Accessibility links

АҚШ мемлекеттік хатшысы өз елінің қызметкерлері үшін азаптауға қарсы халықаралық конвенция орындалуға жататын құжат екенін айтты

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Лаңкестік әрекеттерге қатысы бар деп күдікке ілінген тұтқындарды Құрама Штаттары түрмелерінде азаптауға салады, деген хабарлар айналасында пікір талас жүріп жатқаны белгілі. Мұндай айыптауларды АҚШ жоққа шығаруда. Желтоқсанның 7-сі күні Киевте сөйлеген сөзінде Мемлекеттік хатшы Кондолеза Райс БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясы әлемнің қай жерінде жүргеніне қарамастан Құрама Штаттарының барлық кадрларына бірдей қатысты, деді. Бұл мәлімдеме ресми Уашингтон саясатында өзгерістер болуы мүмкіндігі жөнінде белгі беріп отырған жоқ па деген сауал туындауда.

Күні бүгінге дейін Буш әкімшілігі азаптауларға қарсы халықаралық келісімге өзінше түсіндірме жасап, бұл келісім күші тек Құрама Штаттары территориясында жүзеге асырылған әрекеттерге ғана қатысты, деп келген болатын. Дей тұрғанмен, Киевте Украйна елбасы Виктор Юшенкомен бірге өткізген баспасөз мәслихатында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Кондолеза Райс бұл жөнінде төмендегідей мәлімдеме жасады.

«БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясы тұтқындарға адамшылыққа жатпайтын, қатыгез де кемсітушілікпен қараудың қандайына болмасын тиым салады. Осы конвенция аясындағы Құрама Штаттарының міндеттері әлемнің қай жерінде жүргеніне, АҚШ-тың өз ішінде, әлде сыртында жүргеніне қарамастан Америка кадрларының барлығына бірдей тиесілі», - деді Райс ханым.

Адам хұқықтарын қорғау топтарының айтуынша, аталған Конвенцияға бұған дейінгі түсіндірмесі арқылы Буш әкімшілігі АҚШ-тан тыс жерлердегі, мысалы Ауғанстан және Кубадағы Гуантанамо Бей түрмелеріндегі, лаңкес деп күдікке ілінген тұтқындарға қарсы қатаң шараларын ақтап алуға тырысқан.

Тұтқындарға қатысты азаптау әдістері қолданылады деген тұрғыда Еуропада толқулар болып жатқаны белгілі. Сондай-ақ лаңкес деп күдікке ілінген тұтқындарды Шығыс Еуропа мен басқа да елдердегі құпия түрмелеріне жеткізу үшін Орталық барлау агенттігі Еуропа әуе жайларын пайдаланады, деген жаңа хабарлар тараған кезбен Райс ханымның мәлімдемесі тұспа-тұс келіп отыр. Ол хабарларда сондай жерлер ретінде Мысыр мен Пәкістан елдері аталуда.

Ендігі сауал Райс ханымның осы мәлімдемесі АҚШ саясатында болуы мүмкін өзгерістерден хабар бере ме, жоқ па? - деген тұрғыда қойылуда. АҚШ-тың сыртқы және қауіпсіздік саясаты бойынша сарапшысы Роберт МкГехан ондай өзгерістердің мүмкіндігі жөнінде Райс мәлімдемесі белгі беріп отыр, дейді.

«Қазіргі кезде ресми Уашингтон еуропалық әріптестерімен арадағы байланысқа және сындарға айрықша мән беруде», - дейді МкГехан.

Алайда Уашингтон өз бағытын өзгертпекші, деген пікірмен сарапшылардың бәрі бірдей келіспеуде. Мысалы, Нью-Йоркте орналасқан Хюман Райтс воч ұйымының баяндамасына сүйене отырып пікір білдірген, осы ұйымның зерттеушісі Джон Сифтонның пікірінше, басты проблема Буш әкімшілігінің азаптау жөніндегі жеке анықтамасында болып отыр.

Республикашыл сенатор, бұрынғы соғыс тұтқыны Джон МкЧейн ұсынған заңды Сенат көпшілік дауыспен қабылдаған болатын. Ол бойынша АҚШ-тан тыс жерлердегі америка азаматтары еместер үшін жұмыс істеген тұтқындау орындары заңды түрде жабылатын болады. Буш әкімшілігі әліге дейін бұл заңға қарсы тұрып келеді. Еуропаға сапары барысында, осы аптаның басында Райс ханым Германия мен Румынияда болды. Аталған хабарларда Румыния мен Польша елдері АҚШ-тың құпия түрмелерін өз жерінде ұстап отыр, деп күдікке ілінген болатын. Бұл екі ел де мұндай хабарларды жоққа шығаруда.
XS
SM
MD
LG