Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.13.2005 жыл

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда елдің әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің бірқатар проблемасы мен мұнай-газ мәселесіне қатысты мақалалар жарияланыпты.

13 желтоқсан күнгі санында «Казахстанская правда» газеті Қазақстанның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытуға қатысты проблемаларға кеңірек тоқталыпты. Бұл тақырыпты қаузауға дүйсенбі күнгі ҚР парламенті мәжілісіндегі үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсованың баяндамасы бірқатар депутаттар тарапынан сынға ұшырауы себеп болған екен. Соңғы жылдары Қазақстанның әлеуметтік бағдарламаларын қаржыландыру екі есеге артқанымен депутаттардың пікірінше зейнеткерлердің зейнетақы мәселесі сол күйінше қалып отыр. Айталық, 2000 жылға дейінгі уақытта зейнетақыға шыққан зейнеткерлердің еңбегін дұрыс есептеу мәселесін депутаттардың көтеруі орынды дейді мақала авторы Наталья Васильева. Сондай-ақ депутаттар бұл мәселеде шешілуі тиіс басты проблема ретінде зейнеткерлердің зейнетақысын бір айға кешіктіріп емес, яғни бір ай алға жылжытып, дер уақытында төлеу қажеттігін құзырлы министрліктен талап етуі де орынды ұсыныс болып отыр дейді автор.

Алайда аталған тақырыпты басқа қырынан көтерген «Егемен Қазақстан» газеті өзінің сейсенбі күнгі санында бұл жайтқа орайғы жазылған мақалаға осы мәселені меңзей отырып, «Жалғыз министрліктің жұмысы ма еді» деген түйін жасайды. Мақала авторы Асқар Тұрапбайұлының айтуынша, Гүжан Қарағұсова бастаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолынан келгенінше елдің әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмыс істеп жатыр. Соңғы жылдары елдегі жұмыссыздар саны күрт азайып, олардың дені жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік бағдарламаларға бөлінетін қаржының да көлемі ұлғайған. Дейтұрғанменде басқа да мың сан бұл тұрғыдағы проблемаларды жалғыз министрлік деңгейінде шешу мүмкін емес екенін уақыт көрсетіп отыр дейді мақала авторы. Айталық Қазақстан бойынша салыстырмалы тұрғыдан алғанда қара алтын-мұнай мен газдың үстінде отырса да кедейлік деңгейі жөнінен елдің ең артында қалған Атырау мен Маңғыстау облыстары халқының әлеуметтік жағдайын көтеру сынды басқа да бұл реттегі мәселелер үкіметтің бас ауыртар проблемасы іспетті дейді Асқар Тұрапбайұлы.

Ал осы Қазақстанның батыс өлкесіндегі мұнай құбырларының жаңа көкжиегі ашылып келе жатқанын желтоқсанның 13-і күнгі санында «Экспресс К» газеті айтады. «Атасу – мұнай бұлағының бастауы» атты мақаланың авторы Ержан Болатов: «Шағын ғана Атасу ауылы енді мұнайлы әлемге әйгілі болады» - дейді. «Атасу-Алашанқай» мұнай құбыры Қазақстан үшін жаңа жұмысшы орындарының ашылуымен қатар ел бюджетіне қосымша салық түсімдерімен де ерекше жоба болмақ дейді мақала авторы. Сондай-ақ аталған материалда Еуразия аймағы үшін стратегиялық маңызы зор және Қазақстанның мұнай тасымалындағы басты бағыт болып саналатын «Атасу-Алашанқай» мұнай құбырының тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында іске қосылатындығы айтылыпты.

Дегенменде осы тақырыпты және бір қырынан талқылаған «Жас Алаш» газеті өзінің сейсенбі күнгі санында «Халықтың байлығын «ҚазМұнайГаз» жеп жатыр ма?» деген сауал тастапты. Онда аталған компанияға қатысты депутаттардың наразылығын білдіре отырып, орын алып отырған ірі көлемдегі қаржылық қайшылықтар турасында сөз болады. «Нефтехиминвест» компаниясының президенті Жанұзақ Әкімов бұл жайтқа орай: «Ұлттық компаниялардың қай-қайсысының да «қолы» таза емес. Оларды жыл сайын тексеріп тұру қажет. Әйтпесе, халық байлығы толассыз жұтылып кете береді. Қазір депутаттардың қолында ықпал ететін ешнәрсе жоқ. Жармахан Тұяқбайдың қазіргі жүйеге қарсы шығып, депутаттықтан бас тартқаны да содан деп ойлаймын. Депутаттар қуыршақ сияқты ешнәрсе істей алмайды» деген пікір білдірген.
XS
SM
MD
LG