Accessibility links

Словения астанасында OSCE ұйымының жиыны болып өтті

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Еуропадағы Қауіпсіздік пен әріптестік ұйымының Люблянадағы кездесуі сейсенбі күні арнайы құжатқа қол қойылмаған күйде аяқталды. Оның себебі Молдовадағы Приднестровьеден әскерін шығару талабына Ресей қарсы шыққан еді. Конференция жетістіктерін санамалай келіп, дипломаттар қол жеткізілген бір келісімді арнайы атап өтуде. Ол келісім бойынша аталған ұйым жанындағы адам хұқықтарын қорғау бөлімі жұмысына Ресей тарапынан айтылып жатқан сындарды азайтуға мүмкіндік тумақшы.

Еуропадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымының Люблянада болған екі күндік конференциясы сейсенбі күні аяқталды. Басқосу күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі- Молдованың Трансднестр аймағында Ресей әскерінің тұруына байланысты сауал болатын. Қазіргі кезде Ресей өз әскерін аталған аймақтан да, Грузиядан да шығара қойған жоқ. Әскерін шығару жөнінде уәдені Ресей федерациясы Стамбулда 1999-шы жылы болған аталған ұйымның саммитінде берген болатын. АҚШ Мемлекеттік департаментінің саяси істер бойынша көмекші хатшысы Николас Бөрнс конференцияда өз пікірін білдірді.

“Молдовадан Ресей күштерінің шығарылу ісінің 2005-ші жылы да алға жылжымай отырғаны үшін біз өкінудеміз. Аймақтағы ықпалын пайдалана отырып, осы маңызды жұмысты қайта жаңғыртып, оны соңына дейін алып баруға Ресей федерациясын шақырып отырмыз. Мұның өзі Тирасполдағы жікшілдік бағыт ұстанып отырған билікке берілген белгі болар еді. Яғни өздеріне жайлы көрінген, қазіргі қалыптасып отырған жағдайдың мәңгілікке жалғаспайтындығынан оларға белгі берер еді”, - деді Бөрнс мырза.

Бөрнс мырзаның айтуынша, АҚШ тарапынан мақұлданған жаңа келісімге Молдова да енгізілген. Ол келісім бойынша жеке елдер өз жерлерінде шетелдік күштердің тұру, тұрмауы жөніндегі мәселені өздері таңдай алады. Бөрнс мырзаның сөзіне қарағанда, Молдова да Грузия да өз жерлерінде Ресей әскерінің тұруын қаламайтындығын айқын білдірген болатын.

Еуропадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымы өкілдерінің айтуынша, биылшы жылы Грузия жерінен Ресей әскерін шығару ісінің басталуында ұйымның үлесі бар. Сондай-ақ Таулы Қарабақ жанжалын шешуге ықпал етуді де ұйым қарастыруда.

Екі күнге созылған Еуропадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымының бұл басқосуында сондай-ақ ұйым атынан сайлауларға бақылау жасайтындардың іс-әрекетіне Ресей тарапы сын айтқан болатын. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров журналистерге былай деген еді:

«Алаңдаушылық туғызып отырған және қызу айтыстарға себепші болып келе жатқан өзекті мәселе - сайлауларға бақылау орнату ісі. Бақылаушылар қызметінің жасақталуы мен олардың басшыларының тағайындалуы жөнінде таза да айқын принциптер және әдістердің енгізілуі-аса маңызды”.

Дей тұрғанмен сейсенбі күні Лавров мырза сайлауларды бақылау ісінде Мәскеудің кейбір келісімпаздыққа баруы мүмкін екендігін де айта кетті. Адам хұқын қорғау бөлімінің тапсыратын жыл аяғындағы ұсыныстарын сыртқы істер министрлері қарастыра келіп, оның жұмысына қандай өзгерістер енгізу керектігін шешетін болады. Дипломаттардың айтуынша, мұның өзі ұйым жанындағы адам хұқын қорғау бөлімі жұмысының тәсілдерін жақтаушылар мен оған қарсы болушылар арасындағы келер жылғы жаңа теке-тірестерге алып баруы мүмкін.
XS
SM
MD
LG