Accessibility links

К.Райс Ирақтағы демократия процесіне бүкіл әлемнің қолдауын талап етеді


АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы К.Райс Ирақтың демократия жолына түсуіне кең қолдау көрсете бастаған халықаралық қауымдастыққа өзінің алғысын білдірді. Алайда Вашингтон Саяси Институтына қарайтын “Мұрагер” Қорында (Heritage Foundation) сөйлеген сөзінде К.Райс ханым Таяу Шығыс елдерін Ираққа деген өз көмектерін кеңейтуге шақырып, Иран басшылығының Ирақта атқарып жатқан рөлін өткір сынға алды. Сонымен қатар мемлекеттік хатшы С.Хусеиннің әскери қылмыстарын қарап жатқан сот процесіне атсалысудан бас тартқаны үшін халықаралық қауымдастықты сынға алды.

К.Райс Ирақтағы демократиялық процеске халықаралық қауымдастықтың қосқан үлесін негізінен жақсы бағалады. Оның айтуынша, Польша, Румыния, Босния және т.б. елдердің 22 мыңдық қауіпсіздік күші Ирақтағы қауіпсіздікке белсенді түрде атсалысып жатыр. К.Райс, сондай-ақ, Ирақтың қауіпсіздік күштерін жаттықтырып жатқан НАТО-ны, Ирақты өз қатарына қабылдаған Араб елдерінің Лигасын, несие бөліп жатқан Дүниежүзілік банкті және Ирақтағы ахуалды тұрақтандыруға байланысты Қарар қабылдаған БҰҰ-ын атап өтті. Мұның барлығы, деп мәлімдеді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы, Ирақтағы демократияны нығайтуға және сонымен қарама-қатар осы аптадағы өте маңызды парламент сайлауын ойдағыдай өткізуді көздеген халықаралық қауымдастықтың іс-қимылы болып табылады.

“2 күннен кейін ғана бүкіл Таяу Шығыс аймағындағы нағыз демократияшыл лидерлерін сайлайтын Ирақ халқы – дүние жүзінің басым бөлігінің моральдық, қаржылық және дипломатиялық қолдауымен өзінің жаңа тарихының іргетасын қалайды. Егер сіздер осыдан 3 жыл бұрын ғана әлемнің қалай бөлінгені тұрғысынан қарайтын болсаңыздар, бұл өте тамаша құбылыс”, - деді К.РАЙС.

Әйтсе де Ирақтың бұрынғы диктаторы С.Хусеин мен оның 7 сыбайласының әскери қылмыстарын қарап жатқан Ирақтағы сот процесіне халықаралық қауымдастықтың бір кісідей атсалыспай отырғанына К.Райс ханым өзінің өкпе-назын білдірді. Ирақтағы осы бейсенбіде өтетін парламент сайлауына байланысты 2 апталық үзіліс жариялаған сот процесіне БҰҰ-ының қолдауы ауадай жетпей жатыр. Ұлттар Ұйымы Ирақта өлім жазасының қайта қалпына күшіне енуіне түбегейлі қарсы болып отыр. Халықаралық сарапшылардың Ираққа барудан бас тартуына себеп болған тағы бір өзекті мәселе – Ирақта қауіпсіздіктің жоқтығы. АҚШ пен ағылшын күштері ең алдымен Ирақтағы сот процесіне қатысқан заңгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. К.Райстың айтуынша, Ирақ үкіметінің ондаған жыл бойы биліп-төстеген қанішер диктаторды әділ жазаға тартуына халықаралық қолдаудың болмауы бөгет болып жатыр.

“Адамның құқын және құқық нормаларын құрметтеймін, қорғаймын деген кімде-кім Ирақ халқының бүкіл әлемдегі ең қанкешті тиранды әділ соттың жазасына тартуына көмек беруге міндетті. С.Хусеиннің ісін қараған сотқа халықаралық қауымдастықтың бір кісідей байкот жариялауы – Ирақ халқына бөгет болады. Осы күні Ирақ халқы өзінің С.Хусеин ұзақ уақыт аяққа таптап келген бостандығы мен әділдікке көп үміт атып отыр”, - дейді К.РАЙС.

Сонымен қатар АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы террористердің Ираққа қарай өтуіне Сирия мүмкіндік беріп отыр деген ресми Вашингтонның мәлімдемесін қайталап айтты. Ол сондай-ақ Иранды Ирақтың ішкі істеріне килігіп отыр деп өткір сынға алды. Ол Иранның жарылғыш технологияларын Ираққа экспорттап жатқаны туралы ағылшындардың дәлелдерін тізіп келтірді. К.Райс, нақты айғақтар келтірмей-ақ, “астыртын түрде Ирақтың саясатына ықпал еткісі келеді” деп ресми Теһранды жазғырды.

Айтқандай-ақ, АҚШ-тың ресми өкілдері Иран билігін Ливандағы, Палестина жеріндегі және Ирақтағы демократиялық реформаларға бөгет қоюға тырысып жатыр деп әлденеше рет айыптады. Өз кезегінде к.Райс ресми Теһранның осындай іс-әрекетіне халықаралық күштердің қарсы тұратын мезгіл келді деп мәлімдеді.

“Шынында да мен Таяу Шығыстағы тұрақты да демократиялық процестерге Иранның тосқауыл болып отырғанын ашық айту керек, атап көрсету керек және халықаралық қауымдастық оған қарсы тұрудың амалын табуға тиіс деп ойлаймын”, - деді К.РАЙС.

Иранның ядролық энергия өндіру бағдарламасы төңірегіндегі дағдарысты шешу үшін ресми Теһранмен арада дипломатиялық қарым-қатынасы жоқ Америка Құрама Штаттары Еуропа Одағымен қоян-қолтық әрекет етіп келеді. Ресми Вашингтон осы ядролық бағдарламасын құпия түрде іске асырып жатқан Иранды ядролық қару шығаруды көздейді деп есептейді.
XS
SM
MD
LG