Accessibility links

Шымкентте өзбекстандық азаматтар белгісіз жағдайда жоқ болып кетті

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Шымкентте өзбекстандық азаматтардың ұшті-күйлі жоғалуына Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздіқ комитетінің қатысы болуы ықтимал деген ақпарат Интернетте тарап үлгерді. Бірақ, ҰҚК өкілдері бұл ақпаратты теріске шығарып отыр. Ал Қазақстанның адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесінің жетекшісі Резеда Глущенко жоғалып кеткен өзбек азаматтарының саны 10 адам болған дейді.

Сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Резеда Глущенко:

«Жоқ болып кеткен Өзбекстан азаматтары туыстарының кейбірі қараша айының 25-і, ал енді бірі 28-і күні Қазақстанның адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесіне көмек сұрап қайырылды. Олар өз туыстарының белгісіз жағдайда жоқ болып кеткендігін айтты», - деді.

Оның айтуынша, осыдан кейін аталмыш бюро Оңтүстік Қазақстан облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, облыстық прокуратураға және Ішкі істер басқармасына сол адамдарды табуға көмек көрсетуін өтініп сұрау салып, хат жолдапты. Құзырлы орындар үш күннен кейін жауабын беруге тиісті болған.

Осы мәселеге орай Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер басқармасынан «Азаттық» радиосына берген жауабында осы басқарманың баспасөз қызметкереі Салтанат Қаракөзова:

«Облыстық ішкі істер басқармасында өзбекстандық азаматтар ұсталды деген дерек тіркелген жоқ. Бұл мәселеге байланысты мен ешнәрсе айта алмаймын», - деді.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің осы облыстағы департаментінің баспасөз қызметкері Нұрлан Тасқымбаев бұл мәселеге қатысты қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Адам құқығын қорғаушылар болса бұл іске қауіпсіздік органдарының қатысы жоқ па деп күдіктенеді.

«Бізге ол азаматтарды Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің ұстап, белгісіз жаққа алып кеткендігі мәлімттер жетіп отыр. Кеше, яғни қарашаның 29-ы күні, жоғалып кеткен азаматтардың туыстарымен бірге облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінде болдық. Бүгін тағы сол комитетке қоңырау шалғанымызда олар бүгін кешке дейін бір жауабын беруге келісім берді», - дейді Шымкенттегі адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның жетекшісі Резеда Глущенко.

Оның айтуынша, әлгі жоқ болып кеткен өзбекстандық 10 азаматтың 4-еуінің БҰҰ жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық өкілдігінде босқын ретінде тіркелуде екендігі туралы кепілдеме құжаттары бар.

Сәрсенбі күні БҰҰ жоғарғы комиссары басқармасының Алматыдағы аймақтық өкілдігінен бұл мәселелерге байланысты «Азаттық» радиосына жауап беретін қызметкер табылмады.

Ал Резеда Глущенко жалпы ол азаматтардың қанша уақыттан бері Қазақстан аумағында тұрып жатқандығынан өдерінің хабарсыз екенін айтады. Оның айтуынша, қазірге белгілісі - Өзбекстан үкіметі бұл азаматтарға діни экстремистік ұйымдарға қатысы деген бар деп іздеу жариялаған екен. Жұмбақ жағдайда ұшты-күйлі жоғалып кеткен 10 азаматтың арасында Ташкенттегі бір мешіттің бұрынғы имамы да бар делініп отыр.
XS
SM
MD
LG