Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12. 06. 2005 жыл

  • Нәйла СҰЛТАН

Сейсенбі күні жарық көрген басылым беттерінде президенттік сайлау қорытындылары туралы мақалаларға орын берілген. Сайлау қортындыларына қазақстандық басылымдар түрлі пікірлер білдірген.

«Айқын» газетінде журналист Айхан Шәріп «Бұл жеңіс – халықтікі» деген тақырыпта желтоқсанның 5-күні президент Н.Назарбаевтың шетелдік және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарымен болған брифингтен үзінді беріпті. Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың: «Бұл жеңіс халықтың жеңісі, мемлекетіміз тыныштық үшін, бірлік үшін бірауыздан қолдады. Сонымен қатар маған қарсы дауыс бергендерге де рахмет айтқым келеді, себебі оларды да өзімнің әріптестерім деп есептеймін. Осы сайлауды әділ, әрі мөлдір еткендігі үшін шетелдік 1637 байқаушыға, партиялардың 16 мың бақылаушыларына ризашылық білдіремін» деген сөздерін беріпті.

Әл-Арабия, Эн-Эйч-Кей, ИТАР-ТАСС, Liberasion, Ren-TV сынды ақпарат құралдар өкілдері президент Н.Назарбаевқа Қазақстанның экономикасы мен әлеуметіне, ішкі, сыртқы саясатына, жүргізіп отырған реформасына қатысты бірнеше сауалдар қойған. Ұлыбританияның Би-Би-Си ақпарат құралының: «Оппозицияның сіздің коррупциялық даулы істерге қатысыңыз барлығы жөніндегі айыбына қандай ақталу айтасыз» деген сауалына, президент Н.Назарбаев: «менің адресіме бағытталған айыптарға тоқталғанда, сынның кез-келген саясаткердің серігі екендігін ескерген дұрыс... Мені ешкім де аяп жатқан жоқ. Бірақ, мен «сынау» «сыбаудан» ерекшеленуге тиістігін ескертемін, егер ауыр айып тақса, дәлелдеуін талап етем. Егер кез-келген сотта дәлелдеп бере алмаса, мен оны нақақтан жала жабу деп танимын. Ондайлар қазақстандық заңдарға сәйкес жаза тартады» деп жауап беріпті.

Ал «Литер» газетінде жарық көрген Жанна Ойшыбаеваның «Жеңіс күні» деген мақаласында президентікке үміткер Н.Назарбаев 91,01 пайыз дауыспен жеңіске жетті делінген. Сондай-ақ автор, «қазақстандықтардың саяси мәдениеті өскен, енді бізді 7 жыл халықтың таңдауымен болған таңдаулы президент басқарады» дейді. «Алдағы уақытта қазақстандықтардың жалақы, зейнетақы, шәкіртақысы 2,5 есеге өсіп, миллиондаған қазақстандықтар баспаналы болады» деп жазады «Литер» газеті.

«Жас Алаш» газетінің желтоқсанның 6-сы күнгі санында журналист Әмірхан Меңдекенің «Түбімізге 91 пайыз жетеді» деген мақаласында Қазақстанда өткен президенттік сайлауды Түркіменстандағы президенттік сайлаумен салыстырып, Қазақстандағы президенттің жинаған 91 пайыздық дауысын «қолдан жасалған жасанды дауыс» дейді. Сондай-ақ автор, «тәуелсіз зерттеу орталықтарының болжамы бойынша, сайлау қарсаңында Ж. Тұяқбайдың алғашқыда 38 пайыз, осыдан бір апта өткеннен кейін 41 пайыз дауыс жинағанын» оқырман есіне салады. Автор, «кез-келген өркениетті елдерде ерен тұлғалардың өзі 51 пайыз, не 52-53 пайыз дауыс жинайды. 56- пайыз саясаткердің дауыс жинау мүмкіндігінің шегі екендігін айтып, 80, 90, 91, 97, 98 - пайыздар сол елдегі үлен кәкірдің, яғни авторитарлық, не болмаса тоталитарлық режимнің сипаты» деп ойын түйіндеген. «Сайлаудың нағыз демократиялық түрде өтуін білдіретін өлшемдер - екінші тур, не 50-56 пайыз. Біздегі - 91 пайыз шектен шығу» деп жазады «Жас Алаш» газеті.

«Экпресс К» газетінің сейсенбілік санында журналист Ескендір Тайырбековтың «Резидент қателігі» деген мақаласында журналист Қазақстанда өткен президенттік сайлау барынша әділ өтті деп жазыпты. Сондай-ақ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікістан мемлекеттерімен салыстырғанда көш ілгері екендігін де жаза отырып, оппозиция мүшелерінің қазақстандықтардың кедейшілікпен күн көріп жатыр дегені ақылға сыйымсыз дейді. «Әрине, сайлау қорытындысына келіспейтін оппозияция мүшелері әртүрлі пікір айтуы мүмкін. Бірақ, халық өз таңдауын жасады» деп жазады «Экспресс К» газеті.
XS
SM
MD
LG