Accessibility links

Қостанай облысында бұрынғы ауыл әкімі бас бостандығынан айырылды


Қостанай облысының Ряжск ауылдық окургінің бұрынғы әкімі Бегім Жұмабаев екі жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қызмет бабын теріс пайдаланды деген айып тағылып отыр.

Бұл туралы “Азаттық” радиосына желтоқсанның 9-ы күні Қостанай облыстық экономика және сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталған департаменттің баспасөз қызметінің хабарламасына сүйенсек, бұрынғы ауыл әкімі 2004 жылы өткен Парламент сайлауы кезінде қызмет бабын теріс пайдаланған. Оған ҚР қылмыстық кодексінің 308-ші және 314-ші баптары бойынша айып тағылып отыр. Екі жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы әкім Бегім Жұмабаев 2004 жылдың тамыз, қыркүйек айларында Мәжіліс сайлауы кезенінде сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарады. Ол Ряжеск және Қаратерек сайлау бөлімшелеріне сайлау алды науқан және сайлау жұмыстарына заңсыз ақша бөліп, жалған құжаттар жасап толтыру арқылы мемлекет қаржысын жеке бас пайдасына асырған. Жалған құжаттар негізінде Ряжск және Қаратерек сайлау бөлімшелерінің комиссиясы болған 6 адамға 70 878 теңге ақы төлеп, оның 38 424 теңгесін өзі иемденіп кеткен. Сонымен қатар, Бегім Жұмабаев сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарына деп мемлекет тарапынан бөлінген 21000 тенгенің 18000-ын жалған құжаттар толтыру арқылы жеке бас пайдасына жаратқан. Осындай қылмыстары ашылған бұрынғы әкімді Қостанай облысының Ұзынкөл аудандық соты айыпты деп тауып 2 жылға бас бостандығынан айырған. Аудандық соттың шешімімен келіспеген Бегім Жұмабаев облыстық сотқа шағым түсірген. Алайда, облыстық сот бірінші аудандық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Алайда, саясаткер Төлен Тоқтасынов: “Мұндай оқиғалар Қазақстандағы коррупциямен күресті көрсетіп бере алмайды. Ең жоғарыдағы сыбайласқан жемқорлық қаралып отырған жоқ. Коррупциямен күресті жоғарыдан бастауымыз керек. Балық басынан шіриді дейді. Ең үлкен сыбайласқан жемқорлық ең үлкен билікте. Оған Америкада өтіп жатқан сот процесі дәлел. Қазіргі билік төменгі дейгейдегі ұсақ-түйек мәселелерді қарайды. Сонымен коррупциямен күресіп жатырмыз дейді. Қазақстанда қазіргі билік жүйесі өзгермейінше коррупциямен күрес белгілі бір нәтиже бере қояды деп айту қиын”, дейді.

“Бүгінгі жүйеде коррупциямен күрес нәтиже бермейді деп қарап отыруға болмайды. Бұл жерде жалпы күрестің жүргені дұрыс. Халық біліп отыруы керек. Қайда барсаңда қазір ақша ғой. Жылдар өткен сайын жемқорлық кең етек жайып келеді”, дейді коррупция тақырыбына жазып жүрген Қызылордалық тәуелсіз журналист Өмірзақ Асанов.

«Коррупциямен қалай күресу керек? Онымен күрес нәтиже береді деп ойлайсыз ба?» деген сауалға:

- Оппозиция елдегі жемқорлықтың деңгейі туралы талай-талай айтып жүр. Бірақ оған құлақ асар билік көрінбейді. Себебі, оппозициямен пікір алмасуға, әңгіме дүкен құруға, бірігіп жол түзеуге олардың құлықтары жоқ. Айтып-айтып қоятын болса одан түк те шықпайды”, - дейді Жантөре есімді азамат.

Ақылбек есімді азамат: “Жемқорлық бүкіл жер жүзінде бар. Ал, Қазақстанда міндетті түрде бар. Бүкіл бұхара халық араласпаса, онымен күрес нәтиже бермейді. Онымен күресу оңай емес”, дейді.
XS
SM
MD
LG