Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.14.2005 жыл

  • Гүлмира ХАМЗА

Желтоқсанның 14 күні жарық көрген мерзімді басылымдарда Қазақстан шенеуніктері сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама әзірлегенде ерекше бір заңнама әзірлеуді көздеп отырғаны туралы жазған. Келер жылдан бастап Қазақстанның денсаулық сақтау саласында бірыңғай ақпарттық жүйе жасалатын болады. Қазақстандық газеттердің хабарлауынша, осы мақсатқа алғашқы кезеңде мемлекеттік бюджеттен 8 миллиондай теңге көлемінде ақша бөлінеді.

“Егемен Қазақстан” басылымы сәрсенбі күнгі санында республика президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын сақтау мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болғаны туралы жазған. Онда Қазақстан үкіметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық заңнаманы жетілдіру жөнінде жұмыс жүргізген кезде, ең алдымен сыбайлас жемқорлықтың салдарын ғана емес, оны туындататын себептер мен жағдайларды жоюға бағдар алатындығы туралы айтылған. Комиссияның осы күнге дейін атқарған істері мен болашаққа жасап отырған жоспары туралы баяндаған. Сонымен қатар “Егемен Қазақстан” газеті сәрсенбі күнгі санында соңғы 3 жылда атқарған жұмыстарының қортындысын шығару алдында Ауыл шаруашылығының мамандары мен жергілікті билік өкілдері Астанада кездесіп, әлеуметтік, экономикалық саясаттың бағыттарды анықтағанын жазған.

“Қазақтың қасқа сиыры қайда?” деген мақаланы сәрсенбі күні “Айқын” газеті жариялаған. Онда мақала авторы Қазақ жеріне бұл асыл тұқымды жануардың арғы атасы 1932-37 жылдары әкелген. Яғни ағылшын мен Уругвайдың асыл тұқымды сиырларымен будандастыру арқылы осы жаңа тұқым шығарылған. Алдымен сиырлар 1932 жылы “Қалбатау” елді мекенінде орналастырып, осында өніп-өскен. Соғыс кезінде аталған мал зауыты қиыншылыққа ұшырап Семей өңірінің “Шалбай”, “Шегелек” деген елді мекендеріне көшіріледі. Күні бүгінге дейін аталған шаруалықтар осы сиыр тұқымын өсіріп келеді. Бұдан біраз жылдар бұрын атақты ақ бас сиырдың тұқымынан бас жібі ғана қалған кез болған. «Амал қанша, қасқа сиыр нарық қысқан уақытта елге де, үкіметке де қажет болмай қалды. Тек асыл тұқымды мал зауыты ғана әупіріммен сақтап қалған. Бүгінгі таңда мамандарды бұл сиырға деген бағаның төмендігі алаңдатып отыр. Осыған байланысты мамандар қасқа сиырға мемлекет тарапынан қолдау болса деген ойда» деп жазады “Айқын” басылымы.

Денсаулық саласында бірыңғай ақпараттық жүйе болатынын Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев мәлімдегенін “Аргументы и Факты Казахстан” газеті жазып отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекеттік бюджеттен алғашқы кезеңде 8 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр. Ал 2008 жылдан бастап Қазақстанда бар денсаулық сақтау заңдары бір заңнамаға шоғырланады. Мұндай ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарына жариялаған Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев денсаулық сақтау саласында бар заңдар қазіргі күн талабына, жүргізіліп жатқан реформаларға сай келуі керек дегенді айтқан.

Қазақстандық бидайдың сапасын жақсарту үшін республиканың ауыл шаруашылығының мамандары егіс даласының көлемін қысқартуды көздеп отыр. Бұл туралы желтоқсанның 13-күні республиканың Ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзахметов жариялады деп жазады “Экспресс К” газеті. Бұл жоспарды іске асыру үшін арнайы бағдарламаларды жүзеге асырғысы келіп отыр. Мамандардың айтуынша, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін шаруалар ескі әдет бойынша жұмыс істегісі келеді. Арнайы ереженің сақталмағанының салдарынан бидай сапасын жоғалтып келе жатыр. Осының салдарынан шауарлар өзі өсіріп, еккен бидайын қымбат бағаға сата алмайды. Бұл мәселені ретке келтіру үшін мамандар әзірленген бағдарлама 5 жылға жоспарланған, бұл бағдарламаны іске асыру үшін мемлекет бюджеттен 91,1 миллиард теңге бөлінеді деп күтіліп отыр, делінген “ЭкспрессК” газетінде.

Қазақстанның Әділет министрлігі заң жобаларды мемлекеттік тілде даярлау ісін қолға алатынын “Заң” газеті жазып отыр. Әділет министрлігі мамандарының айтуынша, үстіміздегі жылы министрлікте шыққан бұйрыққа байланысты республикадағы аумақтық әділет органдары мен мекемелік бағынышты 187 ұйымда іс қағаздарды мемлекеттік тілге көшірілу жүзеге асырылған. Өткен 3-4 жылмен салыстырғанда мемлекеттік тілді үйренушілер саны 7 есеге көбейген, деп жазады “Заң” газеті сәрсенбі күні жарық көрген санында. Мемлекеттік тілді толыққанды үйрету үшін Әділет министрлігінің мамандары түрлі шараларды іске асырып отыратындығы да айтылған. Қалай болғанымен, мамандар бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстарды одан әрі жандандыра түсіру керек деген ойда, деп жазады “Заң” газеті.
XS
SM
MD
LG