Accessibility links

Одри Гловер: «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалық ету мәселесі қаралған емес»

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Сейсенбі күні Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстандағы президент сайлауын бақылау миссиясының басшысы Одри Гловермен кездесті. Кездесу жабық есік жағдайында өтті. Кездесуден кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берген Оңалсын Жұмабеков «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарапынан айтылған сындарға келіспейміз. Пікірталас әлі жалғасады», деп жауап берді. Ал президент сайлауы барысында жеңіліске ұшыраған Қазақстанның демократиялық күштері аталған ұйымның сынынан билік қорытынды шығаруға тиіс деп үміттенеді.

Президент сайлауы өткеннен кейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сайлауды халықаралық талаптарға сәйкес келмеді деп жарияласа, артынша Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков халықаралық ұйымдардың сын-пікірлерін орындау міндетті емес деп жауап берген еді. Дегенмен сейсенбі күні екі тарап бетпе-бет кездесті. Бір жарым сағатқа созылған жабық есік жағдайында өткен кездесуден кейін Одри Гловер ханым бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат беруден бас тартты. Ал журналистер алдына шыққан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков төмендегідей жауап берді:

– ЕҚЫҰ өздерінің есебінде көрсеткендей республикадағы барлық сайлау учаскелерінің 92 пайызында ешқандай проблема болған жоқ деп айтып отыр. Ал қалған 8 пайыз учаскелерде кемшіліктер болғанымен олар сайлау қорытындысына өздерінің әсерін тигізбейді. Олардың баспасөз конференциясында Қазақстанда өткен сайлауда айтарлықтай кемшіліктер бар деп көрсеткен. Мен онымен келіспейтіндігімді айттым.

Оңалсын Жұмабеков халықаралық ұйыммен пікірталас әлі де жалғасатынын жасырмайды. Президент сайлауы өткеннен кейін 5-желтоқсан күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының адам құқығы және демократия жөніндегі институт пен Парламенттік ассамблеясы, Еуроодақ пен Еуропарламент өкілдері бірігіп мәлімдеме жасаған еді. Онда олар 4-желтоқсанда өткен президент сайлауының халықаралық талаптарға сай келмегенін айтқан еді. Айтпақшы, бұл мәлімдемеге АҚШ-тың сайлауды бақылауға келген делегациясы да қосылатындықтарын жария еткен болатын. Сол кезде ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясын бастап келген Одри Гловер: «Мен Қазақстан билігінің сайлауды ашық демократиялық жағдайда өткізу үшін барлық үміткерлерге теңдей құқық жасамағанына өкініш білдіремін», - деген болатын.

Одри Гловер сөзінде Қазақстан президенті бұл жолғы сайлау ашық, таза болады дегеніне қарамастан президент сайлауы әділ өткен жоқ деген еді. Одри Гловер ханым сонымен бірге «өткен жылғы парламент сайлауынан кейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы атап көрсеткен кемшіліктердің бірі де, өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін орындалмады» деді.

Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі, бірегей оппозиция атынан президенттікке үміткер болған Жармахан Тұяқбайдың Астанадағы сайлау штабын басқарған Серікбай Әлібаев билік Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жасаған сынынан қорытынды жасауға тиіс дейді.

1990 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 55 мемлекет Копенгаген құжатына қол қойған болатын. Онда 55 мемлекеттің басшылары өз елдерінде өтетін сайлау барысы барлық демократиялық талаптарға сәйкес келеді деп қол қойып, уәде еткен. Осы құжатқа Қазақстан да қол қойған болатын. Қазақстан 2009 жылы аталған ұйымға төрағалық етуден дәмелі. Бірақ, осы мәселеге қатысты журналистер тарапынан қойылған сұраққа Одри Гловер ханым:

«Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанның төрағалық ету мәселесін күн тәртібіне қойып отырған жоқ және ондай мәселе қаралған емес», – деп жауап берген болатын.
XS
SM
MD
LG