Accessibility links

Сайлау қорытындысымен келіспейтін Әлихан Бәйменов сотқа шағым түсірмек

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Желтоқсанның 6-сы күні президенттікке үміткер болғандардың бірі - Әлихан Бәйменов сайлаудың әділ әрі ашық өтпегенін айтып мәлімдеме жасады. Әлихан Бәйменов: “Науқан кезінде заң бұзушылықтар мен адамгершілікке жатпайтын қарсылыққа тап болдық. Сайлау заңнамасының бұзылуы жөнінде көптеген жайттерді анықтадық. Сондықтан сотқа шағымданамыз”, дейді. Ал сайлауда жеңіліс тапқан үміткерлердің бірі Мэлс Елеусізов: “Біз жеңілісімізді мойындауымыз керек. Халық Назарбаевты таңдады. Енді соттасып ешнәрсені өзгерте алмаймыз”, дегенді айтады.

Әлихан Бәйменов өз мәлімдемесінде: “Көптеген заң бұзушылықтар мен бұрмалауларға қарамастан мен қазақстандықтардың едеуір бөлігінің біздің тұғырнамамызды қолдайтынына және жақтастарымыздың көбейіп келе жатқандығына көзім жетті”, дейді. Оның айтуынша, өткен президент сайлауы не еркін, не әділ болған жоқ. Оның нәтижесі жедел демократиялық өзгерістер қажет екенін дәлелдеді. Өйткені, қоғамда өзгеріс болмаса келесі сайлауда көрсеткіш 100 пайызға жетуі мүмкін.

“Сайлау күні қарсаңында қоғамда үрей қалыптастырылып, нәтижесінде желтоқсанның 4-і күні мерекелік емес керісінше, түрлі текетірес пен тәртіп бұзушылықтарды күту орын алды. Мен орталық сайлау комиссиясы мәлімдеген сайлаудың нәтижелері азаматтардың шынайы дауыстарының бөлінуіне сай келмейді деп есептемеймін. Билік қоғамдағы демократиялық күштердің орын төмендетуге тырысты. Қазақстанның барлық өңіріндегі сайлау бөлімшелерінде заң бұзушылықтар орын алды. Сондықтан сотқа шағым түсірмекпіз”, дейді экс кандидат Әлихан Бәйменов.

Ал өткен саяси додада 1 пайызда дауыс жинай алмаған үміткердің бірі - Мэлс Елеусізов: “Халықтың таңдауы Назарбаевқа түсті. Халықтың айтқанымен санасуымыз керек. Енді соттасып ешнәрсені өзгерте алмаймыз. Соттасып жүруге менің уақытым жоқ. Алдыма қойған үлкен мақсаттарым бар солармен жұмыс істеуім керек. Бәйменовтер дауысымыз аз болып қалды деп айтып жатқан болар. Адамдар соғыс болмасын, басқа болмасын деп Назарбаевқа дауыстарын берді. Бірге үміткер болып додаға түстік. Жеңіп шыққаннан кейін Назарбаевқа құттықтауда жолдадым”, дейді.

“Қазақстан бойынша, 25000 дауыс жинадым дегенге таң қалып тұрмын. Президент жеңеді 65-70 пайыз дауыс алады деп сайлаудан бұрын айтқан болатынмын. Ал 91 пайыз алғанына біз таң қалып отырмыз. Одан басқа әңгіме жоқ”, дейді Ерасыл Әбілқасымов.

Ал өткен сайлау туралы қатардағы азаматтардың пікірлері мынадай болды:

“Бұл ұйымдастырылуы, өтуі жағынан Кеңес Одағы кезіндегі сайлаудан да асып түсті. Кеңестік сайлаудың асқан бір классикалық үлгісін көрсетті. Қайта ол кезде 80-85 пайыз беретін еді. Енді бұл одан да асып кетті ғой”, - дейді Ерік есімді азамат.

- Сайлау әділ өтті ме дейсіз бе? Әрине, әділ өтті. Халық Назарбаевты қолдады. Мен өз басым Назарбаевқа дауыс бердім.

Сабыржан есімді тұрғын: “Айналайын-ау 60 пайыз десе де болады. 91 пайыз деген не сұмдық? Халықпен олай ойнауға болмайды. Бес үміткердің бесеуі де менің көңілімнен шыққан жоқ” деген пікірін бөлісті.

Келесі азаматтың айтуынша, өткен сайлау әділ болды. Халықтың үлкен бөлігі шынымен Назарбаевты қолдады. Ол: “Кандидаттардың ішінен одан басқа лидерді көргенім жоқ”, дейді.
XS
SM
MD
LG