Accessibility links

«Қазақфильм» кинокомпаниясы жекешелендірілетін болды

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Қазақстан үкіметінің қаулысымен елдегі бірқатар мемлекеттік мәдениет және өнер мекемелері акционерлік қоғамдарға айналмақ. Сондай мекеменің бірі - Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы болмақ.

ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің өкілдері осы кезге дейін мемлекет меншігінде болып келген кинокомпанияны акционерлік қоғамға ауыстыру арқылы өздігімен табыс табатын жолдарын қарастыру - нарық талабы болып отыр дегенді алға тартады.

«Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясын акционерлік қоғамға айналдыру елдің кино өндірісі саласына тікелей инвесторларды тартуға мүмкіндік береді», - дейді Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің бөлім бастығы Камила Сағымханова.

Оның айтуынша, қазіргі таңда инвесторлар мемлекетке қарайтын кино мекемесімен қандай да жұмыс істеуге құлықсыздық танытып отыр.

«Ал киностудия жаңа құрылымға көшсе ақшаны өзі таба алмақ. Және оның қайтарылуына да қызығушылық танытып, жауапкершілікті де өз мойнына алады», - дейді Камила Сағымханова.

Бұл жоба үкіметтің жоспары бойынша, төрт жылдың көлемінде кино саласына инвесторларды тарту тұрғысында жүргізілмек. Содан кейін киностудия акциялары қызығушылық танытқан тұлғаларға беріледі дейді министрлік өкілі. Және де ол бұл мәселе тек Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына ғана қатысты емес, елдегі өзге де бірқатар мәдениет пен өнер мекемелері осы бағытта жұмыс істейді дейді. Алайда, «Ұлы шайқас» атты киножобаның жетекшісі әрі продюсері Сабыржан Махметов үкіметтің бұл қадамы өзіне түсініксіз екенін айтады.

«Себебі, киностудия өз бетімен қаржы таба алмайды. Керісінше, қалталы алпауыттың жеке иелігінде кетеді», - дейді С.Махметов.

Бұл мәселеге орай Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының директоры Сергей Әзімовтің пікірін білу мүмкін болмады. Желтоқсанның 2-күні осы сауалмен хабарласқан «Азаттық» тілшісіне директордың хатшысы:

«Қазір ол акционерлендіруге байланысты ешқандай түсініктеме бермейді» - деп жауап берді.

Қазақсандық киноактер Нұржұман Ықтымбаев болса, осы уақытқа дейін неше түрлі құрылымдарды бастан өткерген киностудияның немен айналысса да, әйтеуір кино түсірсе болды деген пікір білдірді. Ал, ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің бөлім бастығы Камила Сағымханова Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясын акционерлік қоғамға айналдыру 2006 жылдан бастап жүзеге асырыла бастайтынын айтады.
XS
SM
MD
LG