Accessibility links

Ирақ жері әлі толық зерттелмеген көне жәдігерлерге бай


Елде орын алып отырған бей-берекеттіктерге орай археологтар Ирақта жұмыс істеуден қашқақтап отыр. Ал, Күрд әкімшілігінің басқаруындағы солтүстік Ирақта қазба жұмыстарын жүргізуге жағдай бар, дейді ресми басшылар. Аталған аймақта тарихи орындар өте көп. Алайда оның кейбірінде ғана қазба жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, аймақ астанасы Ирбил қаласы бірнеше көне өркениет жәдігерлерінің үстіне салынған десе болғандай. Олар өз зерттеушісін күтуде.

Ирақ даласы мыңжылдықтар барысында өз қойнауына талай тарихи сырды көмкерген десе болады. Әлемдегі ең ірі археологиялық байлық мекені бола тұра бұл елдегі қазба жұмыстарымен айналысуға аздаған зерттеушілер ғана құлықты болып отыр. Оның себебі-елдегі қауіпсіздік жағдайы. Германиялық археолог Сюзан Остхоф өткен айда кепілдік тұтқынға алынғалы бері ондай үрей мен сенімсіздік сезімдері көбейе түскен. Дей тұрғанмен елдің солтүстігіндегі Күрд әкімшілігі аймағындағы мұндай тарихи орындарда зерттеу жұмыстарын жүргізуге толық қауіпсіздік мүмкіндіктері бар, дейді аймақ басшылары.

Солардың бірі аймақ астанасы Ирбилдегі биіктігі 36 метрге жететін тарихи қамал-қорған болып отыр. Бұл қорғанның тұрғындары көп-ақ. Лолан Мұстефа осы қорған ішіндегі бірнеше үйлерден Тоқыма бұйымдар музейін ашқан екен. Ол өз сөзінде, “Тарихшылар мен археологтардың айтуынша бұл қорғанның 6 мың жылдық тарихы бар. Мұнда адамдар үздіксіз тұрып келеді. Қазіргі кезде 4 мың мен 5 аралығында тұрғындар бар”, деді Мұстефа «Азаттық» радиосы тілшісіне.

Канан Муфти - батыс Күрдістан аймағындағы Ежелгі жәдігер орындар бойынша ұйымның бас директоры. Оның айтуынша, мұнда мекендеген халықтар тағдырын қамтыған, толыққанды зерттеу әлі жүргізілген емес. Загрос тауларының етегіндегі, қос өзеннің құйылысында орын тепкен осы бір ғажайып тарихи қорғанды қаншама ұлттар мен халықтар мекендемеді десеңізші.

Муфтидің сөзіне қарағанда, сол тұрғын халықтардың, қазір Ирбил деп аталатын, осы қорғанға, тарихтың аударылып кеткен беттерінде, әртүрлі атаулар беруінің өзі бір шежіре дерсің. Мысалы, шумерлер оны Урбилон десе, ал ассириялықтар Арбаилло деп атап, өздерінің ең басты қалаларының бірі ретінде мақтан тұтқан. Ескендр Зұлқарнайын тұсында бұл қаланы Арбелла деп атаса, ал күрдтер күні бүгінге дейін Хевлер деп келеді.

Қорғанның бүгінгі көрінісі болса, Ирақтың бұрынғы елбасы Саддам Хусейн кезінде болған соғыстың жаңғырығына айналған жайы бар. Оның себебі 1980-ші жылдары Саддам Хусейн әскері Иранмен арадағы соғыс кезінде, осы аймақтағы көтерілісшілерді басу және шекараға жақын маңды тазарту мақсатында арнайы әскери шаралар жүргізген. Осы мақсатта күрд ауылдары арнайы сүзгілерден өткен. Таулы аймақ тұрғындарын ол жерлерден қуу үшін ауылдарға газ шашылған. Әлгі жағдайдан босып шыққан тұрғындар Ирбилге келіп, сол кездегі ең арзан мекен-жай ретінде осы тарихи қорған ішіндегі үйлерді таңдаған екен. Бұл үйлер өмір сүруге қолайсыз болғандықтан да, оның тұрғындары өкімет тарапынан өздеріне болашақта жайлы үйлер берілер, деп сенеді.

Аталған қамал-қорғанға халықаралық қызығушылық артып отырған тұста ондай арманның жүзеге асуының қолайы келіп тұрғандай. Атап айтқанда, ЮНЕСКО тарапынан бұл тарихи жерде қазба жұмыстарын жүргізудің алғашқы зерттеулері қаржыландырылуда. Осыдан он жылдай бұрын Бағдатта тіркелген каталог мәліметіне қарағанда, Күрд аймағында ұзын саны 3 мыңдай тарихи орындар бар. Муфтидің айтуынша соның тек 25-тейінде ғана қазба жұмыстары жүргізілуде екен.
XS
SM
MD
LG