Accessibility links

Қазақстанның халық әншісі Мақпал Жүнісованың адвокаты әншінің үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін дейді


Белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділовтың жұмбақ өліміне бір ай толса да, бұл қазаның төңірегінде құпиялар көп болып, әлі күнге дейін түрлі болжамдар жасалынып келеді. Ресми орындар белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділов өзін-өзі өлтіруі ықтимал деген мағынадағы мәлімдеме жасағаннан кейін, оның артында қалған жары Мақпал Жүнісова бұқаралық ақпарат құралдары арқылы олардың келтіріп отырған уәждерімен келіспейтіндігін білдірген еді. Желтоқсанның 13-күні Заманбек Нұрқаділовпен соңғы уақыттары жақсы араласқан өнер адамдары заң орындары қызметкерлерінің жүргізіп жатқан тергеу барысымен өздерінің келіспейтіндерін айтып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жазатындықтарын мәлімдеді.

Белгілі оппозиционермен жақсы араласып тұрған азаматтардың бірі жазушы Ғаббас Қабышұлының айтуынша, өмірінің соңғы кезінде Заманбек Нұрқаділовпен сырласқан кезінде ол, әдеби аудармамен қатты шұғылдануға бел буғандығы туралы әңгімелеп берген. Сол себептен де жазушы Ғаббас Қабышұлы алдына талай жоспарлар қойған белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділовтың өзін-өзі өлтіруі ақылға симайды деп есептейді.

“Жас Қазақ” басылымының бас редакторы Қалдыбек Құрманәлі ресми ақпарат құралдарының Заманбек Нұрқаділовтың қазасына байланысты белгілі бір тараптардың ғана пікірлерін беретіндігін айтып, заң орындарының тергеуді қалай жүргізіп жатқандығына разы емес екендігін білдірді. Өмірінің соңғы жылдарында оппозиция қатарына өткен, Заманбек Нұрқаділовтың жұмбақ қазасынан кейін кейбір сарапшылар тарапынан бұл өлімнің артында саяси мақсат жатуы мүмкін екендігі туралы да болжамдар жасалынған еді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жұмбақ қазаны тексеруге өз тарапынан тапсырыс бергеннен кейін, Қазақстанның Ішкі Істер Министрі Бауыржан Мұхамеджанов қарашаның аяғында тергеудің қалай жүргізіліп жатқандығынан жұртшылықты хабардар еткен болатын. Өз сөзінде Бауыржан Мұхамеджанов соңғы уақыттары Заманбек Нұрқаділовтың шаңырағында, отбасылық себептен түрлі кикілжіңдердің орын алып тұрғандығы туралы тергеу орындарында ақпарат бар екендігін айтып, осы жағдайлардың оның өліміне себепші болуы мүмкін екендігін хабарлағаны белгілі.

Ал, желтоқсанның 13-күні тергеу орындарының жұмыстарына разы емес екендіктерін білдірген, Заманбек Нұрқаділовпен жақсы араласып тұрған өнер адамдары Мақпал Жүнісова мен оның күйеуінің арасында өзін-өзі өлтіруге әкелуі мүмкін ешқандай да кикілжіңдердің орын алмағандығы туралы бейнетаспаларды көпшіліктің назарына ұсынды. Олардың айтуынша, өлерінен аз уақыт бұрын ғана Заманбек Нұрқаділов жұбайы Мақпалға шетелден арнайы әкелген ондаған мың гүл силап, оған арнап шығарған өлеңін оқып берген.

Сейсенбі күні Мақпал Жүнісованың адвокаты Серкқали Мусин “Азаттық” радиосына берген сұхбатында тергеу орындарының белгілі әншінің үстінен қылмыстық іс қозғауы мүмкін екендігін хабарлады. Серікқали Мусиннің айтуынша, егер де тергеу орындары Заманбек Нұрқаділов өзін-өзі өлтірді деген қорытынды жасаса, онда олар күйеуін осындай жағдайға жеткізгені үшін деген желеумен Мақпал Жүнісованың үстінен қылмыстық іс қозғауға мәжбүр болады.

Ал, тергеу жұмыстарының қалай жүріп жатқандығынан мағлұмат алу үшін Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқан “Азаттық” тілшісіне аталған мекеменің өкілі Ернұр Уәли әзірше бұл іс жөнінде ешқандай да жаңа деректердің жоқ екендігін айтып, қысқаша жауап берді. Сондай-ақ, осы мәселеге байланысты тағы да бірнеше құзырлы мекемелерге сұрау салғанымен, олардан радио тілшісіне мардымды ақпарат берілмеді.
XS
SM
MD
LG