Accessibility links

Қазақстандық адам құқығын қорғаушылар Оңтүстік Қазақстанда із-түссіз жоғалған өзбек азаматтарының тағдырына алаңдап отыр

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Желтоқсанның 8-і күні Қазақстандық адам құқын қорғау мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюро қараша айының 23-інен бері Шымкентте белгісіз жағдайда ізім-ғайым жоғалып кеткен Өзбекстанның 9 азаматының тағдырына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан президенті мен құзырлы органдарға, сондай-ақ БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық өкілдігінің басшыларына үндеу жариялады. Ашық хатта құқық қорғаушылар тағдырлары белгісіз өзбек азаматтарының қайда екендігін табуға көмек сұрап отыр.

Белгісіз жағдайда екі аптадан бері жоғалып кеткен Өзбекстандық 9 азаматтың тағдырына байланысты Қазақстандық адам құқын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро өз ашық хатын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаевқа, Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановқа, Адам құқығы жөніндегі уәкіл Болат Байқадамовқа және БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық өкілдігінің, сондай-ақ Халықаралық көші-қон миссиясы басшылығына жолдады. Бұл туралы “Азаттық” радиосына бейсенбі аталмыш бюроның Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесінің жетекшісі Резеда Глущенко мәлімдеді.

Бұған дейін “Азаттық” радиосы өзбекстандық 10 азаматтың белгісіз жағдайда Шымкент қаласында жоғалып кеткендігін, Қазақстандық адам құқын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросының Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесі жоғалған азаматтарды табуға көмек сұрап, облыстық прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік департаментіне, ішкі істер басқармасына сұрау салғанын хабарлаған болатын.

«Алайда, жоғарыдағы органдардан әлі күнге дейін жауап болмай отыр», - дейді аталмыш бюроның Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесінің жетекшісі Резеда Глущенко.

Ол “Азаттық” радиосына желтоқсанның 8-күні берген сұхбатында әлгі жоғалып кеткен 10 азаматтың 1-і белгісіз жағдайда өзін ұстағандардан қашып кеткендігі мәлім болып отырғанын хабарлады.

«Ол біздің бюромызға телефон арқылы хабарласты. Тұрақты мекен-жайы болмағандықтан ол азаматтың қазір қайда жүргенінен хабарсызбыз. Бюромызға көмек сұрап қайырылған жоғалып кеткен азаматардың туыстарының да жағдайы қиындап кетті. Баспаналары жоқ, әр жерде түнеп жүрген азаматтардың дәл қазір қайда тұрып жатқандары бізге белгісіз. Жоғалып кеткен азаматтарды Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері ұстап Өзбекстан жағына берді деген мәлімет бар”, - дейді.

Алайда, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің баспасөзбен байланыс жөніндегі қызметкері Нұрлан Тасқымбаев мұндай ақпаратты теріске шығарып отыр:

«Бұл - жалған ақпарат. Біз ешнәрсе де білмейміз».

Адам құқығын қорғаушы Резеда Глущенко әлгі жоғалып кеткен 9 азаматтың 4-еуінің БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық өкілдігінде тіркелген кепілдеме құжаты барын айтады.

«Олар баспана іздеп жүргендер болып табылады. Ондай мандатқа ие азаматтар БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық өкілдігінің қамқорлығында болып саналады”, - дейді Р.Глущенко.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда босқындар мәртебесі жөніндегі халықаралық конвенцияға қол қойған Қазақстан босқындарды өзге елдерге ұстап беруге, олардың өміріне қауіп төндіруге құқығы жоқ. Осы мәселеге орай, БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының Алматыда орналасқан аймақтық өкілдігіне хабарласқан «Азаттық» тілшісіне ондағы адам құқығы жөніндегі маман Наталья Зайперт жоғалған 9 азаматтың 4-еуінің БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық өкілдігінде баспана іздеушілер ретінде тіркеліп, қамқорлыққа алынғанын растады.

“Рас, сол 4 азаматтың босқын мәртебесі әлі анықталмаған болатын. Бірақ, олардың қолында БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық өкілдігі берген баспана іздеуші деген куәлік бар. Сондықтан бұл 4 азаматтың тағдырына байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне сұрау салдық. Енді жауабын күтіп отырмыз”, - дейді Н.Зайперт.

Оның айтуынша, қалған 5 азаматтың туыстары да БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық өкілдігіне оларды босқын ретінде тіркеу туралы өз өтініштерін беріпті. Наталья Зайперт өз тараптарынан құжаттарын әзірлегенімен олардың қайда екендігі беймәлім дегенді айтады.

Осы орайда айта кетер жайт, Өзбекстан үкіметі жоғалған бұл азаматтарға діни экстремистік ұйымдарға қатысы бар деп іздеу жариялаған екен.
XS
SM
MD
LG