Accessibility links

Оппозициялық кандидат Қазақстандағы президент сайлауының алғашқы ресми қортындысымен келіспейтінін айтып, мәлімдеме жасады


Желтоқсанның 4-і күні Қазақстанда өткен президент сайлауының алғашқы қортындысын дүйсенбі күні Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков жариялады. Оның айтуынша, барлық сайлаушылардың 77 проценттейі қатысып, дауыс берген бұл сайлаудың алдын-ала қортындысы бойынша қазіргі президент Н.Назарбаевтың 91,01 процент дауыс алғанын, ал президенттіктен үміткерлер - Ж.Тұяқбайдың 6.64 процент, Ә.Бәйменовтың 1,65 процент, Е.Әбілқасымовтың 0,38 процент және М.Елеусізовтың 0,32 процент дауыс алғанын хабарлап отыр. Алайда, желтоқсанның 5-і күні түстен кейін Алматыда президентіктен үміткер, «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізіп, сайлау қортындысына қатысты «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысы басшылығының көзқарасын білдірген саяси мәлімдеме жасады.

Ж.Тұяқбайдың айтуынша, билік өзінің сайлау алдында уәде еткен сайлауды әділ, таза өткізіеміз деген уәделерін орындамады.

«Орталық сайлау коммисиясының дүйсенбі күні жариялап отырған сайлаудың алғашқы қортындысы және сайлау алды насихат кезіндегі билік тарапынан жасалған жүгенсіздіктер мен сайлау күнгі заң бұзушылықтардың бәрі Қазақстан Конституциясы мен заңдылықтың өрескел бұзылғандығын паш етіп отыр. Сондықтан да біз Орталық сайлау комиссиясының бұл қортындысымен келіспейміз және оны мойындамаймыз. Біз, Орталық сайлау комиссиясынан сайлау өткен учаскелерде сайлау қалай өткендігі туралы барлық хаттамалардың көшірмесін талап етіп отырмыз», - деді Ж.Тұяқбай өз мәлімдемесінде.

Оның айтуынша, сайлауға барлық сайлаушылардың 77 процентейі қатысып, дауыс берді деген мәлімет пен сайлауға шынымен қатысып дауыс бергендер арасында үлкен айырмашылық бар.

«Өйткені, билік тарапынан айтылып отырған бұл сан үкіметтің өзі құрған сайлау комиссяилары тарапынан заңдылықты өрескел бұзу арқылы, яғни сайлау учаскесінде тіркеусіз адамдарға бюллетендер беріп оларды қатыстыру арқылы немесе алдын ала дайындалған қосымша тізімдерді пайдалану арқылы, тағы басқа жолдармен жасалған», - дейді Ж.Тұяқбай.

Оның айтуынша сайлау күні көптеген сайлау учаскелерінде сайлаушыларды, әсіресе студенттер мен бюджеттік мекемелер қызметкерлерін электрондық дауыс беруге күштеген фактілер орын алған.

«Ал, сөйте тұра мыңдаған сайлаушылар сайлау тізімінде өздерін таппай, конституциялық құқықтарын иелене алмады. Дәл осындай мыңдаған заң бұзушылық оқиғалары мен фактіліері тіркелді. Соған қарамастан сайлау әділ, жақсы өтті деп алдын ала баға беріп, сайлаудың алғашқы қортындысын жариялауды біз дұрыс деп есептемейміз. Сайлау қортындысы өрескел заң бұзушылық жағдайында жасалды деп көріп, өзіміздің конституциялық құқығымыз аясында әділеттілік жолында алдағы күндері бұл сайлаудың алғашқы қортындысын өзгерту үшін күш саламыз. Орталық сайлау комиссяисынан сайлауда дауыс берген барлық сайлаушылардың тізімі мен барлық сайлау учаскелеріндегі сайлау хаттамаларының көшірмесін талап етеміз» делінген «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының дүйсенбі күні жария еткен саяси мәлімдемесінде.
XS
SM
MD
LG