Accessibility links

Мәжіліс депутаттары президент жеңісімен бір-бірлерін жарыса құттықтады


Президент сайлауынан кейін сәрсенбі, желтоқсанның 7-сі күні жалпы отырысын өткізген Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты жеңісімен жарысып құттықтап жатты. Ал президенттік сайлауда халықтың небәрі 23 мыңнан аса дауысын жинаған Ерасыл Әбілқасымов оппозициялық күштерді бірігуге шақырды. «Бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас болып» келесі президенттік сайлауға бірігіп дайындалайық,– дейді Ерасыл Әбілқасымов сайлауда жеңіліс тапқан үміткерлерге арнаған Үндеуінде. Ал енді бір депутат президенттің халықтар ассамблеясында «христиандардың рождествосы мен мұсылмандардың құрбан айт мерекелерінің алғашқы күндерін демалыс етіп жариялауға ұсыныс білдірем» деген сөздерін алға тартып, Мәжілістің бір-ақ отырысында қабылдап тастауға құштарлық танытты. Бірақ, басқа депутаттар Конституцияға сүйеніп заң қабылдау керек деп, ол заң жобасын қабылдауды асықтырмады.

Сексен пайыздан астамы «Отан» партиясының мүшелерінен тұратын Мәжіліс депутаттары президент сайлауынан кейінгі жалпы отырысына тойға келгендей жиналды. Барлықтары бір-бірін Назарбаевтың жеңісімен құттықтап жатты. Ең бірінші болып сөйлеген Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхаммеджанов сайлаудың нәтижесін – президенттің күрделі жеңісі деп баға берді.

Ал осыған дейін негізгі қарсыласым бірегей оппозицияның жетекшісі Жармахан Тұяқбай деп жүрген Ерасыл Әбілқасымов «Ақ жол», «Нағыз Ақ жол», «Алға», Коммунистік партияларының жетекшілерін келесі президенттік сайлауға бүгіннен бастап күш біріктіруге шақырды. 4-желтоқсанда өткен президент сайлауында дауыс берген халықтың 1 пайыз дауысына да ие бола алмаған Ерасыл Әбілқасымов билікке қарсы оппозициялық күштер барлығымыз тізе қосып, күш біріктіргенде ғана келесі қарсыласымызды жеңетін боламыз дейді.

Ал «Отан» партиясының қалған мүшелері «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшілерін елдегі тұрақтылыққа сызат түсірмей, билікпен бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Бірақ президент сайлауынан кейін демократиялық күштердің жетекшісі Жармахан Тұяқбай әділеттілік жолында соңына дейін күресеміз деген болатын.

Енді бір парламенттегі «Отан» партиясының мүшесі, композитор Төлеген Мұхаммеджанов өткенде ғана президент сайлауының алдында халықтар ассамблеясында Назарбаевтың сөйлеген сөзінен бір өзі қорытынды шығарып, бірнеше тәуліктің ішінде «Мерекелер туралы» заң жобасын әзірлеп те үлгеріпті. Төлеген Мұхаммеджанов енді осы заң жобасын жалпы отырысқа шығарып, әріптестерінен бір сәтте қабылдап тастауын талап етті. Бірақ Конституцияға сүйенген өзге бірқатар депутаттар бұған қарсы болды. Депутат Тохтархан Нұрахметов заң жобасын асықпай, Конституцияға сүйеніп қабылдауын сұрады.

«Өйткені, заң жобасында Конституцияға қайшы келетін тұстар бар», - деді Тохтархан Нұрахметов.

Ал Төлеген Мұхаммеджановтың бастамасын қолдаған Сергей Киселев 24-желтоқсанда христиандардың рождество мерекесі жақындап келе жатыр. Осыған дейін заңды қабылдап үлгеруіміз керек дейді. Композитор әріптесінің ұсынысын қолдағандардың бірі әнші-депутат Бекболат Тілеухан діни мерекелерді Конституцияға қайшы келеді десек, онда жаңа жыл мен туған күндерді де мереке ретінде атап өтпеуіміз керек деп, әріптестеріне назын білдірді.

Екінші шақырылымдағы Парламентте Мәжіліс депутаттары Амангелді Айталы мен Валерий Котович діни мерекелерді демалыс ретінде атап өту жөнінде заң жобасын Парламентке ұсынған болатын. Бірақ мұны Үкімет қолдамаған еді. Енді президенттің халықтар ассамблеясында сөйлеген сөзінен кейін әділет министрлігі бір заң жобасын әзірлесе, Парламент депутаттары дәл осындай екі заң жобасын дайындапты. Алайда, Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхаммеджанов әріптестеріне өздері ұсынған заң жобасын Конституциялық Кеңеске қаратып алуын сұрады. Сонда барып, үш баламалы заң жобасын қатар қарайтын боламыз деді. Ал Мәжіліс депутаты Болат Әбішов депутаттар жағымпаздық үшін заң жобасын әзірлемей, сайлаушыларының мүддесіне жұмыс істеуі керек деген ойын білдірді «Азаттық» радиосына.
XS
SM
MD
LG