Accessibility links

Қоғамдық ұйымдардың бақылаушылары президент сайлауына түрліше баға беріп отыр

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Қазақстандағы президент сайлауын бақылаған көпшілік қоғамдық ұйымдардың басшылары сайлаудың әділ әрі заң шеңберінде өткенін айтса, қазақстандық қарапайым азаматтар сайлау нәтижесіне орай түрліше пікір білдіріп отыр.

Қатарында Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов сынды зиялы қауым өкілдері бар Сайлау барысын қадағалау жөніндегі қоғамдық комитеттің және бір мүшесі Төрегелді Шарманов Қазақстандағы 4 желтоқсанда өткен президенттік сайлау барлық заң талаптарына сай ұйымдастырылғандығын айтады.

«Басында оппозиция өкілдеріне қысым болғанда оларға араша түсіп, сайлау барысындағы мұндай кері әрекеттерге тосқауыл қоюға тырыстық. Сондықтан, сайлау нәтижесіне ешкімнің күмәні болмауы тиіс», - дейді ол.

Алайда осы сынды қазақстандық бірқатар қоғамдық ұйымдардың оң бағасына өздерін тәуелсіз бақылаушылармыз деп есептейтін бірлестік өкілдері сайлаудың әділетті тұрғыда өткеніне керісінше пікір білдіріп отыр. Айталық, «Қазақстанның сайлаушылар лигасы» жобасының жетекшісі Наталия Чумакова өз жұмыстарын қорытындылай отырып:

«Сайлау еркін жағдайда өтпеді. Керісінше, тәуелсіз бақылаушыларды қорқытып-үркіту жағдайында өтті», - деген ой қорытқандарын айтады.

Сондай-ақ, бұл тұжырымды осы сайлаудың Жамбыл облысында қалай өткеніне бақылау жасаған «Сайлау-2000» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Эдуард Пак та қолдап отыр. Ол белгісіз біреулердің студент бақылаушыларын және олардың ата-аналарын қорқытуы нәтижесінде сайлауды бақылауға бақылаушыларының 3/1-і ғана қатыса алғандығын айтады. Және де өз қорытындыларын шығарған халықаралық «ЕNЕMO» ұйымының өкілі Сергей Ткаченко:

«Қазақстанның сайлау заңдылықтары ашық әрі әділ сайлау өткізу жөніндегі халықаралық талаптарға сай емес», - дейді.

Біз сайлаудың қалай өткендігі мен оның алғашқы нәтижесіне орай Алматы жұртшылығының да пікірін білген едік. Марат Қасейінов есімді азамат сайлау әділетті өтті дегенмен өз басы келіспейтіндігін айтады. Ал Зәмзагүл Тұрсынбаева есімді әйел сайлаудың өту барысы өзіне ұнағандығын алға тартты. Тағы бір сайлаушы - Ерлан Ерімбетов Қазақстандағы сайлауларға сенімсіздікпен қарайтынын айтады. Ол қазіргі кезде халықтың сайлауға деген сенімділігі жоқ екенін осы соңғы өткен президент сайлауы анықтап берді дейді.
XS
SM
MD
LG