Accessibility links

Оппозиция өкілі сайлау қорытындысы бұрмаланды деп Орталық сайлау комиссиясына ашық хат жолдады

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Желтоқсанның 13-і күні оппозиция белсендісі Ораз Жандосов Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековке ашық хат жолдады. Ашық хатта оппозиция өкілі Қазақстан бойынша 3500 сайлау учаскесінің тең жарымына жуығында заң бұзушылықтар мен бұрмалаушылықтар орын алғанын алға тартып, Орталық сайлау комиссиясынан жалпы Қазақстан көлеміндегі 10000 сайлау бөлімшелерінің хаттамаларын талап етіп отыр.

“Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының баспасөзбен байланыс жөніндегі қызметкері Айдос Сарым: “Оппозиция өкілдерінің сайлау қорытындысының бұрмаланғанына көздері жетіп отыр. Оны бұқара халыққа дәлелдеу үшін біз біріншіден, қолымызға Орталық сайлау комиссиясынан 10 мың сайлау бөлімшесінің хаттамаларын, екіншіден, сайлау бөлімшелеріндегі сайлаушылардың сайлауға келгендігі туралы құжаттарын сұрап отырмыз. Егер осы құжатты Орталық сайлау комиссиясы бізге беретін болса, біраз мәселенің беті ашылғалы тұр. Мысалы, Қызылорда облысындағы N44 сайлау бөлімшесінде “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысы бақылаушыларының хаттамалары бойынша, Жармахан Тұяқбайға 1151 сайлаушы, ал Нұрсұлтан Назарбаевқа 306 сайлаушы даусын берген. Бұл дерек Орталық сайлау комиссиясының веб-парақшасында ілінген деректерде керісінше көрініс тауып отыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады” дейді.

Сейсенбі күні “Азаттық” радиосына Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен: “Оппозиция өкілдерінің Орталық сайлау комиссиясына жолдаған ашық хатымен таныс емеспін. Оппозиция ашық хат жолдаса таяу күндері тиісті жауап берілетін болады. Ол біздің міндетіміз”, деді.

“Оппозиция тарапынан айтылып жатқан заң бұзушылықтардың кейбірі, әрине, сайлау кезінде орын алды. Мысалы, дауыс беретін кабиналардың жабық болуы деген сияқты. Бірақ дауыс санау кезінде сайлау қорытындысына әсер ететіндей заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Мен Қазақстанның азаматы ретінде бұл сайлауды әділ өтті деп айтар едім”, дейді сайлауға тәуелсіз бақылаушы болған “Түркістан” газетінің тілшісі Нәзия Бисенова. Оның айтуынша, сайлаудың ашық әрі әділ өткендігін халықарпалық байқаушыларда мойындады. Оппозицияның жеңіліс табуына басты себеп – сайлаушылардың оппозицияға деген сенімінің төмен болуы. Украина, Грузия, Қырғызстандағы жағдайлар сайлаушыларды оппозицияны жақтауларына емес, керісінше олардан бойларын аулақ салуларына әсер еткен.

Сайлауда тәуелсіз бақылау жасадым деген Шадияр Өтемісұлы: “Мен азамат ретінде өткен сайлауды біздің мемлекетіміздің әлем жұрты алдында беделін түсірген сайлау болды деп айтар едім. Себебі, бұл сайлауды өзім аралап көрдім. Бір мысал айтайын өзім кездесіп әңгімелескен бір аспазшы әйелдің ұлы 18-ге толып сайлауға қатысыпты. Сонда оның ұлы дауыс берген сайлау бөлімшесінде сайлауға алғаш қатысқан адамға 10 бланка толтырып, он рет дауыс берген. Сонда кімге дейсіз ба? Әрине, Назарбаевқа. Осындай жағдайлар өте көп болды. Сайлаудa оппозицияға ешқандай мүмкіндік жасалған жоқ”, дейді.

Ал Орталық сайлау комиссиясына ашық хат жолдаған оппозиция өкілдері болса таяу уақытта Қазақстан бойынша сайлау бөлімшелерінде сайлау кезінде орын алған бұрмалаушылықтарды бұқараға жария етпек.
XS
SM
MD
LG