Accessibility links

ЕҚЫҰ-ы Қазақстандағы тағы бір президент сайлауын халықаралық стандарттарға лайық емес деп бағалады


АСТАНА. Бүгін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстандағы кешегі президент сайлауын демократияның халықаралық стандарттарына лайық емес деп мәлімдеді. Еуропалық ұйымның пікірінше, сайлау жәшіктеріне жалған бюллетеньдерді салу, сайлаушыларды қорқытып-үркіту, түрлі арандатушылық әрекет, үгіт-насихат науқанын шектеу немесе оған бөгет жасау, дауыс беру барысына негізсіз араласу және тағы басқа жаппай заңсыздық президент Н.Назарбаевтың әділ жеңіске жеткеніне күмән келтіреді. Бүкіл сайлау барысында бақылауда болған әрбір сайлау учаскесінің бірінде дауыс беру процесі “нашар немесе өте нашар болды” деп атап көрсетті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы. Онымен қарама-қатар сайлауды бақылаған ағылшын парламентінің өкілдері бұл сайлауды “Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең әділ, ең ашық әрі еркін сайлау болды” деп мәлімдеді. Бүгін Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы сайлауда қазіргі президент Н.Назарбаев 91 процент дауыспен жеңіске жетті деп мәлімдеді. Ал оның басты бәсекелесі Ж.Тұяқбай – 6,5 процент дауыс жинаған. Соған байланысты «Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының төралқасы бүгін арнайы саяси мәлімдеме жасап, “Қазақстан Республикасы Президентін сайлаудың бүгін Орталық сайлау комиссиясы жариялаған нәтижесі - сайлау науқанының барлық кезеңінде ресми билік тарапынан заңдар мен Конституцияны жаппай бұзушылықтың... тікелей салдары болып табылады” деп атап көрсетіп, таяуда конституциялық мүмкіндіктер мен тегершіктерді қолдана отырып, сот органдарында сайлау нәтижесінің күшін жоюды талап ететінін мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG