Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.03.2005 жыл

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Сенбі, желтоқсанның 3-і күні жарыққа шыққан “Қазақстан Zaman”, “Казахстанская правда - Қазақстан”, “Экспресс К”, “Азамат кz”, “Жас Алаш” басылымдары қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелерге назар аударған екен.

“Қазақстан Zaman” басылымының бетінде жарық көрген “Шаңырақ халқы шаммен отыр” атты оқырман хатында ай мен күннің аманында Алматының іргесіндегі Шаңырақ елді-мекенінің белгілі-бір бөлігі электр жарығына зар болып отырғандығы айтылыпты. Сондай-ақ басылым халықты ертең болатын сайлауға келіп дауыс беруге шақырады. Газет бетінде Ертай Айғалиұлы “Алтын таққа отырсын ұлы әділет!” атты мақаласында халықтың ертеңгі сайлауға деген самарқаулығын тілге тиек етіп, оқырмандарға: “Бұл сайлаудың бет әлпеті мүлдем өзгеше. Әділ де көпшіл халқын бай ететін, коррупцияны жоқ ететін президентті сайлап алмасақ ол өзімізге ертең сор болады. Белсенді бол халқым, самарқаулығыңды қой! Сонда ғана алтын тақта әділет отырады”, деп оқырмандарды сайлауға қатысуға үндепті.

Сайлау тақырыбын сөз еткен “Казахстанская правда - Казахстан” апталық басылымы сайлау күні Қазақстандағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін 20000 мыңнан астам құқық қорғау қызметкерлері мен ішкі әскерилер жұмыс істейтіндігін хабарлапты. Астана қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Владимир Козак: “Астана қаласында сайлау күні орын алуы мүмкін кез-келген арандатушылық оқиғаның алдын алуға біздің горнизон сақадай сай тұр”, дейді. Басылым бетінде Алматы қаласы әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің: “Сайлау күні алматылықтар еш алаңсыз дауыс бере алады. Біз халықтың қауіпсізідігін қамтамасыз етеміз” деген мәлімдемесі жарияланыпты. Сондай-ақ, газет Қазақстан аумағынан депортацияланған қырғыз азаматтарының Қазақстанда қалып кеткен балалары мен мүліктерін алып кету үшін қырғыз азаматтарға желтоқсанның 6-сынан кейін ел аумағына келуге рұқсат берілгендігін хабарлапты.

“Экспресс К” басылымының соңғы санында жарық көрген Салман Фармановтың мақаласында: “Ертеңгі сайлауда оппозицияның жеңісіне не кедергі?” деген сауал қойылып, осы сауал төңірегінде талдау жасалыпты. Автор: “Қазір мәселенің бәрін ақша шешетіндігі ешкімге кұпия емес. Көгілдір экран мен газет бетінен көрінгің келсе, ақысын төле де шыға бер. Ал ақша мәселесі оппозицияда проблема емес. Басты мәселе - оппозицияның саяси күш ретінде шынайы тартысқа дайын еместігінде болып отыр”, деп жазады.

Ал “Азамат кz” басылымының кезекті санында Алматы іргесінде орын тепкен “Шаңырақ”, “Думан” сияқты елді-мекендерден 40 мыңнан астам азамат дауыс беруге қатыса алмайтындығы хабарланыпты.

Сенбілік санында “Жас Алаш” басылымы әлеуметтік мәселелерге назар аударған екен. “Қара халық жүрген жерге қасірет неге үйір атты” мақалада өткен жексенбіде Алматыда өртке оранған 4 базарда саудагерлерге келген шығынның әлі күнге дейін беймәлім болып, құзырлы орындар өрттің шығу себебін тексеруге комиссия құруға да асықпай отырғандығы баяндалыпты.
XS
SM
MD
LG