Accessibility links

Қазақстанда мобильдік байланыс телефондарына сұраныс артып отыр

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Қазақстанда мобильдік байланысқа деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Қаржы министрлігіне қарасты кедендік бақылау комитетінің мәліметтері бойынша, үстіміздегі жылдың 10 айының ішінде 32 миллион 20 мың АҚШ доллары тұратын суммаға мобильдік телефондар әкелінген.

Қазақстан азаматтарының ұялы байланысқа деген қажеттілігі мен телефондарға сұраныстың артуы елде байланыстың осы түрі қарқынды дамып келе жатқанын көрсетіп отыр дейді мамандар. Қаржы министрлігіне қарасты кедендік бақылау комитетінің ресми деректері бойынша, өткен жылы шетелден Қазақстанға 21 миллион 460 мың АҚШ доллары сомасы көлемінде, жалпы салмағы 120 тонна болатын ұялы байланыс телефондары әкелінсе, биылғы жылдың он айының өзінде одан он миллион АҚШ долларынан астам қаржыға, салмағы 172 тоннаны құрайтын аталған өнімдер Қазақстан нарығына сырттан әкелініпті.

Елдегі ұялы байланыс телефондарына деген сұраныстың, әсіресе соңғы жылдары күрт өсе түскендігін осы салада жұмыс істеп жүрген мамандар да айтып отыр. Ұялы байланыс телефондары саудасымен қатар, соңғы технологиядағы телефон жүйелерін орнататын Алматыдағы «Скаймакс» фирмасының директоры Ерік Шортанбаев ел нарығында аталған өнімге деген сұраныстың жоғары болуы - Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайына байланысты екенін айтады.

Ал бес жылдан бері ұялы байланыс телефондарын сатумен айналысып келе жатқан Асқарбек Сейтмомытов Қазақстанда қазір ауылдарға да ұялы байланыс жүйесі орнатыла бастауы алдағы уақытта да байланыстың осы түрі мен телефон құралдарына деген сұранысты жоғарылата түседі дейді.

Бұл мәселеге қатысты біз Алматы қаласы тұрғындарының да пікірін білген едік. Ділдәш Мергенбаева қазіргі уақытта ұялы байланыс телефондарының ең көп ұрланатындығы оған сұранысты жоғарылатып тұрса керек дейді. Сондай-ақ, Марат Кемелбеков бағасы арзан қалта телефондарына сұраныс жоғары дегенді айтады. Және де Марат Кемелбеков ұялы байланыс телефондарының нарығын жастар қыздырып тұрғаны анық дейді.
XS
SM
MD
LG