Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.10.2005 жыл


Желтоқсанның 10 күні жарық көрген басылымдар 8 жыл бұрын Қазақстан астанасын Астанаға көшіру туралы шешім қабылданғаны жайында, Қазақстанның ескі және жаңа сайланған президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа құттықтаулар келіп жатқаны туралы жазыпты. Сонымен қатар, сенбі күні шыққан мерзімді басылымдар Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов бостандыққа шықпай ма, деген мәселе төңірегінде сөз қозғаған.

Желтоқсанның 10-ы Астана күні, себебі осыдан 8 жыл бұрын Қазақстан президенті республика астанасын Алматыдан Ақмолаға, қазіргі Астана қаласына көшіру туралы жарлыққа қол қойған деп, жазады “Литер” басылымы сенбі күні жарық көрген санында. 8 жыл бұрын мемлекеттік шенеуніктер көшіп барған Астанада үкіметтің кезекті отырысы болғаны туралы “Егемен Қазақстан” газеті жазған. “Тұрғын үй: салынуы жақсы, сапасы ше?” деп аталатын мақала авторы республиканың бас министрі Даниял Ахметовтың бастамасымен өткен отырыста тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қортындыларын қарастырған. Үстіміздегі жылдың 11 айында қаржыландырудың барлық көздері бойынша 4 миллион шаршы метрден астам тұрғын үйлер ғимараты пайдалануға берілген. Олардың құрылысына 201,4 миллиард теңге инвестиция бөлінген. Үкімет жетекшісі Даниал Ахметов үйлерді тұрғызуда оның сапасы туралы ұмытуға болмайтынын атап өтті деп жазады “Егемен Қазақстан” газеті. Сонымен қатар бұл басылым өзінің сенбі күнгі санында Қазақстанның ескі және жаңа президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Молдова, Грузия елдерінің бұрынғы президенттері Петр Лучинский мен Эдуард Шеварнадзе, Кеңес Одағының экс-президенті Михаил Горбачев құттықтағанын жазған.

Қазақстан президентін көрші елдердің жетекшілері құттықтап жатқанын “Жас Алаш” басылымы да соңғы санында атап өткен. Бұл басылымда Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік қызметте тек Сапармұрат Ниязов ғана құттықтай алды, ал Грузияның бұрынғы жетекшісі Эдуард Шеварнадзе мен Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаевқа ондай “бақыт” бұйырған жоқ деп жазған “Жас Алаш”. Желтоқсанның 10-ы күні жарық көрген санында “Жас Алаш” газеті “Ғалымжан Жақиянов бостандыққа шыға ма, шықпай ма?” деген сауалға жауап іздеген.

Басылымның хабарлауынша, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақияновтың тағдыры газет оқырмандарын толғандырып отыр. Қазіргі кезде Ғалымжан Жақияновтың зайыбы мен оның достары ресми Астана не себептен Ғалымжанды бостандыққа шығармай отырғанын білмейді. “Ғалымжанды босатпауға биліктің ешқандай құқысы жоқ, себебі Қазақстанның заңы бойынша барлық процедуралық жағдайлар Ғалымжанды босату керек екенін тайға таңба басқандай етіп көрсетіп отыр”, - дейді Ғалымжан Жақияновтың серіктестерінің бірі Зауреш Батталова.

“Айқын” газеті сенбі күнгі санында Солтүстік Қазақстан облысының бір ауданында тұратын 21 адам бір мезетте ВИЧ инфекциясын жұқтырған деп жазады. Этикалық талаптарға сай мамандар оның қандай аудан және ауыл екендігін айтудан бас тартқан. Шағын ауылда халықтың барлығы бір-бірін танитын болғандықтан, дертке шалдыққан азаматтарға психологиялық жағынан қиын болмас үшін дәрігерлердің бұл ақпаратты жарияламай отырғаны түсінікті жағдай деп жазады “Айқын” басылымы. Сырқаттанғандардың барлығы дертті жыныстық қатынас арқылы жұқтырған. Айта кетерлігі, бұл аудан облыстың ең ірі астықты елді мекендерінің бірі болғандықтан бірнеше элеватор жұмыс істейді. Астық сатып алу үшін аудан орталығына іскер азаматтар республиканың түпкір-түпкірінен, тіпті Ресейден де ағылады. Осыны алға тартқан мамандар бұл дертті таратқан адам сырттан келген деген тұжырым жасап отыр.

“Казахстанская правда” газеті Қазақстанның Батыс өңіріне жыл сайын ұшып келетін аққулар саны көбейіп отырғанын жазған. Ақтау қаласы маңындағы Қаракөл көліне мамандардың айтуынша қыс маусымында келетін аққулардың саны 25 мыңдай құсқа жетеді. Олар бұл маңға 1970 жылдардың басында Иран мен Түркіменстаннан келе бастаған. Қазіргі кезде бұл құстарды тамашалау үшін көл маңына келушілер көп, олардың арасында некесін жаңа қиған жас жұбайлар да бар.
XS
SM
MD
LG