Accessibility links

Президенттің жақын туысы басқаратын қозғалыс саяси партияға айналмақ


Желтоқсанның 13-күні Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды жетекшілік ететін «Ақ орда» қозғалысы мен «Жасыл ғаламшар үшін» экологиялық қозғалысы бірлесіп жасылдар партиясын құратындарын мәлімдеді. Олар мұны елде қоршаған ортаны ластаудан сақтайтын экологиялық заңдардың жеткіліксіз болуымен байланыстырады. Ал оппозиция өкілдері бір президенттің отбасына екі саяси партия аздық етіп отыруының себебін, келесі жылы саяси партиялар тізімімен елде парламент сайлауы өтуі мүмкін екенін айтып, билік сол парламенттегі орындарды да өздері иемдену үшін қазірден қам жасап жатыр, деп түсіндіреді.

Президент сайлауы өтіп, саяси қарбалас саябырсыған шақта Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мұсылмандардың басын біріктірем деп жүрген немере інісі Қайрат Сатыбалды енді жасылдардың басын қоспақшы. Сейсенбі күні Қайрат Сатыбалды төрағалық ететін «Ақ орда» қозғалысының өкілдері енді «Жасыл ғаламшар үшін» экологиялық қозғалысымен бірлесіп, «Менің Қазақстаным» деп аталатын экологиялық партия құрғалы жатқандарын мәлімдеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тәуелсіздік күні, яғни 16-желтоқсан күні партияның құрылтай съезін өткізіп, содан кейін әділет министрлігіне тіркелу үшін құжаттарын тапсырмақ.

«Жасыл ғаламшар үшін» экологиялық қозғалысының төрағасы Мұсағали Дуанбеков жасылдар партиясын құрудағы мақсат - елде қоршаған ортаны қорғайтын экологиялық заңдар жеткіліксіз, соны Парламент арқылы күшейтуге атсалыспақпыз дейді. Ал Қазақстанда жақында ғана болып өткен президент сайлауына үміткер ретінде қатысқан эколог, «Табиғат» қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов өзінің бастамасын өзге біреулердің іліп әкеткенін құп көрмейді:

– Күшті бөлген дұрыс емес деп санаймын, менімен ақылдасса зиян болмас еді.

Бірақ та жасылдар партиясын құрушылардың бірі Мұсағали Дуанбеков экологиялық партия құру жайлы бастаманы Мэлс Елеусізовтен бұрын жария еткенмін дейді:

– Экологиялық партия құрамын деп теледидардан жария еткеннен кейін Мэлске қолымды беріп, бірге болайық деп ұсыныс жасағам, бірақ ол 19 күннен кейін бөлек партия құрам деп теледидар арқылы жариялады.

Ал Мэлс Елеусізов өзінің осы жолы президенттік сайлау додасына түсуінің бір себебі партия құру туралы ниет болғанын айтады. М.Дуанбеков келешекте өздерінің қатарына экс-кандидат М.Елеусізов те қосылады деп үміттенеді. Бірақ, эколог М.Елеусізов президенттің немере інісі құрғалы жатқан жасылдар партиясына қосылмайтындығын айтып отыр. Қазақстандық оппозициялық күштердің басын біріктіретін «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Серікбай Әлібаев президенттің немере інісінің әрекетін саяси өзгерістер алдындағы жанталас деп сипаттайды:

– Менің ойымша, 2006 жылы Парламентке партия тізімімен қайтадан сайлау болады. Ал бір президенттік отбасына екі партия аз болып тұр. Көбірек депутаттардың мандаттары керек ғой. Соған дайындық деп есептеймін.

Ал жасылдар партиясын құрушылар болса өздерінің бұл бастаманы өткен күзде көтергенін, алайда елде президент сайлауының өтуін күткенін алға тартады. Бірақ, оппозициялық күштердің өкілі Серікбай Әлібаев Қайрат Сатыбалды жасылдар партиясын құрып, экологиялық мәселелерді шешіп тастайды дегенге өзінің сенбейтінін айтады.

Сонымен, егер Қазақстанда президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды бастамашыл болып отырған «Менің Қазақстаным» экологиялық партиясы құрылса, онда қазіргі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелері басқаратын үш партия және бір қозғалыс болмақ. Қазіргі таңда Қазақстанның қоғамдық-саяси сахнасында президенттің өзі көсемі болып саналатын «Отан» партиясы, президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева төрайымдық ететін «Асар» партиясы және президенттің екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаев құрған «Атамекен» республикалық кәсіпкерлердің ұйымы жұмыс істейді.
XS
SM
MD
LG