Accessibility links

Оңтүстік Қазақстандағы мақта терімінде өзбекстандықтар арзан жұмысшы күші ретінде пайдаланылады

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Өзбек азаматшасы Иқбол Хасанова жуырда Қазақстандағы мақта терімінен кейін Өзбекстанға оралған екен. Жақсы жалақы үшін түрлі қиындықтарға шыдап, шекараны заңсыз түрде өтіп, Қазақстанға барып жұмыс істейтін сандаған өзбек азаматтарының Иқбол бірі ғана.

Мақта теру көптеген өзбек диқандары үшін ең басты тіршілік көзі болып табылады. Мақта терімінің бар болғаны үш-ақ айға созылатыны белгілі. Мұндағы жалақының тым төмендігінен өзбек азаматтары қазақ жеріне жұмыс іздеп баруға мәжбүр. Өзбекстанның оңтүстігінде тұратын Иқбол Хасанова күзгі жиын-теріннен еліне енді оралған екен. Терілген мақтаның әрбір килосына қазақ фермерлері 60 теңге, немесе АҚШ долларымен есептегенде, 40 центтен төлейді екен. Әлемдегі ең ірі мақталы ел боп есептелетін Өзбекстанда фермерлер өздері өсірген өнімдерін өздері сата алмайды. Олар тек өкіметтік агенттіктерге ғана тапсыра алады. Ал өкімет белгілеген баға бойынша, терілген әрбір кило мақтаға мұнда 5 центтен ғана төленеді екен. Ал Өзбекстандағы ең арзан бөлке нанның бағасы 160 сом екен.

Биылғы жылы И.Хасанова Қазақстанда бір айдан аса жұмыс істеп, күн сайын 100 килограмм мақта тергені үшін 1300 доллардай ақша тапқан екен. Орташа айлық табысы 30 долларды құрайтын, оның өзін уақытында ала-алмайтын өзбек азаматтары үшін мұның өзі едәуір ақша. Алайда, ондай қаржыға қол жеткізу үшін өзбек азаматтары Қазақстанда қарапайым тірлікке көндігуі тиіс. Сөздеріне қарағанда, оларға күніне бір мезгіл ыстық тамақ, басқа уақытта нан және тәтті қосылған тағамдармен шай ішуге тура келеді екен.

Арзан жұмысшы күшімен сауда жақсы жолға қойылған десе болады. Өзбекстанның көптеген қалалары мен ауылдарында сондай жұмысшыларды жинаумен айналысатындар бар. Оларға қазақ фермерлері сол арзан жұмысшы күшімен қамтамасыз еткені үшін ақша төлейді. Өзбек ауылын үйді-үйін аралап жүріп, әлгі агенттер Қазақстанға барып жұмыс істегісі келетін еріктілерді жинайды. Олардың саны 15-20-ға жетісімен өзбек-қазақ шекарасындағы нысаналы жерлерге жеткізеді. Кейде өзен арқылы жүзіп өтуге тура келетін де кездері бар екен. Келесі жақтың адамдары бұларды үрлемелі қайықтар арқылы судан өткізіп алады.

Бір өзбек азаматының айтуынша, кейде мұндай заңсыз мигранттар шекара бекетіндегілерге пәре беруге мәжбүр екен. Олай болмаған жағдайда шекарашылар олардың паспорттарын тартып алып, өздерін қамап қоюы мүмкін.

Алда-жалда әлгі жұмысшылар Өзбекстанға келісілген уақыттан ерте қайтқысы келсе, ондай мүдделеріне жету де оңай болмай шықты. Хасанованың айтқанындай, әрбір жұмысшы үшін талай ақша жұмсадық, деп олардың Қазақстандағы жұмыс берушілері маусымдық жұмыс бітпейінше, кері қайтуларына рұқсат бермейтін көрінеді. Биыл күзде тапқан ақшаларын Иқболдар келер күзгі жиын-терінге дейін ұшмам-ұш жеткізуі тиіс. Себебі, келер күзде қазақ жеріне барып ақша тапқанға дейін оған өз елінде өзге табыс көзінің көрінетін түрі болмай тұр екен.
XS
SM
MD
LG