Accessibility links

Терроризммен күреске қазіргі әдебиет үлесін қоса алып отыр ма?

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Терроризммен күреске қазіргі әдебиет үлесін қоса алып отыр ма, жалпы, аталған тақырыптың бүгінгі әдебиетте көрініс табуы қандайлық деңгейде деген сауалдарға жазушылар мен сыншылар және әдебиет сүйер қауым түрліше пікір білдіріп отыр.

Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бүгінде дүниежүзінің ортақ індетіне айналып отырған терроризмге әлемдегі ақын-жазушылар да қалам-қарымымен өз қарсылығын білдіріп жатқанын айтады. Қазақстан аталған проблемамен бетпе-бет келіп отырмаса да, оның алдын-алу, онымен күреске үн қосу әрбір қазақстандық азамат үшін де парыз дейді ақын.

Дегенмен мұндай борышын сол террористік қан-құйлы оқиғалардың тікелей куәсі болып, салқынын сезінген бүгінде Қазақстанда тұрып жатқан шетелдік жазушы орындауға тырысыпты. Бұл қадамды қолдаған Олжас Сүлейменов:

«Оңтүстік-Африкалық жазушы Алон Давидовтың терроризм тақырыбына жазған романы арқылы ол осы мәселені шешуге деген өзіндік көркемдік ұстанымы оқырманын бей-жай қалдырмайды», - дейді.

Сондай-ақ Олжас Сүлейменов терроризмнің Таяу Шығыстан бұрын Оңтүстік-Африка Республикасында бастау алып, елдің дамуына үлкен кедергі келтірген оқиғалардың жазушыға маза бермей ақыры Қазақстанға тұрақ тапқанда көркем дүние болып жарыққа шығуы өзінше маңызды екенін айтады.

Ал терроризм тақырыбын қаузаған «Подделывая подпись бога» атты романның авторы Алон Давидов Оңтүстік-Африкада, Таяу Шығыста жүргенде көрген террористік актілердің өзіне қатты әсер етуі негізінде аталған шығарма дүниеге келді дейді.

Біз осы ретте қазақстандық жазушыларды терроризм тақырыбы қаншалықты қызықтырып отыр деген сауалды олардың өзіне қойған едік. Жазушы Герольд Белгер әлем зиялылары үн қосып отырған мәселеден қазақ жазушыларының тыс қалып жатқаны өкінішті екенін айтса, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов терроризмді көріп-білген тәжірибесі жоқ қазақ жазушылары үшін бұдан басқа да өз еліндегі тақырыптарды қаузай алмай ұятты болып жатқанын айтады.

Алайда Қазақстан Жазушылар Одағының екінші хатшысы, жазушы Талаптан Ахметжан жазушылардың қазір жалпы әдебиетке деген қызығушылығы төмендеп бара жатқанын айтып, әлеуметтік жағдайы түзелсе қазақ жазушылары да терроризм тақырыбына қалам тартатын болады дейді.
XS
SM
MD
LG