауға «Сайлау» электронды дауыс беру жүйесін қосу туралы шешім қабылдады

  • Досан БАЙМОЛДА

Желтоқсанның 4-і күні болатын президент сайлауына бірнеше күн қалғанда қарашаның 30-ы күні президентіктен үміткерлер - Е.Әбілқасымов, Ә.Бәйменов және Ж.Тұяқбайдың сайлау штабтары Орталық сайлау комиссиясына арнайы хат жолдап, онда алдағы сайлауда «Сайлау» электронды дауыс беру жүйесін қолданбауға шақырған болатын. Олар өз хаттарында бұл жүйенің сайлау заңын бұзуға және президент сайлауының әділетсіз өтуіне қолайлы мүмкіндіктер туғызатындығын мәлімдей келе, өткен жылғы парламент сайлауында электронды дауыс беру жүйесінің дұрыс жұмыс істемегендігін алға тартқан. Сондай-ақ электронды дауыс беру жүйесін сайлаушылардың азаматтық ықтиярынан тыс, мәжбүрлі жағдайда қолданудың дұрыс еместігін мәлімдеген.

Бұл жөнінде «Азаттық» радиосына сұхбат берген кандидат Ж.Тұяқбайды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың бастығы Болат Әбілов Орталық сайлау комиссиясының осы электронды дауыс беру жүйесіне қатысты өз талап-ұсыныстарына әлі жауап бермей отырғандығын айтты. Орталық сайлау комиссиясының «Сайлау» электронды дауыс беру жүйесінің техникалық қызметі жөніндегі республикалық орталықтың директорының орынбасары Самат Уәли «Сайлау» электронды дауыс беру жүйесіне қатысты бұл айтылғандардың бәрі қып-қызыл жала, яғни өтірік деп отыр. Оның айтуынша, өткен жылғы парламент сайлауында сайлаушылардың 30 проценттен астамы осы дауыс беру жүйесін қолданып өз дауыстарын берген.

«Ал құпиялық сақталмайды, дауысты есептеген кезде заңсыздық жағдайларға орын берілуі мүмкін дегендердің бәрі бос сөз. Сондықтан, президентіктен үміткерлердің бұл мәлімдемесімен келіспейміз, «Сайлау» электронды дауыс беру жүйесі өткен парламент сайлауында өзінің қажеттілігін, қателеспейтінідігін көрсете алды», - дейді Самат Уәли.

«Жұма-Таймс» басылымының бас редакторының орынбасары Бақытгүл Мәкімбай: «электронды дауыс беру жүйесіне халық әлі жақсы сенбей отырғаны белгілі. Сондықтан да осыны қойып, оның орнына, ең дұрысы, әркім өзінің бұрыннан үйренген дәстүрлі жолмен - қағаз бюллетенмен дауыс бергені болмақ» десе, саясаттанушы Ерлан Қарин «сайлау әділ, таза өтуі үшін оны басқа бір нәрселерден, яғни электронды дауыс беру жүйесін қолдану керек пе, жоқ па деген секілді нәрселерден іздемеу керек. Сайлау дұрыс өтуі үшін ең алдымен қазіргі Орталық сайлау комиссиясының құрылымын қайта қарап жөндеу керек, яғни ол шынымен бейтарап жағдайда тек парламент алдында ғана есеп беретін болуы керек, сонда ғана сайлау әділ, таза өтеді, ал ондай болмаған жағдайда әділ сайлау туралы айту қиын» деген пікір айтады.

Желтоқсанның 1-і күні Орталық сайлау комиссиясы желтоқсанның 4-і күні таңғы сағат 03.00те Қазақстан президентігінен үміткерлер, халықаралық бақылаушылар және БАҚ өкілдері алдында «Сайлау» электронды дауыс беру жүйесін іске қосатындығы жөнінде қаулы қабылдады.
XS
SM
MD
LG