Accessibility links

«Президент сайлауының нәтижесі Кеңес Одағы заманын еске түсірді»,– дейді американдық байқаушы Роберт Бэрри


Сайлау заңына сәйкес, президент сайлауы өткеннен кейін 10 күн ішінде Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің ресми қорытындысын айтады. Демек 14 желтоқсанғанға дейін сайлауға байланысты заңда көрсетілгендей «сайлау алдындағы үгіт жүргізу мерзімі аяқталған кезден бастап сайлау қорытындылары ресми жарияланғанға дейін сайлаушыларға немесе сайлау комиссиялары мүшелеріне әсер етуге ықпал тигізетін қоғамдық топтық немесе жеке мүдделерді білдірудің және қарсылықтың кез келген нысанына жол берілмейді». Бірақ президент сайлауы өтісімен ертесі күні Астанадан бастап, Қазақстанның барлық аймақтарында қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау шаралары, шерулері өтіп жатты.

Осы мәселеге қатысты «Азаттық» радиосы тарапынан қойылған сұраққа Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков төмендегідей жауап берді:

– Мекен жай ішінде өткізілетін жиындар заңға қайшы келмейді. Бірақ алаңдарда, көшелерде болмайды. Әрине осы сайлаудың ресми түрде қорындысы шыққанша шеру өткізуге болмайды.

Ал осыған дейін президенттік сайлауға түсе отырып, қазіргі президенттің жеңетініне күмәні болмаған, сайлаушылардың небәрі 0,38 пайыз дауысын алған Ерасыл Әбілқасымов Нұрсұлтан Назарбаевтың 91 пайыз дауыс алғанына таңғалғанын жасырмады.

Егер президент сайлауы әділ өтсе, Жармахан Тұяқбай екінші кезеңге шығады деп үміттеніп келген «Әділетті Қазақстан үшін» демократиялық қозғалысының мүшесі Серікбай Әлібаев:

– Біздің сайлаудың былықпен өткенін Қазақстан ғана емес, дүниежүзі білейін деп отыр. Біз Сталин заманындағыдай сайлау өткіздік,– дейді.

«Қазақстандағы президент сайлауы Кеңес Одағы заманын еске түсірді» деп, Америкадан келген халықаралық байқаушы Роберт Бэрри де айтып отыр:

– Кеңес заманы кезінде президент сайлауының қорытындылары 95-96 пайызға жетіп жығылатын, – дейді ол.

Ал «Азаттық» радиосына сұхбат берген «Әл-Арабия» телеканалының журналисі Бассел Джасем «Орталық Азия мемлекеттерінің басқа елдеріне қарағанда Қазақстандағы оппозицияның салмағы басым екенін мойындау керек, бірақ соған қарамастан біріккен оппозиция үміткері мен қазіргі президенттің алған дауыстарының арасындағы үлкен алшақтық оппозицияның әлсіздігін көрсетеді не болмаса бұл елдегі демократиялық үрдістің дамымағанын көрсетеді», – деген пікірін айтты президент сайлауына қатысты. Сонымен қатар сайлауды бақылауға келген АҚШ делегациясының өкілі Фредерик Старр «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Қазақстанда өткен президент сайлауына қатысты «егер жеті жылдан кейін Қазақстанда дәл осындай сайлау қайталанса, онда Қазақстан тек өз елінде ғана емес, шет мемлекеттер алдында да үлкен ұятқа қалушы еді»,– деп жауап берді.

АҚШ өкілі Роберт Бэрри Еуропадағы қауіпсіздік және ынтмақтастық ұйымының президент сайлауына қатысты есебімен толық келісетіндігін айтып отыр. Ол бір адамның билік басында 20 жылдан астам отыруы ұзақ мерзім дейді. Бірақ Роберт Бэрри қазіргі Қазақстан президентінің тағы да жеті жыл отыратынына сеніңкіремейді. Робер Бэрри алдағы уақытта Қазақстанда Ресей еліндегідей ізбасар қалдырып кету үрдісінің қайталануын жоққа шығармайды.

Ал Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарапынан айтылған сын-пікірлердің барлығын қабылдау міндетті емес деп отыр.
XS
SM
MD
LG