Accessibility links

Сайлауды бақылау республикалық қоғамдық комитеті сайлау нәтижелері туралы алғашқы есеп баяндамасын таныстырды


Желтоқсанның 4-і күнгі Қазақстандағы президент сайлауы қалай өтті, сайлауалды науқан қалай жүрді? Осыған байланысты сайлау қарсаңында құрылған Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комитеттің мүшелері бейсенбі күні Алматыда отырыс өткізіп, өздерінің есеп баяндамаларын тыңдады.

Сайлауды бақылау жөніндегі қоғамдық комитеттің есеп баяндамасында айтылғанындай осы жолғы сайлауда қоғамдық комитеттің 4588 ерікті бақылаушылары Қазақстандағы барлық сайлау учаскелеріндегі дауыс беру мен дауысты санау процесіне қатысыпты. Бұл бақылаушылардың екі мыңнан астамы ауылдық жерлерде бақылау жасаған. Сайлауды бақылау қоғамдық комитеті мүшелерінің айтуынша желтоқсанның 4-і күнгі президент сайлауы тыныш, бейбіт түрде өткен. Қоғамдық комитеттің бақылаушылары учаскелік сайлау комиссияларының 90 проценттен астамында қандай да бір заң бұзу фактілері болмады дегенді айтады. Олар «жекелеген кейбір сайлау учаскелерінде ұсақ заң бұзушылықтардың болғанын ғана байқап тіркеген» делінген есеп баяндамада.

Сайлауды бақылау жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы, сенатор Қуаныш Сұлтановтың айтуынша осы жолғы сайлауда Қазақстан азаматтары өз таңдауларын еркін түрде білдірген, ешбір күштеу болмаған, яғни әр азамат өзінің конституциялық құқық шеңберінде қалаған үміткеріне дауыс бере алған.

«Сайлаушылар белсенділігі өте жоғары болды, сондай-ақ сайлаушылар президентіктен үміткерлердің сайлау бағдарламасымен жақсы таныс болғандықтан өз қалаған адамына дауыс берді. Қортындысы – 91,15 процент, яғни Қазақстан халқы қазіргі президент Н.Назарбаевты қолдап дауыс бергенінің куәсі», - болдық деді ол.

Осы қоғамдық комитеттің Алматы қалалық бөлімшесінің төрағасы Өмірәлі Қопаевтың айтуынша сайлау барысында өрескел заң бұзу фактілері болмаған.

«Сондықтан да ОБСЕ секілді халықаралық ұйымның бақылаушылары тарапынан айтылып жатқан, осы жолғы сайлау халықаралық стандарттарға сай емес жағдайда өтті деген сыни пікірге құлақ асудың керегі жоқ», - деді Ө.Қопаев.

Ал сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комитет құру туралы алғаш ұсыныс көтерген Қазақстанның ЮНЕСКО ұйымындағы өкілі Олжас Сүлейменов сайлау қортындысына өзінің риза екендігін білдірді.

«Егерде билік басына басқа біреу келгенде елдегі қазіргі жүрзіліп жатқан реформалар тоқтап, ел экономикасы мен қоғамда жаппай дағдарыс пен тұрақсыздық орын алуы әбден мүмкін еді», - дейді ол.

О.Сүлейменов сонымен бірге елде тыныштықтың болуы үшін, болашақ жақсылықтар үшін билік пен оппозицияны бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
XS
SM
MD
LG