Accessibility links

Алматыда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің арнайы жұмыс тобының өкілдерінің мәжілісі басталды


Желтоқсанның 14-іне дейін жалғасатын бұл жолғы мәжілісте Азия құрылығындағы 17 мемлекеттің өкілдері экономикалық, экологиялық және гуманитарлық салада тығыз байланыстар орнату жайын сөйлесіп, сондай-ақ орын алуы мүмкін түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу шаралары бойынша өзара тәжірибе алмасып, осыған қатысты ұсыныс-пікірлер білдірмекші.

Дүйсенбі күні Алматыда басталған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) арнайы жұмыс тобының кезекті отырысын басқарған Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің халықаралық ұйымдар мен қауіпсіздік проблемасы жөніндегі департаментінің директоры Мұрат Тәшібаевтың айтуынша осы уақытқа дейін Азия құрылығында қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелерін кең көлемде сөйлесіп, бас біріктіретін осындай ұйым болған емес.

«1992-ші жылы алғаш Қазақстан ұсыныс жасап, сол бойынша құрылып отырған АӨСШК ұйымының ерекшелігі - ол Азия құрлығындағы барлық мемлекеттерді қамтып отырғандығында, сол үшін бұл форум өзінше ерекше болмақ», - дейді ол.

М.Тәшібаевтың айтуынша Азия құрлығындағы сенім мен қауіпсіздіқ үшін бір үстел келіссөзіне осыған дейін өзара кикілжіңге барған Үндістан мен Пәкістан немесе Израиль мен Палестина өкілдерінің бір-бірімен қатар отыруының өзі бұл кеңестің қаншалықты маңызды екендігін білдірмекші. Оның айтуынша өткен жылдан бері АӨСШК ұйымының хатшылығын құруға қатысты келісімді дайындау үшін арнайы жұмыс тобы белсенді жұмыстар атқарып келді. Сол бойынша дайындалатын құжат құқықтық негізге сүйенген арнайы құжат болмақшы. Келісімде хатшылықтың құрылымы, оны қаржыландыратын көздері - бәрі анық көрсетілмек.

«Келісімге 2006 жылы жазда болатын АӨСШК-не мүше мемлекеттердің басшыларының екінші саммитінде қол қойылады», дейді М.Тәшібаев мырза.

Түркияның өкілі, Түркияның сыртқы істер министрлігінің халықаралық ұйымдар департаментінің бөлім бастығы Жейлан Оскипер ханымның айтуынша Түркия оу бастан Азиядағы сенім шаралары мен қауіпсіздіктің болуын ойластырған АӨСШК секілді кеңес не форумның болуын қызу қолдаған ел.

«Алдағы уақытта осы кеңес көтерген іс-шаралардың жүзеге асатындығына сеніміміз зор», - дейді Түркия өкілі.

Ал Израиль өкілі, Израильдің сыртқы істер министрлігінің аймақтық қауіпсіздік департаментінің директоры Амнан Эфраттың айтуынша, АӨСШК-нің осындай отырыстарында жуырда Иран президенті тарапынан өз еліне қатысты айтылған қатаң мәлімдемені де сөйлесу артық болмайтын көрінеді. Моңғолияның Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Долгорсүрэн Лхамсүрэн ханымның айтуынша, осы жолы кеңеске мүше елдердің өкілдері сөйлесіп талқылап отырған мәселелер өте қиын әрі күрделі мәселелер болмақ.

«Кейде қатаң пікір таластар да болып жатады, кейде амалсыз көнуге мәжбүр болатын жағдайлар да кездеседі», - дейді ол.

Ал Қырғызстанның Қазақстандағы бас консулы Сұлтан Закировтың айтуынша Орталық Азия аймағында орналасқан кейбіл елдерде орын алған төңкеріс, дағдарыстардан кейін аймақтың қауіпсіздігін күшейту, аймақтағы елдердің ынтымақтастығын жақсарту ісінде АӨСШК ұсыныстарының маңызы зор болмақ.
XS
SM
MD
LG